«Сарыарқа» шағын ауданында «Viamedis» ЖШС-нің емханасы бар жаңа медициналық клиникалық-оңалту орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова қатысты.

«Viamedis» клиникасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған, озық технология, емделушілерге арналған жайлы палаталар, бассейнмен жабдықталған. Облыс орталығының 2236 пациенті және басқа өңір тұрғындары инсульт, инфаркт, жарақат және түрлі оталардан кейін жоғары білікті медициналық көмек пен стационарлық оңалтудан өте алады. Орталықтың барлық бөлімшелері АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінің танымал өндірушілерінің заманауи технологиясымен жабдықталған.

– Облыстың денсаулық сақтау саласында айтарлықтай оң өзгерістер орын алуда: жаңа емдеу мекемелері салынуда, жаңа медициналық технологиялар енгізілуде. Денсаулық сақтау жүйесінің бюджетін жыл сайын ұлғайтудың арқасында емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығаюда. Көкшетаудағы 630 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы өңір үшін ауқымды жоба болмақ, оны осы күзде бастау жоспарланып отыр. «Viamedis» компаниясы аймақтық медицинаның дамуына үлкен үлес қосуда. Болашақта осы компаниямен бірге Көкшетауда қант диабетін емдеу орталығын салуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Денсаулық сақтаудағы медициналық оңалту бұл адамдардың өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланысты анағұрлым өзекті болып табылатын серпінді дамып келе жатқан бағыт. Ауыр науқастан кейін адамның дұрыс қалпына келуі дененің негізгі функцияларын, адамның толық өмір сүру мүмкіндігін сақтауға әкеледі.

«Уақытылы және дұрыс оңалту өңір тұрғындарына қолжетімді болады деп үміттенеміз. Мұнда қан айналымының бұзылуы, бас сүйек-ми жарақаты, жұлынның зақымдануы, оның ішінде ауыр неврологиялық аурулары бар пациенттерді оңалту үшін мамандандырылған арнайы орындар бар. Балалар, жалпы оңалту бөлімшелері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, операциялық блок, ангиограф орнатылды», – деп атап өтті Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы хирургиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Серік Аяғанов.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА