Сарыағаштың брендке айналған шипалы суын бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Желмаясына мініп, Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз кезінде Келеске келіп, бірнеше күн қонақта болған деседі. Сонда сулы, нулы өлкенің табиғатына, саф ауасына тәнті болып, халқының қонақжайлылығына, жомарттығына, еңбекқорлығына тамсаныпты. «Бал татыған суың-ай, Қалың қамыс нуың-ай», депті сүйсініп. Кетерінде қазыналы қария «сыйса өңгеріп-ақ әкететін жер екен» деп қасиетті мекенмен қимай қоштасыпты. Көне аңыз осылай дейді.

Сол Сарыағаштың суындай пайдалы ем Қазақстанда жоқ дейді ғалымдарымыз. Оның минералды суының түрлі дертке дауа екенін шетелдіктер де әлдеқашан мойындаған. Ғылыми түрде зерттеу жүргізіліп, дәлелденген. Курортты аймаққа емделуге жылына кем дегенде 70-80 мың адам келеді. Қарапайым еңбек адамынан бастап, беделді тұлғаларға дейін жиі атбасын бұрады мұнда. «Сарыағаш – нағыз халықтық санаторий» деп атауға тұрарлық жайлы мекен. Расында жыл он екі ай бойы еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар үзілген емес. Жерасты суы мың бір ауруға ем болғасын, тұрақты келетіндер көп. Әсіресе, ағзадағы ішек, асқазан аурулары, сосын өтін алдырғандар үшін таптырмайтын мекеніңіз осы саялы Сарыағаш.

Кезекті еңбек демалысына шыққасын уақыт жоғалтпай, өзімізге әбден ұнайтын «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру шипажайына  тағы келдік. Айнала жасыл желек. Қақпадан кіреберістен-ақ тынысың кеңиді. Ауа таза. Шырша көп. Ем қабылдап, табиғат аясында серуендеп, енді бірі велосипед теуіп, бассейнде балықша жүзіп жүр. Бізді қарсы алған шипажайдың Даму және көркемдеу бөлімінің жетекшісі Бахыт Шеракимов журналистер қауымына жақын жүретін ізетті, білікті азамат екен. Өзі Алматыда, Бурабайдағы президенттік шипажайларда жауапты жұмыстар атқарыпты. Шипажайдың терең тарихынан сыр шертіп, жоспарларымен бөлісті.

Үлкен бассейн қысы-жазы қызмет көрсетеді.

Шипажай аймағы көгалға толы, қыдыратын жолы керемет. Самал желі бойыңа қуат дарытатындай. Қолымыздағы баклашкадан шипалы суды қайта-қайта ұрттап қоямыз. Бірнеше құтысын тауысып тастадық. Шіркін-ай дейсің. Ішсең шөліңді қандыратын, ішпесең сағындыратын сусын осындай-ақ болар. Бахыт Шеракимовтың айтуына қарағанда, бүгінде «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенінде 674 адамға арналған 8 корпус бар. Кең асханасы бір мезгілде 800-100 адамды қабылдай алады. Мұнда вип-шипажайлар да жетерлік. «Aray Deluxe» – соның бірі. Бес жұлдызды конақүйге көбірек ұқсайды. Аумағында мейрамхана, кинотеатр, бизнес-орталық.

Көктерек ауылында жыл сайын шипажайлар көбейіп келеді екен. Бүгінде олардың саны 40-тан асып кеткен. Көрсетілетін қызметтері мен жатын орындарына байланысты бағалары әртүрлі.

Кеңес Одағынан бері келе жатқан «Сарыағаш», «Арман» сияқты шипажайларға халық көп келетін көрінеді. Бағасына келсек, «Сарыағаш» шипажайында 10 күнге – 100 мың тг-ден басталады. Қыстың кезінде жеңілдіктер жасалады. Тағы бір айта кететіні, «Сарыағаш» шипажайы мұндағы дербес минералды қайнар көзі бар үш шипажайдың біреуі екен (қалған екеуі – «Aray Delux» пен «Алтын бұлақ»). Өзгелері суды осы аталған жерлерден тасымалдайды. Шипажай ішінде бювет бар, дәрігерлер тамаққа дейін жарты сағат қалғанда минералды су ішкен пайдалы дейді. Мұнда демалушылар үшін арнайы бір мезетте 50 адамды қабылдау мүмкіндігіне ие, Сарыағаш аумағы бойынша ең үлкен, жалғыз жабық қауыз (бассейн) орналасқан. Біле жүріңіздер. «Сарыағаш» шипажайы Шымкент қаласынан 130 км, Ташкент қаласынан 18 км жерде. Сенбі-жексенбі күндері жергілікті Иса ата ыстық әулие бабаның бейітіне, Қазығұрт басына, Үкашата, Арыстанбаб, Түркістандағы Қ. А. Ясауи кесенесіне, сондай-ақ Ташкент, Самарқандқа экскурсиялар жасалынады.

Тарихына тоқталып өтейік. Алғашқыда, 1946 жылы мұнай іздеушілер кездейсоқ ашқан минералды ыстық су үш-төрт жылдай айдалаға атқылап ағып жатыпты. Жергілікті халық осы суға түсіп, «жабайы» жолмен емделіп сауыққан екен. Кейіннен 1949 жылы Ташкент ғалымдары суды зерттеуге кіріседі. Судың емдік қасиетін білген соң 1951 жылдың көктемінің аяғында аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастамасымен ұзындығы – 25, ені 10 метр хауыз (бассейн) салынған. Сол жылы жаз айында минералды су емханасының құрылысы басталып, 1952 жылдың қаңтарынан емделушілерін қабылдай бастайды. Сол кездегі Республика үкіметінің басшысы Д.Қонаевтың табандылығының арқасында Келес өзенінің сол жағалауынан жаңа қоныстың орны таңдалып, 1959 жылы «Үлкен Сарыағаштың» құрылысы басталады. Араға төрт жылдан астам уақыт салып, 1963 жылы қазіргі шипажайдың алғашқы үш корпусы мен емханасы пайдалануға беріліпті. Шипажай ұжымы біртуар қайраткердің туғанына 100 жыл толуына орай емдеу-оңалту кешенінің орталық алаңына бюстін орнатып, құрмет білдіріп, сауапты іс жасаған.

Қандай ем қабылдауға болады?

Шипажай қызметкерлері сыпайылығымен жақын тартады екен. Келген қонаққа «мырза», «ханым» деп сызылып-ақ тұр. Кешеннің ем қабылдайтын бөлмелеріне бас сұқтық. Жалпы Сарыағаш минералды суын табиғи таза күйінде емнің 16 түріне қолданады. Ас қорыту органдарының қызметі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол-аяқ, тері, әйел ауруларымен сырқаттанғандар емделеді. «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені бас дәрігерінің орынбасары Маржан Шәкірбайқызы айтады: «Шипажайдың минералды суы, жанға жайлы ауасы һәм емдік балшығы адамның он екі мүшесіне дауа. Судың құрамында әлемде теңдесі жоқ микроэлементтер, ванадий элементі бар. Оның қант диабеті ауруына пайдасы зор».

«Сарыағаш» шипажайында соңғы әлемдік стандарттарға сай жабдықталған заманауи сауықтыру кешені жұмыс істейді. Тамыр ішінде қанды лазермен сәулелендіру ем-шарасы іске қосылған. Сондай-ақ тұзды шахта, күндізгі стационар ашылыпты. 1999 жылдың басынан шипажайға Сыр бойындағы «Қосқақ» көлінің тұнбалы балшығын емдік мақсатқа (буын, омыртқа аурулары) қолдана бастаған. Осылайша Сарыағаш курорт емінің негізгі үш факторы да бір өзінен табылған, әмбебап сауықтыру орнына айналыпты. Минералды су мен емдік балшықтың құрамы Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандандырылған сынақ зертханасында белгіленген мерзімінде, тұрақты тексеріліп тұрады екен. Сондықтан да қазір «қарашаңырақ» Сарыағаш шипажайы «Емдік – реаблитациялық кешен» деп аталады. «Сарыағаш» шипажайының емдеу-оңалту бөлімінде бірнеше бағыт бойынша білікті дәрігерлер тиісті ем-шараларды жүргізеді. Сондай емдік бағыттарға қысқаша тоқталайық.

УЖЖ-ТЕРАПИЯ – бұл ультражоғары жиілікті электромагнитті өрістерді емдік сипатта пайдаланатын физиотерапиялық процедура. Ультражоғары жиілікті терапияның негізгі мақсаты – арнайы құрылғы арқылы адамның тіні мен ағзасына жылу жіберу болып табылады. Негізінен, бұл физиотерапиялық әдіс жаралар мен сынуды жазуға, ісіну мен ауруларды, қабыну кезеңін төмендетуге, сонымен бірге шеткі және орталық қан айналымын ынталандыруға әсер етеді.

ПАРАФИН-ОЗЕКЕРИТТІ ЕМІ немесе парафинмен емдеу – тырысқан бұлшық еттерді босаңсытуға және ескі қабыну аурулары мен олардың алдын алуға ықпал ететін жылулықпен емдеу әдісі. Аталған процедура созылмалы буын ауруларында қан айналымын жақсарту үшін және денедегі заттар алмасуын күшейтуде қолданылады. Парафинге озекеритті, яғни тау балауызын пайдалану — қоспаның жылулық сыйымдылығын арттырады.

ТҰЗДЫ ШАХТА

Арнайы жасанды жолмен өндіріске енгізілген тұзды шахтада тыныс алу арқылы емдеу және сауықтыру әдісі – галотерапия деп аталады. «Сарыағаш» шипажайында демалушылардың денсаулығын жақсарту және оларға барлық қажетті жағдайларды жасау мақсатында 2016 жылдың қаңтар айынан ТҰЗДЫ ШАХТАНЫҢ қолайлы микроклиматы ұйымдастырылған.

Арнайы ыңғайластырылған бөлме бір мезетте 15 адам қабылдау мүмкіндігіне ие. Аталған процедура бронхиальді астмада, өкпенің қабынуында, аллергияда және құлақ-мұрын, орталық жүйке жүйесінің ауруларында тағайындалады.

«БАЛШЫҚПЕН ЕМДЕУ» ӘДІСІ

«Қосқақ» балшығымен емделетін негізгі аурулар:

  • Әр түрлі себептегі артриттер /сорбуын/
  • Омыртқа аурулары-остеохондроз, радикулит /құяң/
  •  Жыныс мүшелерінің созылмалы қабынулары /простатит, аднексит т.б

ПРОЦЕДУРАНЫ ҚАБЫЛДАУ ЕРЕЖЕСІ:

Емдеуші дәрігердің шешімімен 41-43С қыздырылған балшық денеге жағылады. Ұзақтығы 15-20 минут. Емдеу курсы — 6-8 рет. Процедура қабылдағаннан кейін 30 минут арнайы бөлмеде отырып немесе жатып тынығу қажет.

Шипажайға 50 рет келіп емделген.

Қазіргі таңда Сарыағаш демалыс аймағы халықтың сүйікті шипажайына айналып келеді. Мұнда дертіне шипа тауып, ауруынан құлан-таза айығып кетіп жатқандар көп. Маңдайымызға басқан әйгілі жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Орта Азия көлемінде Сарыағаш суына пара-пар ешбір су жоқ. Сарыағаштың суы атақты Боржомның дәмділігі жағынан да, емділігі жағынан да артық болмаса кем емес»», деп тегіннен-тегін айтпаса керек.

Шипажайдың алғыс, ұсыныс кітабына пікірін жазып қалдыратын азаматтар да аз емес екен. Қарап отырсаңыз, демалушылар мұнда өздерін сергек сезінетінін, жиі келіп тұратынын айтыпты. Ізгі тілектердің ішінде көрнекті ақынымыз Тұманбай Молдағалиевтың жүрекжарды лебізі ерекше, мынадай жыр жолдарын жазып кетіпті.

Қош, Сарыағаш, нәрлі су,
Дертім болса шипа бол.
Тірлік деген алысу,
Еркелетпес сипап ол.
Қош, Сарыағаш, әулием,
Түссін пейілің маған да.
Өзімде бір ән-күй ем,
Жастық атты заманда.
Қош, Сарыағаш, жылы жер,
Қош, мекенім ардақты.
Сенде жүре беруге,
Уақытымыз қалмапты.
Қош Сарыағаш, тойдың да
Тарқайтынын қал біліп,
Өлең жаздым қойныңда
Өмір іздеп мәңгілік.
Бақытыма бас алып,
Оралғандай бұрынғы ән.
Қалғандаймын жасарып,
Сенің нәрлі суыңнан.
Жырға көңіл бүгін бай,
Ризамын өлсем де.
Жалғыз кесе суыңдай,
Жақсылығым болса елге.

Сарыағаш шипажайына 50 рет келіп емделген азаматты естіп пе едіңіз? Ол алматылық А.Файзуллин деген қария. Осыншама рет келуіне асқазанның ойық жара (язва) ауруы себеп болыпты. Естелік тілегінде былай деп жазба қалдырыпты:

«Ауырсынудан күні-түні жаным жай таппай, қиналған кезімді есіме алғым да келмейді. Дәрі-дәрмектің көмегі болмады. Хирургтар «пышаққа түсу керек» деп үгіттей бастады. Бір танысымнан Сарыағаш туралы естіп, ойланбастан осында тартып кеттім. Бұл 1963 жылдың күзінің аяғына таман болатын. Жаңа курорт салынып бітіп, соған көшіп жатқан кезең екен. Жаңа қонысқа мен де жайғастым. Минералды суды алғаш ішкеннен-ақ, төс етегінің астының ылғи аши ауыруы азайғандай болды. Жас кезім ғой, сол күні кеш түсе санаторий маңындағы төбеге шығып: «Сарыағаш! Менің «язвамды» алып қалып, үйіме құлан-таза айықтырып қайтар. Жәрдем ете гөр!» – деп жалбарына дауыстадым. Үш жыл емделген соң «язвамды» Сарыағаш «алып қалды». Келмесем, қайта ауыратындай шошынып, келе бердім. Биыл міне, 50-ші рет. Бұрын жолдама мерзімі 24 күн еді ғой. Есептеп қарасам, 3-4 жыл өмірім осы Сарыағашта өтіпті. Маған қалыпты жағдайда өмір сүріп, еңбек ету мүмкіндігін сыйлаған «Сарыағашқа» алғысым шексіз. Қажытқан аурудан арылтқан шипажайға, өсіп-өркендей берсін деген тілек білдіремін».

Туристерді тарту үшін…

Сарыағашта халықаралық туристердің талабына сай гольф алаңшасы бар. Жақын болашақта мұнда ойын-сауық орталықтары, аквапарк пен жаңа курорттық қалашық бой көтермек. Қазір  40-тан астам жуық емдеу-сауықтыру орталықтары болса, олардың қатары алдағы кезде 96-ға көбейеді. Жай сөз емес, бұл облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Құрылыс жұмыстарына негізінен жеке инвесторлар тартылып жатыр. Жоба бойынша 600 гектар аумақта сәулеті жарасқан 1500 орындық курортты қалашық. Тіпті ауданда әуежай салынуы мүмкін. Түптеп келгенде, мұның бәрі Оңтүстіктегі туризм саласының жандануына даңғыл жол ашатыны анық.

Ерекше айтарлығы, енді Сарыағаштағы шипалы су әр санаторийге жеке-жеке тасымалданбай орталықтандырылған жүйе арқылы таратылмақ. Кәсіпкерлер оңтайлы жұмыс жасау үшін облыс өз қаржысына инфрақұрылым жұмыстарын реттеп, арнайы су жүйелерін салып береді. Шымкенттен Сарыағашқа қатынауды жақсарту үшін жүрдек пойыз, жайлы автобустар жүрмек. Жол дегеніңіз теп-тегіс болып тұрса, туристердi көптеп тартуға болады.

Демалып әрі аурудың алдын аламын десеңіз, «Сарыағаш» шипажайына келіңіздер! Мінеки, мекенжайы мен телефоны: Көктерек, 8-725-375-13-11, 8701-778-58-58. (sariagash.kz).

   Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ