Дүниежүзілік тзалық күніне орайластырылған және республикалық «Киелі табиғат» акциясы аясында Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығымен экологиялық сенбілік акциясын Қопа көлінің жағалауында ұйымдастырды.

Аталған шараның басты мақсаты – жастар және қала тұрғындарын қоршаған орта мен табиғат аясына немқұрайлы қарамай, тазалықтың маңызын жете түсіндіру, адамдардың бойында экологиялық мәдениеттің дағдыға айналуына жәрдемдесу, еңбек арқылы табиғатты күтіп ұстауға үйрету болып табылады.

Аталмыш акцияға 400-ге жуық Көкшетау қаласының тұрғындары, еріктілері мен белсенді жастары қатысты. Қатысушылар екі топқа бөлініп, шамамен 300-ге жуық қап қоқыс жинады.

«Менің ойымша, таза ауада позитивті адамдармен бірге болып,  мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұру керек. Сонда біз мәдениетттілікті сақтай отырып, өзгелерге  үлгі болары сөзсіз. Қазіргі жастардың еріктілікке басқаша көзқараспен қарайтыны қуантарлық жағдай. Осындай жас ұрпақ қатары көбейсе деген ойдамын. Баршаңызды табиғатқа қамқорлық жасауға шақырамын», – деді Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының басшысы Ермеков Дастан.

Жастарды экологиялық акцияларға тарту жауапты азаматтық позицияны тәрбиелеуге ықпал етіп, мақтаныш сезімін оятады. Сонымен қатар, оптимизм мен үмітке негізделген қоғам құруға әкеледі. Бұл біздің табиғатымызды аялап сақтауға қажет және қоғамға септігін тигізер орасан зор игі іс.

Жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі