«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының күнделігі

 Биылғы экспедиция Батыс өңірге бағытталғанын газетіміздің өткен нөмірлерінде айттық. Сапар барысында көптеген музейлерде болдық. Олардың безендірілуі де, мазмұны мен маңызы, кейінгі ұрпаққа берер тәлімі салмақтай білген жанға әр түрлі. Сақталған жәдігерлері жылдардың жылнамашысы. Солар арқылы біз өткенге шегініс жасап, тарихымызды таразылап, зердемізге тоқи аламыз. Ендігі ретте ұлттың болашағы үшін күрескен жандарға арналған музей мұрағаттарын сөйлетіп көрейік.

Қилы тарихтың жаңғырығы сіңген көне үй

Торғайдағы ең көне ғимараттың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби музейі орналасқан үй. 1901 жылы салынған бұл ғимарат кезінде атақты көпестер ағайынды Яушевтердің Торғай қаласындағы саудасын басқарған ноғай саудагері Фазылжан Назмутдиновтің үйі екен. Фазылжан – Ахаң мен Жахаңды жақсы білген, аралас-құралас, сыйлас болған кісі. Ұлт ұстазының өзі де бұл үйге бір-екі рет келген деседі.

Музей директоры Гүлбану Сәрсе­кейдің айтуынша, Назмутдиновтің үйіне кеңес дәуірі кезінде әуелі аудан­дық партия комитеті, кейін әскери комиссариат паналаған. Одан бері 1974 жылға дейін амбулатория болыпты.

Ал 1974-1989 жылға дейін төрт пәтерлі тұрғын үй ретінде пайдаланылған. Алаштың қос арысы ақталғаннан кейін Торғайдағы 15 кеңшардың халқы өз қалтасынан қаржы жинап, мұнда тұрып жатқан 4 отбасын басқа үйге көшіріп, қабырғасына қилы тарихтың жаңғырығы сіңген көне үйді көп болып қайта жөндеп, үлкен музейге айналдырыпты.

– Ақсақалдар малмен, зейнет­ақы­мен берді, ал аудан тұрғындары,  мұға­лімдер мен жұмысшылар бір күндік еңбекақысын аударды. Біреу түйесін, біреу биесін, біреу ешкі-лағын берсе, енді біреу елу сом ақшасын беріп, сол кезде тозыңқырап қалған осы ғи­маратты халықтың өзі мемлекеттен бір тиын алмай, қайта жаңартып, үлкен музейге айналдырды. Музейге қойылған дүниелер де елден жиналды. Дәл қазіргідегідей есімде, тоқса­ныншы жылы қолында киізге ораған заты бар Ерден Смағұлов ақсақал музейдің сол кездегі басшысы Ғазиз Әмірқанұлына кіріп кетті. Сәлден соң Ғазиз ағайдың «Балалар, бері келіңдер, тез жетіңдер!» деген қуанған даусын естіп, біз де жиналып қалдық.

Сөйтсек, Ерден ақсақал Ахмет атамыз Бәдрисапа анамызды алып келген жылы елге тарту етіп қалдырған, өзі алпыс жыл бойы жерге көміп сақтап келген «Қырық мысал» мен «Маса» кітабының түпнұсқасын әкеп тапсырып тұр екен.

Мұның сыртында, 1991 жылы 8 маусымда музей ашылғанда сонау Алматыдан арнайы келген Гүлнар апамыз әкесі Міржақыптың дүниясымен қатар, Ахаңның төрт кітабының түпнұсқасын тәбәрік етіп қалдырған еді. Ахаңның туыстарынан қолтаңбасымен алынған Ташкенттен шыққан тіл ғылымдары туралы оқулығының да түпнұсқасы тұр. Жалпы, біздің музейде Ахаңның 7 түпнұсқа кітабы бар, – деді музей директоры Гүлбану Сәрсекей.Торғайдағы музейдің төрінде кезінде Ахаңның өзі пайдаланған жез легені, патефоны, екі кісілік диваны мен шифонері, сағаты тұр. Құнды дүниелердің біразын музейге Шолпан апай тапсырса, енді біразы жергілікті жұрт жылдар бойы қастерлеп сырт көзден тасада ұстап, тұмардай сақтап, осы күнге дейін аман-сау жеткізген.

Әр кірпішінің өзі бір жәдігердей Ахаң мен Жахаңның музейі содан бері 27 жыл бойы қыста от жағылмай, жылытылмай келген. Музейге тек 2018 жылы ғана орталықтандырылған жылу жүйесі орнатылыпты. Бір ғажабы, осыншама уақыт қақаған аязда жылусыз тұрған ғимаратқа да, оның ішіндегі мол дү­ние­ге де бірде-бір сызат түспеген, қа­быр­ғасының құмсылағы да сол күйі сақтал­ған, не көтеріліп, не жарылып кетпеген.

– Бертінге дейін бір құмы түскен жоқ. Биыл фойеден кішкене ғана су кетті. Музейдегі жәдігерлер де сол қалпы, Ахаң мен Жахаң бастаған осы топырақтан шыққан талай ұлы тұлғалар тұтынған бұйымдар, құжат­тар мен портреттер де сол күйі тұр.

Бұл ғимаратты, музейдің ішіндегі жәдігерлерді қорғайтын бір тылсым күш бар. Бұл үйдің иесі, киесі бар, негізі. Мен музейге жаңа келген жылы Өзбекәлі Жәнібеков маған батасын беріп тұрып: «Ахмет пен Міржақыптың мұражайына қызмет етіп жатқан сендер бақыттысыңдар», деп еді.

Ана бір жылы Алаш Орда үкіметінің мерейтойына орай Торғайға көптеген ғалымдар келді. Ол кісілерді мен өзім пойыздан күтіп алып, жолда Кейкі батырдың басына тағзым етіп, Амангелдіде түстеніп, бірден Бидайыққа апардым. Алыстан келген үлкен ғалымдардың Міржақып атамыздың басында еңіреп тұрып «Сіздің арманыңызды біз әлі орындай алмай келеміз ғой» деп жылағанын көргенде таңғалдым. Одан Ахаңның туған жеріне Ақкөлге қарай бет алдық.

Бірақ жаңбыр жауып жете алмай қалдық. Айгүл Ісмақова мен Айман апам бастаған бір топ ғалымдар құйып тұрған жауынға қарамастан, Ахаң туған топырақтың жусанын жұлып, пакеттеріне салып алып жатты, – деді музей басшысы.Ең үлкен залы Алаштың қос арысына арналған музейдің төбесі аласалау, іші күңгірттеу әрі салқын екен. Алайда күзге дейін бұл олқылықтың орны толар деп ойладық. Өйткені биыл жаз шыға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай бұл ғимаратқа да жөндеу жұмыстары басталады.Бұл мақсатқа 233 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржыға музейдің ішіне реэкспозиция жасалып, қайта жаңартылады.

Қазіргі талаптарға сәйкес диаграммалар жасалады. Бұған дейін Ахмет атамыз бен Міржақып атамызға қатысты жәдігерлерге бір залдан орын беріліп келген еді. Енді Ахаңның өзіне жеке, Жахаңа жеке зал арналатын болады. Сондай-ақ музейдің ауласы да абаттандырылады. Ақ патшаның тұсында алты көше­­мен қала атанған Торғайдағы кө­не ғимараттардың дені Кеңес өкі­меті тұсында қиратылып, жойылып кет­кен. Мысалы, Ыбырай Алтын­сарин қа­бырғасын қалап, Ахмет Байтұр­сын­ұлы білім алған қара шаңырақ мектеп өткен ғасырдың 60-жылдары бульдозермен сүріліп тасталған. Ал ноғай саудагерлерінің үйі – бүгінгі Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулат­ұлының әдеби музейі тұрған көне ғимарат әуел баста партия коми­теті орналасқан үй болған соң ғана аман қалған сияқты.

Жымпитыдағы Күнбатыс Алашорда орталығы

Экспедиция мүшелері сапар барысында Оралдағы ұлт-азаттық күрестің ұраны мен үні шалқыған аймақта   Сырым төбеге аялдап, одан әрі Күнбатыс Алаш Орда орталығы болған Жымпитыдағы «Алаш» музейіне асыға жетті.  Музей 1918-1919 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары басқарған Күнбатыс Алаш Орда үкіметі орын тепкен тарихи ғимаратта орналасқан. Бұл тарихи ғимарат өткен ғасырдың орта шеніне дейін «Таракановтың үйі» деген атпен белгілі болды. Бүгінде тарихи ескерткіш мемлекет қорғауына алынған замана жәдігері.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Алмагүл Ойшыбаеваның айтуынша,Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат салынған. Оның бірі – күнбатыс Алашорданың кеңсесі.   ХІХ ғасырдың соңында бой көтерген екі қабатты ағаш үй қабырғасы саман тастан тұрғызылып, сыртқы қабаты тақтаймен қапталған.

Орыс саудагерлері осы ғимаратты салғаннан кейін 1890 жылдың аяғында астық тартатын механикалық диірмен салады. Онда сөктен бастап ең қымбат сапалы астық тартып, Орынбор, Оралға дейін жеткізіп сатқан. Алашорданың Батыс бөлімшесін кұру туралы шешімге Ә. Бөкейханов 1918 жылдың 11 қыркүйегінде қол қояды. Бұл шешімді Ә. Бөкейханов Уфа қаласында өткен және У. Танашев, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, А. Бірімжанов, Ә. Ермеков және М. Тынышбаев қатынасқан мәжілістің келісімі бойынша жасады. Алашорданың батыс бөлімшесін Жаһанша Досмұхамедов басқарса, Халел Досмұхамедов оның орынбасары болып тағайындалады. Осылайша, бұрынғы диірмен ғимараты әкімшілік кеңсеге айналады. Айта кететіні, Алашорданың батыс қанаты ең ұзақ: 19 ай, яғни 578 күн бойы өмір сүрген. Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтердің жұмыс кеңсесі болған ғимарат атаман Таракановтың үйі совет кезінде де бірде НКВД, әскери комиссариат, аудандық мәдениет бөлімі және басқа да кеңсе қызметін атқарды. Тек 2007 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің балансына берілген. Бүгін «Алаш залдары» деп аталатын бұл ғимаратта Алаш қозғалысы тарихына арналған 400-дей жәдігер, құжаттар, фотосуреттер орналасқан. «Алаш» музейін тамашалауда келген көрермендер мен қонақтарды баурап алатын ерекше картина Сырым батырдың дәуірін сипаттайтын диарамма.

Бұл диарамма музей үйіне кірген бетте алдыңыздан шығатын ерекше тарих шежіресі. Диараманы жағалай жүріп, алаш арысы Жаһанша және Халел Досмұхаметовтердің жұмыс кабинетін көреміз. Екеуі бір -біріне қарама-қарсы отырған. Сырым дәуірін сипаттайтын диораманың «Алаш» музейінде тұруының да өзіндік мәні бар. Жаһанша Досмұхамедұлының өмірдегі ұстанымы мен саяси көзқарасы үшін Сырым Датұлының реформаторлық еңбектерінен үлгі алып, шешендік сөздерін үнемі өзінің өмірдегі ұстанымына айналдырғанын жас ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатта қойылған.

Бізге ерекше әсер еткені   Бутовский полигон деген коллаж  еді. Оның сырын бізге Алмагүл Ойшыбаева айтып берді. «Бұл кітаптың сырты. Осы полигондағы метрикалық кітап Мәскеудің бір шіркеуінен табылған. Діни қызметкерлер бұл кітаптарды сақтап қалып бірнеше жылдан кейін тек қана Совет үкіметі құлағаннан кейін 1994 жылы ғана баспаға беріп, осындай кітап етіп жазып шығарған. Бұл не кітап десеңіздер, бұл 37-38-ші жылдары мына Бутово деген полигонда Мәскеудегі Алаш арыстары атылған жер екен.

Осы жерде 20 мың 760 адам атылған. Сол кісілердің қай күні атылғанын және кімдермен атылғандығы жазылған метрикалық кітапша. Соның ішінде 38-ші жылы 8-ші тамыз күні біздің Жаһанша Досмұхамедов 120 адаммен бірге атылған. 120 адамды бір күнде атқан.

Екі жылдың ішінде 57 күн ату жазасы жүргізілген. Әр түрлі, келесі айдың бір күні, келесі айдың бір  күні. Үш айдан кейін бір күнде. Барлығын қосқанда жалпы саны 57 күн ату жазасы жүргізілген. Бұл Бутово полигонында атылған ең жас адам Миша Шамонин деген 14 жастағы бала болса, ең үлкені 82 жастағы Каледо деген дін қызметкері. Сол Каледоның ұрпақтары осы кітапты тауып, бастырып шығарған.

2017-ші жылы  Мәскеу қаласына арна йы экспедиция ұйымдастырылып, сол жерге барған кезде Бутово полигонында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Ол жерде 57 тақта орнатылып жатты. 57 тақта орнатылған колонналардың алдарына ағашын тұрғызып, ең төріне колокол, яғни орыстардың үлкен қоңырауы орнатылып жатты. Оларда 30-шы қазан жазықсыз жапа шеккендерді еске алу күні, соған байланысты біз маусымда бардық, қазанда жұмыстарды бітіреміз деп жатты. Жұмыстары бітпеген болса да бізді аралатып көрсетті. Ол жерде не жатыр? Ол жерде 13 қазан шұңқыр жатыр. Сол қазаншұңқырда 20 мың 760 адамның сүйегі жатыр.

Қазып қарағанда аяқ киімдер, гильзалар, әйелдердің, балалардың дүниелері, өте көп дүниелер шыққан. Кейбіреулері сол шіркеуде музейде тұр. Біз сол жерге барып, колокол соғылмай тұрып, маусым айында, Жаһанша Досмұхамедовті тұтқындап алып кеткен екен, біз сол күнге шамалас барып тұрмыз. Өзімізбен бірге алып барған ауданның бас имамы сарнатып тұрып Құран оқыды. Біз сол жерден топырақ әкелдік. Өзіміз топырақ ала барып, үлкен ағаштың түбіне төктік. Сөйтіп ең бірінші 57 рет соғылатын қоңыраудың дауысы емес, сол жерде ең бірінші рет Құранның дауысы шықты»,–деген кезде толқымаған адам кемде кем.

Бөлменің  дәл ортасында тұрған айшықты қоңыр үстел мен орындықтардың Жаһанша дәуірінен жеткен көне көз жәдігерлер болып табылады. Бұл жиһаздардың көбісі еуропа үлгісіндегі жиһаздар санатына жатады. Суретте – Вен орындығы. Ал, төрдегі жасыл ту алаш үкіметінің   негізгі рәмізі болғанын біреу білсе, біреу білмесі анық. Алаш туында төте жазумен «Жасасын Алаш автономиясы!» және араб жазуымен «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі» деген жазу бар. Тудың екі жағында екі Досмұхамедұлы туралы фотошежіре олардың өмірлері туралы сыр шертеді. Олардан басқа бұл жерде алғашқы дәрігерлер, заңгерлер, алғашқы баспа түрлері, алғашқы журналистер туралы және ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым өкілдерінің киім үлгілерін  тағы басқа көп нәрсе көре аласыздар.

Сонымен қатар қазіргі таңда алаш ақтаңдақтарын жазып жүрген тарихшыларымызбен олардың еңбектерінің жинақтарын да осы жерден кездестіруге болады. Зал қабырғасына ілулі тұрған екі  сурет ерекше көзге түседі. Біреуі «Дауыл» деп аталады. Сол кездегі қазақ ауылдарының басына берген саяси қуғын-сүргін алапат дауылмен бейнеленсе, «Екі аяқты» деп аталатын келесі абстракция адам баласының төрт аяқты жыртқыштан өткен жауыздығын шебер суреттеген.
Зұлматты жылдардың жаңғырығын жәдігерлер арқылы танып білген біз сапарымызды әрі қарай жалғастырдық.

 Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ