«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері Ақмола облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанындағы құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі комитеттерінің бірлескен онлайн-отырысында талқыланды. Оған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармалары және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері қатысты.

«Жайлы мектептің» жобасының ерекшелігі неде? Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.

Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.

Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.

Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

Ақмола облысында 2023-2025 жылдар аралығында 26500 оқушыға арналған 20 мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде 2024 жылы – жобалық қуаты 14100 орындық 10 мектеп (2023 жылы құрылыстың басталуы); 2025 жылы – жобалық қуаты 12 400 орындық тағы 10 мектеп (2024 жылы құрылыстың басталуы). Бұл ретте, бүгінгі таңда оқушы орындарының тапшылығы 12 893, 2025 жылға қарай болжамды тапшылық – 53 мың оқушы орнын құрайды.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіров қазіргі уақытта мемлекеттік орган Ақмола облысының мердігерлері мен тауар өндірушілерінің пулын қалыптастырып жатқанын, оларға қойылатын негізгі талаптар – салық тұрақтылығы, қаржылық қамтамасыз етілуі, компаниялардың жұмысқа қабілеттілігі екенін айтты. Өз кезегінде Өңірлік палата кәсіпорындардың тиісті тізбесін жасау бойынша жұмыс жүргізуде.

«Бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілерге баса назар аударылады деп күтілуде, бұл жергілікті бизнес үшін – құрылыс индустриясын, жиһаз, тоқыма өнеркәсібін, басқа да қызметтерді дамыту үшін тамаша мүмкіндік. Жобаның әлеуетті қатысушыларына алдын ала қойылатын елеулі талаптарды ескере отырып, біз жиынтығында қажетті талаптарға жауап беретін 5-6 кәсіпорынға дейін кіре алатын консорциум құруды ұсынамыз. Бұл соңғы бес жылда енгізілген 75 мың ш.м., 400 млн теңгеге дейін салық түсімдерінің және әлеуметтік нысандар құрылысының бес жылдық өтілінің болуы. Банк кепілдігінің болуы міндетті», – деп атап өтті Марат Әубәкіров.

Сонымен қатар, пилоттық жобаға қатысты көптеген сұрақтар туындайды. «Атамекен» ұлттық палатасы өткен жылдың қазан айынан бастап жайлы мектептер салу бойынша жобаны жүргізуге арналған нұсқаулықты әзірлеуге белсенді қатысты, алайда алдын ала жұмыстар барысында ҰКП шығарған ұсыныстар мен ескертулер ескерілмеді. Ұлттық палата қолданыстағы талаптармен келіспейді, олар, әрине, асыра бағаланды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеушілер үшін біліктілік критерийлері бизнес-қоғамдастыққа талқылауға бағытталмаған миллиардтаған долларлық жоба нұсқаулығының соңғы нұсқасында пайда болды.

«Ұлттық палата бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескермей, Samruk-Kazyna Construction қабылдаған шешімдерді қолдамады. Жарияланған конкурсқа сәйкес жобалау-сметалық құжаттама ағымдағы жылдың 31 наурызына дайын болуы тиіс, ал құрылыс ережелері бойынша 300-1200 оқушыға арналған мектептер үшін ЖСҚ әзірлеу мерзімі 9 айды құрайды. 23 қаңтарда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ сайтында, «кілтпен» құрылыс және жобалау бойынша жұмыстарды кешенді сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігіне байланысты», «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде орта мектептердің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге арналған жұмыстарды сатып алу бойынша конкурстың күшін жою туралы хабарлама шықты, – дейді кәсіпкерлер палатаның жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Руслан Төлегенов.

Ол жергілікті бизнес-қоғамдастықты қызықтыратын сұрақтарды алға тартты: құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алу қалай өтеді және жалпы жергілікті тауар өндірушілерге қандай талаптар қойылады?
«Көкше-мебель» ЖШС директоры Әмір Сақтағанов сауда-саттық қалай өткізілетінін және оған қатысу мониторингін, сондай-ақ жиһаз индустриясының өкілдері жобаға қай кезеңде қосыла алатынын сұрады.

«Қазір біліктілік талаптары туралы айтуға әлі ерте, бірақ өздеріңіз білетіндей, Премьер-Министрдің сатып алу жүйесін жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша бөлек өзгерту тапсырмасы бар. Бүгінгі таңда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өзінің сатып алу порталын жеткізу бойынша жұмыстар жүргізуде, оны қолда бар деректер бойынша мамыр айының басында өткізу жоспарлануда. Процестің ашықтығы мақсатында сатып алулар қатаң электронды форматта өтеді деп күтілуде», – деді «Атамекен» ҰКП құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев.

Спикер атап өткендей, жалпы жоба жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға белсенді бейімделген, тізілімді қалыптастыру кезінде жергілікті қамту үлесінің KPI, индустриялық сертификаттың болуы ескеріледі.

Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді және еліміздің кез келген азаматына мектеп құрылысының барысын онлайн режимде қадағалауға, салынып жатқан мектеп бойынша қызықтыратын құжаттармен танысуға мүмкіндік береді. Сондықтан жобаны іске асыру мониторингі бойынша ақпараттық жүйе іріктелуде. Мектептерді жабдықтауға арналған оқу, корпустық және жұмсақ жиһаздардың алдын ала тізімі анықталды. «Атамекен» ҰКП және ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы арқылы отандық тауар өндірушілерді тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА