Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен БРИКС+ ұйымының жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейлі диалогына онлайн форматта қатысты.

«БРИКС елдері арасында жоғары деңгейдегі серіктестік қатынас орнату, жаһандық дамудың жаңа дәуірін құру» атты тақырыптағы БРИКС-тің 14-саммиті Қытайдың төрағалығымен өтіп жатыр.  Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, осы маңызды іс-шараға шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылығын білдірді. – Қазақстан БРИКС-ті ықпалды ұйым әрі әлемдік экономиканың өсімін өрге сүйреп келе жатқан негізгі күштердің бірі ретінде қарастырады.

Қазақстан БРИКС елдерімен қарқынды серіктестікті дамытуға мүдделі. Сондай-ақ былтыр бұл Ұйымға мүше елдермен арадағы тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Осыған орай алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру үшін мол мүмкіндік бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік даму жөнінде айта келе, қазір дүниежүзі бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің қиындап кеткеніне мән берді.   Президент азық-түлік дағдарысын тиімді еңсеру ісі оған төтеп беру жөніндегі қысқа және ұзақ мерзімді халықаралық шаралардың үйлесімді болуын қажет ететінін айтты.

– Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы мол әлеуетін пайдалана отырып, осы игі іске үлес қосуға дайын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін талап етеді. Бұл жұмыстар әділдік пен тепе-теңдік қағидатына негізделуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бойынша инфляцияның қарқынды өсуі шешімін қажет ететін тағы бір өзекті міндет екенін атап өтті.  Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне қатысты мәселеге тоқталып, 2060 жылға қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізу үшін Қазақстанның қабылдаған міндеттері туралы айтты.

 Akorda.kz