БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың аралық қорытындылары туралы есеп берді.

Ол атап өткендей, биыл экономиканың нақты секторында 1100-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылды. 777 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 592 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.  179 жаңа жұмыс орнын құрумен 12,4 млрд. теңгеге 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Есепті кезеңде 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 14 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл 7 үйді (3 жалға берілетін және 4 кредиттік) тапсыру жоспарлануда, 2024 жылы 7 кредиттік үйді іске қосу жоспарлануда.

«49 шақырымнан аса жол жөндеу жүргізу жоспарланған. 19 кабельдік желіге, 15 трансформаторлық қосалқы станцияға күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Трансформаторлық қосалқы станцияларда дабыл жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Биыл Сүлейменов, Осипенко, Әбілқасымов, Жүнісов, Калинин көшелеріндегі, Бірлік және Застанционный шағын аудандарындағы көше жарығын ағымдағы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Жайлау шағын ауданындағы аула аумақтарын күрделі жөндеу жұмыстары басталады.    8 спорт және 5 ойын алаңдарының құрылысын жүргізу, 2 саябақ пен 18 бақтың құрылысын жүргізу және реконструкциялау жоспарланған.  Қаланың әртүрлі аудандарында ұзындығы 14 шақырым тротуарларды жөндеу және орнату, Красный яр ауылында саябақ құрылысы басталатын болады», – деді қала әкімі Б.Ғайса.

Ол атап өткендей, бүгінгі күні Красный яр ауылындағы Ұмышев көшесінен Абылай Хан көшесіне дейінгі Садовая көшесі бойымен су құбырын төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, Заречная және Киров көшелерінде су құбыры желілерін тарту бойынша жұмыстар жоспарланған.

«Жайлау шағын ауданы суды Сергеев су қоймасынан тікелей тұтынатынына байланысты, сумен жабдықтаудың жиі үзілістері, сондай-ақ шеткі аумақтарда қысымның болмауы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы таза су қоймалары жөнделді. Бүгінгі таңда ұзындығы 1300 метр су құбыры тартылды. Жайлау шағын ауданында қоймаға дейін суағар құрылысын жүргізу, су айдауыш мұнарасын орнату, бейнебақылау және жарықтандыруды орнату арқылы санитарлық-қорғау аймағын абаттандыру жоспарлануда», – деп нақтылады әкім.

Қазандықтарды жөндеу бойынша жұмыстар басталды. Ұзындығы 3,3 шақырым жылу желілерінің құбырларын ауыстыру, ұзындығы 3,68 шақырым жылу оқшаулауын қалпына келтіру және жөндеу, сондай-ақ сорғы агрегаттарын 3 дана мөлшерінде НПС-1-ге ауыстыру бойынша жұмыстар жоспарланған. Әшімов және Әуезов көшелерінде жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу және реконструкциялау бойынша екі жылдық жобаларды іске асыру аяқталуда.

«Өздеріңіз білетіндей, жылу беруді бөлудің шекаралары бар. Осыған байланысты, жылу тұтынушы – мүлік иелерінің назарын алдағы жылыту маусымына үй ішілік инженерлік желілерді дайындау мәселелеріне аударғым келеді. Застанционный тұрғындарының ұсынысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Виамедис» ЖШС отбасылық-дәрігерлік амбулатория, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен саябақ құрылысын жүргізу бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеп жатыр. Красный яр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «ҚР денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жүргізілуде. Көктем шағын ауданының солтүстігінде жүріп-тұруы шектеулі топқа арналған балабақша, Красный яр ауылында 280 орындық балабақша, Сарыарқа шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде. 11, 16, 17, ІТ-лицейі мен техникалық лицейге жапсаржай салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», – деп түйіндеді қала басшысы.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА