Орталық қалалық үлгілі кітапханасында «Ұлттық қолөнер                                   тәрбие көзі» атты арт кездесу  өтті. Шығармашылық кештің мақсаты – жас буынның өз бойларындағы жасырынып жатқан шығармашылық қабілеттерін ашу және шыңдау болды. Кешіміздің қонағы болып Кенжебай Смағұлқызы және № 18 Сәкен Жүнісов атындағы  мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.

 Іс-шара барысында оқушылар кешіміздің қонағы Кенжебай Смағұлқызына сұрақтарын қойып, өздеріне керекті жауаптарын алды.  Кенжебай апамыздың өзімен бірге алып келген өнер туындыларын тамашалап, өз әсерлерімен бөлісті. 

Тәуелсіздік алысымен елге оралған қандастар сан-саланы дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді. 1991 жылы табаны қазақ еліне тиген Кенжебай Смағұлқызы ұлттық қолөнерге қайта қан жүгіртіп, тоқыма тоқудан Ақмолаға танымал болды.  80  жастан  асса да, көрме мен байқаулардың бас жүлдесін бермей келе жатқан шебер.

Анасының етегіне жармасып жүріп, жастайынан кесте тігу, сырмақ ою, ши орау, кілем тоқуды меңгерген Кенжебай Смағұлқызының қолөнерден қол үзбей келе жатқанына биыл тура 50 жыл. Бүгінде Көкшетау мен Солтүстік Қазақстанның барлық музейлерінде Кенжебай апайдың қолынан шыққан туындылар көп. Тәуелсіз ел тарихындағы маңызды оқиғалардың қай-қайсысына болмасын, қолөнерімен өзіндік үлесін қосқан. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, Кенжебай апа жасында саяси қызметке де араласыпты. Отанға оралған соң, қолөнердің қазығын мықтап қағуды қолға алып, шәкірт те тәрбиелеген. Зейнетке шықса да, қазірдің өзінде жоғары оқу орындарына барып, арнайы шеберлік сабағын өткізіп отырады.

Қас шебер әлі де болса қоғамдық жұмыстан алыстамаған. Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным – менің Отаным» қолөнершілер байқауында бас жүлдені қанжығалады. 

 Қолөнер – біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз. Ол бірнеше ғылымдардың дамуынан,тоғысуынан пайда болған өнер туындысы. Бүгінде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келе жатыр.

Ұлттық қолөнер салт-дәстүрімізді жетілдіріп, мәдениетіміздің озық жетістігін көрсетуде. Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі қарай дамыту, оны бүгінгі ұрпаққа меңгерту- игілікті іс. Осы жағынан алғанда ұлттық қолөнердің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндігі жоғары. Өйткені ұрпақ тәрбиесіне, санасына әсер етіп, қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі.

Қазіргі кезде қолөнер қарқынды дамып ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда.  Құрақ жалпы әйел баласының ісмерлігін ғана емес, шыдамдылығын да шыңдайтын өнер. Құрақтың тарихы тереңде жатыр. Тәрбиелілік мәні зор. Құрақ аты аталып тұрғандай түрлі мата қиындыларынан ысырап жасамай, құрау арқылы жасалады. Үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, тіл-көзден сақтайды.

Эльмира Ықыласова,

қалалық орталық үлгілі кітапханасының қызметкері.