Көкше өңіріне танымал журналист Сайлау Көшкенұлы ағалықтың асқарына шығып, мерейлі 75 жасқа асқақ абырой, терең білім, толысқан тәжірибемен жетіп отыр. Саналы ғұмырын өңір баспасөзінің қарашаңырағы «Көкшетау» газетінің көкжиегін кеңейтуге арнап, қазақ журналистикасының дамуына зор еңбек сіңірді. Жарты ғасырға жуық ғұмырын шығармашылықпен байланыстырып, түрлі тақырыпта мақала, суреттеме, очерк, әзіл-сықақ жанры бойынша қалам тербеген Сайлау ағаның отыздан аса кітабы бар. Газет тілшісімен болған сұхбатта қаламгер қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистикадағы өмірі жайлы сыр ақтарды.

Сұрақ: Шығармашылық жолды таңдауыңызға не түрткі болды? Газетке қалай келдіңіз?

1965 жылы Чкалов орта мектебін тәмамдап, қолға аттестат алғанбыз. Ендігі мақсат – еліміздің жоғары оқу орындарының біріне түсу. Бәз біреулер: Туған ауылыңнан ұзап, жүдеп-жадап қайда бармақсың. Осындағы ағайындардың көпшілігі 5-6 кластық біліммен де өз нанын өзі тауып, жеп жүр емес пе. Бірі – механизатор, енді бірі – малшы дегендейін. Солардан сен кембісің, «әлде» деп есіркегендей болады. Қайтейін. Үндемей құтылам. Бала күнімнен әдебиетке құмар болдым. Ол кезде кітап жинау «мода» болатын. Үйінде жеке кітапханасы бар адамнан артық бай адам болмайтын. Қазіргідей интернетке алтын уақыттарын сарп еткен адамдардай емес, ол кездегі кісілер уақыттарының көп бөлігін кітап оқуға арнайтын. Балалар да кітаптарды жарыса оқушы едік. 5-6 сыныптан бастап республикалық «Қазақстан пионері», «Спорт» газеттеріне, «Балдырған» журналына, облыстық «Көкшетау правдасы», өлкелік «Тың өлкесі» басылымдарында жарық көрген хабар-ошарларымды жинақтап, қайтсем де журналист боламын деген биік арман болды. Ұстазым Сұңғат Хамидуллин де талабымды байқап, бағымды сынап көруге кеңес берді. Сол жылдың жазында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне барлық құжаттарымды, соның ішінде әлгінде айтқан жазып-сызғандарымды бір альбом етіп тапсырмақшы едім, ондағылар қабылдамады. Саған іштей оқу үшін ең кемі – екі жыл еңбек өтілі қажет, онсыз болмайды деген талап қойды. Мектеп бітіргеніміз енді ғана, сол себепті бізде қандай еңбек өтілі болмақ, – десек әлгілер, тіпті ерегіскендей сыңай танытты. Содан не керек, бармақ тістеп, өкіне-өкіне елге қайттым. Арада тағы бір жыл өте шықты. Келесі жылдың жазында артынып-тартынып Алматыға екінші қайта аттандым. Бұл жылы да бағым жанбады. Мұндағылардың сылтауы – енді бір жыл еңбек өтілінсіз сынаққа жібермейміз. «Қайтсем де журналистика факультетіне түспей қоймаймын» деген оймен ҚазГУ-дың сырттай бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Ақыры университет қабырғасының тақтайшасындағы журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түскен 50 абитуриенттің орта тұсында менің де ата тегім түгелдей жазылғанын көргенімде қуанғанымнан жүрегі құрғыр жарылып кетердей болған еді… Сөйтіп, сол 1966 жылдың күзінде облыстық газетке аудармашы-тілші лауазымында қызметке орналастым. Кейін Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясында қызмет атқардым. Ал, 1969 жылдың күзінде облыстық газетке қайта ауыстым. Кейіннен Көкшетау қаласы өз аумағындағы аудандармен қоса Солтүстік Қазақстан облысына қосылғанда екі жылдай тілшілер қосынында жұмыс істеп, Көкше өңірінен өз материалдарымды жіберіп тұрдым. Соңынан қалалық «Көкшетау» газетіне қызметке ауыстым. Қашан зейнеткерлікке шыққанша редактордың орынбасары, әдеби редактор лауазымында қызмет істедім.

Сұрақ: Өзіңізбен үзеңгілес қызмет атқарған, тәлімін көрген әріптестеріңіз жайлы айта отырсаңыз…

– Сонау бозбала шағымызда іргелі қара шаңырақ – облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына қызметке орналасқан күндер әлі есімде. Кілең сүйегіне сөз сіңіп, жүрегіне мейірім ұялаған, жанарына әлем сыйып, қаламына қанат біткен жайсаң ағалардың ортасына түстім. Қалжыңдары жарасқан, бірін-бірі қадірлей білетін тегеурінді толқын. Мүйізі қарағайдай жауапты хатшымыз Тұрсынбай Кәкімов, одан бертінгі Октябрь Бұхарбаев, редакторларымыз Өміржан Оспанов, Жанайдар Мусин, орынбасарлары Естай Мырзахметов, Сүлеймен Ақтаев, Баян Нұрпейісов, Әуез Өтеев, Әбділда Дүйсенов, Хакімтай Әміров, бөлім меңгерушілері Жомарт Оспанов, Маман Ементаев, Нұрқан Ысқақов, Мәтен Бижанов, Сәкен Хасенеев, Сәкен Әубәкіров, тілшілер Кенжетай Ғазизтегі, Ерғали Доспаев сияқты ағалармен қалам жарыстыра жұмыс істеу оңайға түспеді. Өйткені, газет жанрларынан түк хабарымыз жоқ, оның үстіне бұған дейін ұсақ-түйек дүниелерден басқа ештеңе жазып көрмеген біздер үшін бұл үлкен сынақ мерзімі іспетті еді. Әйтсе де кейінірек газеттің шығу процесіне жиі қатысып, кезегімен келетін кезекшіліктен бастап, корректорларға ілесіп, беттерді жіті оқуды, тіпті әлдекім ауыра қалса подчитчица да болуды, әжептәуір жердегі баспаханаға жаяулап материал таситын курьерлік міндетті де жауапкершілікпен орындауға тырыстық.
Әз-ағаңның, Әзілхан Нұршайықовтың тілімен айтқанда: «Журналист бойына барлық қасиеттерді жинаған елгезек, елпек, қарапайым, кішіпейіл, жұғымды, ерінбейтін еңбекшіл, ұстамды, ұйымдастырғыш, жазғыш, айтқыш, ақылды азамат болуы керек» екендігін жүре ұғындық. Сондықтан әуелгі бетте-ақ аға басылымдарда жарық көрген мақалалардың, не болмаса суреттемелердің, очерктердің, тағы басқа жанрдағы материалдардың қандайлық деңгейде екендігіне ой жүгіртіп, солардың жақсы жағынан тәлім алуға, солай жазуға талпындық.

Сұрақ: Сол тұстағы газет шығару процесі қалай еді?

– Ол уақытта аудан-ауданға автобус, не жолай біреулермен жеткенімізбен, қажетті материалды алу үшін шалғайдағы колхоз-совхоздарды жаяулап-жалпылап аралайтынбыз. Іссапарда жинақтаған деректерді түн ортасы ауғанша қағаз бетіне түсіретінбіз. Газет жұмысына араласа жүріп, ара-арасында атақты ақын, не жазушы болмасақ та әдеби шығармалар жазуға да ден қоя бастадым. Бертінірек алғашқы мақалаларым, суреттемелерім республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің беттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Ара», «Еңбек таңы» журналдарының кезекті нөмірлерінде жарық көрді. Солардың біразын көңіл елегінен өткізіп, екшеп барып журналистік мамандықты қалап алған 30 жыл өткен соң, яғни 1996 жылдың жазында жергілікті баспаханадан «Өмірдің ащы шындығы» атты деректі мақалалар жинағым мен «Кәуіктің өкініші» тұңғыш сықақ кітабымды бастырып шығардым. Сөйтіп, алғашқы тырнақалды еңбегім үшін сол жылы облыс журналистері арасында жарияланған конкурста жеңімпаз деп танылып, Қазақстан Журналистер одағы Көкшетау облыстық бөлімшесінің Жанайдар Мусин атындағы сыйлығының лауреаты атандым.

Сұрақ: Осы уақыт ішінде жеткен жетістіктеріңіз…

– Жарты ғасырдай көзмайымызды тауысып, қалам ұстаған жылдарғы еңбегім ескеріліп, 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері», кейін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін омырауыма тақтым. Қазақ-
станның Құрметті журналисті, «Еңбек ардагері» атақтарын иелендім. Әр жылдары творчестволық байқау-конкурстардың жүлдегері атанып, грамоталармен, дипломдармен марапатталып, түрлі сый-сыяпаттарға ие болдым. Орта Азия журналистері арасында жарияланған «Жастар СПИД-ке қарсы» Халықаралық конкурсында жеңімпаз деп танылдым. Мақтанғаным емес, журналистік мамандықты таңдап, журналист атанған 50 жыл ішінде ұзақ жылдар бойғы жазған-сызғанымызды жинақтап, ірілі-ұсақты 32 кітабым жарық көрген екен.

Сұрақ: Өзіңіз өнімді жазу, еңбекқорлық дегенді қалай түсінесіз?

– Сол кездері өзімізбен қоян-қолтық, қатарлас жұмыс істеген ағалардың жазғандары бір-бірінен асып түсіп жататын. Лездемеде бірін-бірі өткір сынап та алады. Алайда, ертесіне сәлемдері салқындаған ешкімді көрмеймін. Баяғы сырбаз сыйластық. Түк болмағандай әзілдері жарасып, бірін-бірі құрметтеп жүргендеріне тәнті болып мен жүремін. Экономика, өндіріс тақырыптарын өндірте жазатын. Диқандардың күнқақты дидары мен шаруалардың шалқыған тірлігі жайлы очерк, өткір фельетондарды жұрт жастанып оқитын. Әріптес ағалардың жинақылығы, тындырымдылығы, байсалдылығы, биік парасаты мен терең білімділігі қатты қызықтыратын мені. Өздері де қамқорлық танытып, ақыл-кеңестерін аямады. Осы жылдар ішінде қаншама жүйрік әріптес ағаларымыз бен линотиппен қорғасыннан әріптерді құйып, түс ауғаннан түннің бірер мезгіліне дейін газет беттерін оқып, көз майын тауысқан апайларымыздан да үйренгеніміз көп.
Қоғамда болып жатқан дүбірлі өзгерістер лебінен кеш қалмай заман ағысына үн қосу – менің өмірлік кредом. Ол үшін ашық ойымды, тың пікірімді, ұтымды ұсынысымды мен тек қана жүрек төрінен шығатын жалынды сөзіммен ғана білдіре аламын. Журналист халықтың жанашыры болуы тиіс.

Сұрақ: «Әрбір жолы болғыш азаматтың артында арқасүйер жан жары тұрады» демекші, шығармашылықпен еркін айналысуыңызға өмірлік серігіңіздің де ықпалы болған шығар?

– Әрине, редакция жұмысымен үй көрмей, аудан-ауылды аралап жүргенде отбасыңның бүкіл ауыртпалығы жарыңның мойнына түсетіні белгілі ғой. Құдай қосқан жарым Мәуен жеңгелеріңмен екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп-жеткіздік. Тұңғышымыз – Айнұр облыстық статистика, Айзада қалалық ішкі істер департаментінде, кенжеміз – Асқар Көкшетау қалалық прокуратурасында қызмет істейді. Бәрі де – жоғары білімді. Аллаға шүкір, ұл-қызымыздан өрбіген немерелеріміз де бар. Сөйтсе де осы күнге аман-есен жетіп, бала-шағамның, отбасымның, немерелерімнің арасында ойнап-күліп, жер басып, тіршілік жасап жатқанымызға тәубе деймін.
Сұрақ: 75 жас – үлкен белес. Өмір жолыңызда журналистік мамандықты таңдағаныңызға өкінген сәттеріңіз болды ма?
– Өмір жолымды қайта бастар болсам журналистік мамандықты қайта таңдар едім. Олай деуіме себеп, жарты ғасырға жуық, бозбала шақтан бастап газет редакциясында қызмет істеп зейнетке шықсам да, тәубе дейін, қолымнан әлі қаламым түскен жоқ, өле-өлгенше түспейтіндігіне де сенемін. Елге қызмет ету – әр азаматтың парызы. Сондықтан туған халқыма, тіліне, тәуелсіздігіне әлі де үлесімді қосып, күш-қайратым жеткенше еңбек еткім келеді. Жарты ғасырдай газет редакциясында қызмет жасап, барша әріптестеріммен бірге торқалы той күніне аман-есен жеткенімізге шүкіршілік деймін. Облыс, қала берді тұтастай Көкше өңірінің айшықтай айнасына айналған «Көкшетау» газеті жүрегі елім деп соққан әр қазақтың төрінен табылса нұр үстіне нұр демекпін.

Сұхбаттасқан Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ