Президент Жеңістің 78 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды. Сондай-ақ Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Парадта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей Президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат  Мирзиёев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары Ұлы Отан соғысы кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге барудан басталды. Мемлекет басшысы 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті.  Президент Тверь облысына жасаған сапары аясында Ржевтегі совет солдатына арналған мемориалға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Ол құрмет қарауылымен бірге ескерткішке гүл шоғын қойып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Мемориал ұзындығы 27 метр, биіктігі 4 метр болатын гранит қабырғадан тұрады. Онда «100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгі жадымызда сақталады. Сіздерге алғысы шексіз қазақстандықтар атынан» деп жазылған. Ескерткіш тақтаның оң жағына Қазақстан картасы бар панно орнатылған. Онда 1941 жылы екі бригада жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елордамыз – Астана қаласы белгіленген. Осы бригадалар сапына Қазақстаннан шақырылған 9312 жауынгердің есімі мәрмәр тақталарға қашалып жазылған.Сонымен қатар Мемлекет басшысы қырғызстандық жауынгерлерге арналған мемориалға гүл шоғын қойып, қаза тапқан солдаттарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған боздақтардың рухына тағзым етті.

Akorda.kz