Өскелең ұрпақты қазақ даласын әсем әнімен тербеп, артына өлмес мол мұра қалдырған қазақ халқының әйгілі сазгері, әнші, ақын Біржан Қожағұлұлының шығармашылығымен таныстыру, оның халқына қалдырған мол мұрасын насихаттау, дәстүрлі ән өнерін бағалай білуге, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасы Біржан Қожағұлұлының 190 жылдығына орай «Біржан сал — қазақ ән-жырының шамшырағы» тақырыбында әдеби-музыкалық композиция өткізді.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов №1 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушыларына Біржанның бір бойында тоғысқан әншілік, айтыскерлік, ақындық өнері мен сал-серілік қасиеті туралы әңгімелеп берді.

Алтын қордағы асыл дауыстарды түгендеп, зерттеп бүгінгі һәм келешек буындарға тыңдатып, тарату сынды маңызды шаруаны қолына алып, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың өмірін зерттеп, шығармашылығын насихаттап жүрген дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов  Біржан әндерін тамылжыта  орындап,  оның асқан дарындылығын ұлағаттады.

Шара соңында Біржан сал атындағы жоғары мәдениет колледжінің 2-курс студенті Төлеубай  Райымбек қадірлі қонақтардың құрметіне Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде»   әнін тарту етті. Жас ұрпақты жігерлендіріп, «Қазақ осы» әнін шырқады.

Кітапханашылар Біржан салдың шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев ағамыздың қазақ ән өнері мен серілігінің тарихынан алатын орны бар Біржан сал Қожағұлұлының ел арасына көп тараған өлеңдері мен айтыстары және кезінде көз көрген адамдардан алынған естеліктері жинақталған «Біржан сал» кітабы, Ғалихан Ахметовтың сонау ғасырлардағы қазақ халқының ұлы дарыны, қазақ даласын ән-жырымен асқақтатқан Біржан салдың өмірі суреттелген 6 кітап, 18 тараудан тұратын «Біржан сал» романы,  өнердің қадірін біліп, әспеттей алатын қауымға арналған Біржан салдың өлеңдері, қақтығыстары, айтыстары, әндері, оның шығармашылығы туралы алуан пікірлер енгізілген «Біржан сал Қожағұлұлы шығармалары» жинағы , Біржанның ұлы ақын Абай ауылына баруы ерекше суреттелген М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қойылды.

Елі ардақтап, халқы қадірлеген Біржан салдың сан қырлы өнері  жастарға ғасырлар бойы рухани азық болып қала береді.

Бақытжан Айдосова,

«Салтанат» сарайы

 жанындағы қалалық үлгілі

кітапханасының меңгерушісі.