А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде «Сampus in Campus» халықаралық Қазақстан-Корей инновациялық-білім беру орталығын құру туралы келісім шартқа қол қойылды.

Маңызды құжатқа оқу орнының ректоры Сағынтай Елубаев пен Оңтүстік Корея делегациясының басшысы, «Woosong University» деканы Ю Тек Ли қол қойды.

Шараға облыстық мәслихат төрағасы Б.Жүсіпов, Оңтүстік Корея университетінің профессоры Н.Юсупов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.Бибосынов, Мәжіліс сенаторлары мен депутаттар тобы, облыстық білім басқармасының басшысы Ш.Оразалин, Ақмола облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Подгурский, облыстық корей этномәдени орталығының басшысы «Чинсон» О.Лян, жоғары техникалық колледж директоры А.Еслямова, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Мұсылманбек, сондай-ақ Көкшетау қаласының білім беру мектептерінің директорлары қатысты.

Іс-шарада корей тілін жетік меңгерген және қазір «Woosong» университетінде білім алып жатқан оқу орнының студенттері белсенділік танытты.

Естеріңізге сала кетейік, Көкшетау оқу орындары мен Корей ЖОО арасындағы ынтымақтастық өткен жылдан бастау алған болатын. Сол тұста Ақмола облысының білім беру жүйесінің делегациясы Оңтүстік Кореяда екі рет болды, ал Әл Фараби атындағы ІТ-мектеп-лицейінің оқушылары екі апта бойы «Вузонг» университетінің жазғы тіл лагерінде оқыды. Корей университетімен бірлескен жоба жоғары техникалық колледжінде де жүзеге асырылды.

Корей тарапының Көкшетауға алғашқы сапары барысында өңір басшысы Ермек Маржықпаев пен университет басшылығы арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті жанында «Woosong» білім беру орталығын құру – облыс әкімі бастамашылық еткен меморандумды табысты іске асырудың нәтижесі деуге болады.

Университеттегі жүздесу барысында қатысушылар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті. Олардың ішінде профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру шеңберінде «WOOSONG University» ғалымдарымен экология, туризм, педагогика, менеджмент бағыттары бойынша ынтымақтастық бар.

Өзара іс-қимыл жоспарында сондай-ақ «Қазақ қонақжайлылығы және этнотуризм», «Қазақстан мен Кореяның тарихи байланыстары», «Қоршаған орта және адам денсаулығы» бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу және ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ «Woosong-КУАМ» брендімен халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру көзделіп отыр.

А.АЙҒАРА