Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса кезекті жұмыс сапарымен облыс орталығын аралап, жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қала басшысы атап өткендей, биыл шаһардағы жол жөндеу жұмыстары мерзімге сай басталды. Қаланың 7271 метр жол учаскесіне жаңа асфальт-бетон жабыныны төселуде. Мамыр-маусым айларында келесі жол учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді: Кенесары көшесі (Уәлиханов көшесінен Сырымбет көшесінің бұрылысына дейінгі учаске), «Жайлау-2» шағын ауданы; Қуанышев көшесі (Назарбаев даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі учаске); Сәтпаев көшесі (Уәлиханов көшесінен Қуанышев көшесіне дейінгі учаске); Осипенко көшесі (Гагарин көшесінен Жүнісов көшесіне дейінгі учаске), Полевой көшесі (Әшімов көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі учаске «Светофор» дүкеніне бұрылыспен).

Жол жөндеуге арналған техникалар саны жеткілікті. Соның арқасында жұмыс өнімділігі де артқан. Маусым-шілде айларында Жұмабаев көшесі (Қуанышев көшесінен Гвардейская көшесіне бұрыла отырып, Кенесары көшесіне дейін); Жұмабаев көшесі (Гвардейская көшесінен Сәтпаев көшесіне дейін); Вавилов көшесін (Ақан сері көшесінен Әшімов көшесіне дейін (облыстық аурухана) жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық көше-жол желісін орташа жөндеу бойынша жаңа асфальт-бетон жабынын төсеу арқылы жол учаскелерін жөндеу 7271 метрді құрайды. Қиыршық тасты жабыны бар Дроздов көшесі, Застанционный кентіндегі Чернышевский, Лермонтов, Көктерек көшелері де орташа жөндеуден өтеді.

«Бейбітшілік» шағын ауданындағы Нұрпейісов, Қажымұқан, Рахымов көшелеріне орташа жөндеу жүргізу, тротуарлар, суағарларды жөндеу, көше шамдарын заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделуде. Осыған дейін жергілікті тұрғындар жол азабын тартып келген. Бүгінде сол олқылықтардың орны толуда. Көшедегі көлік жолдарына асфальт-бетон жамылғысын төсеумен қатар, жолға жиектастар салынады. Шұғыл түрде жөндеуді талап еткен көше жолдарының жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсарып қалған. Бұл бағыттағы жұмыстар қала бойынша келер жылы да жалғасын таппақ.

«Көкшетау Жолдары» ЖШС-мен шарт жасалды. Жөндеу жұмыстары жыл соғында аяқталмақ.  Облыс орталығында 7780 бағана орнатылған, онда 12 880 жарық шамдар орнатылған. Ағымдағы кезеңде 150 жарықтандыру элементтерін ауыстыра отырып, көше жарығын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді, 40 бағанда, электр беру желісінің 35 учаскесінде жөндеу жүргізілді, ұзындығы 1235 метр электр беру желісінің авариялық учаскелері ауыстырылды.

Сонымен қатар шағын ауданда қосалқы станцияны қалпына келтіру жұмыстары қоса атқарылуда. Нұрлы көш, Красный яр ауылы және Мамыр көшесі бойымен Вавиловтан Бөкейханға дейін, Темірбеков көшесі №3 орта мектеп-гимназиясынан «Жайлау» шағын ауданына дейін және Шевцов көшесі аумағы жарықтандырылуда.

Әуезов көшесінен Буденный көшесіне дейін Пушкин көшесінің жарықтандыруын ағымдағы жөндеу және қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы осы учаскеде шамамен 75 жарық бағаны орнатылады. Сол сияқты «Бейбітшілік» шағын ауданында абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, оған 54 жарық бағаны және 129 LED-шамдар орнату кіреді. Қаланың барлық аудандарында әлеуметтік нысандар, қолжетімді тұрғын үй құрылысы, жарықтандыру шамдарын орнату, аумақтарды абаттандыру, нөсер кәріздерін орнату және басқа да бағыттарда жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Нысандарда болған қала басшысы мердігер ұйымдар өкілдеріне жұмысты мерзімінде аяқтауды және атқарылатын жұмыстардың сапалы болуын қатаң қадағалауды тапсырды.

«Жол азабын жүрген білер» деп дана халқымыз беке айтпаса керек. Жолдың тақтайдай түзу болуы біріншіден көлік ішіндегі жолаушыларға ыңғайлы болса, астыңыздағы темір тұлпарыңыз үшін де тиімді. Бір сөзбен айтқанда, жақсы жолда көлік сынбайды, жолаушылар шаршамайды емес пе.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ