«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының күнделігі

Батысқа сапар шеккен экспедиция мүшелері көптеген музейлерде болғанын газетіміздің өткен санында айттық. Ендігі ретте Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, ерлермен тізе қоса жауға қарсы шайқасқан батыстың батыр қыздары жайлы музей мұрағаттары сыр шертеді.

Музейінде Мәметова Мәншүктің

   Қайсар пулеметші Мәншүк Мәметова атындағы мұражай Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін оның отбасы тұрған үйде орналасқан. 1982 жылы Ұлы Отан соғысысы батырының туғанына 60 жыл толуына орай Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында батыр атындағы мемориалдық мұражай ашқан екен. Мұражай экспозициясында өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қалалық пәтерлердің өмірі мен интерьері көрсетілген. Сол жылдары міндетті түрде сандық, «Zinger» тігін машинасы, қораптардың барлық түрлері, кестелі төсек-орын, самаурын болған. Бұл заттардың барлығы мұражайда көрсетіліп, адамдардың жүз жыл бұрын қалай өмір сүргенін түсінуге мүмкіндік беретін белгілі бір атмосфера жасайды. Бұл үйдегі ең маңызды экспонаттар – Мәншүктің хаттары мен күнделіктері, оның суреттері мен кітаптары. Оларды батыр қыздың анасы мұражайға сыйға тартқан. Экспонаттар арасында Мәншүктің аты жазылған қамшы да бар. Жылқыны басқаруға арналған бұл құрал Мәншүкке ат жарысында жеңіске жеткені үшін сыйлық ретінде ұсынылды. Музейдің басшысы, көп жылдан бері сұрапыл соғыстың түп тарихын зерттеп жүрген Светлана Бектенова өзі іздеу сала жүріп, Невель қаласынан тауып алыпты. Патриоттық «Гвоздика» отряды қазақстандық ғылыми қызметкерге өз қолдарымен табыс етіпті. Мәншүктің пулемет бөлшектері де батыр туған топыраққа әкелінді. Қарудың ұңғысы мен қалқаны және өзге де ұсақ-түйек бөлшектері жақсы сақталған.«Ерлікпен қаза тапқан қайсар қыздың көп заты қазір музейде тұр. Бірақ бұл жолғы жәдігердің жөні бөлек», – дейді музейдің экскурсоводы Аяла Талғатқызы.

Мәншүктің өз әкесі – Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, Мәншүкті сол кісінің қолына берген. Бұл 1925 жыл еді. Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғали аштықтан көз жұмған екен.Мәншүк ес білгелі әкем деп білген адамы Ахмет Мәметов — қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылдың қаңтар айында ұсталып кетеді.Ахметтің әйелі, Мәншүктің шешем деп білген адамы Әмина Мәметова болса, Әбілқайыр ханның тұқымы еді.

Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болған. Күйеуін ұстап әкеткен соң, партияға жақын жүретін шолақ белсенділер Әминаға көз салып, ақыр аяғында көшеде еркін жүргізбеуге айналады. Басынып, үйіне кірмек те болған. Сондай қауіптен қашу үшін Әмина басқа адаммен тұрмыс құруды жөн көреді. Бұны естігенде Мәншүк ашуланып, Әмина шешесіне қарсы шығады. Екеуі де тік мінезді адамдар, ақыры Мәншүк шешесінен бөлек шығып кетеді. Бұл кезде Мәншүк дәрігерлер институтында оқып жүрген еді. Бойжетіп қалған Мәншүктің сөйлесіп жүрген жігіті бар еді. Текті отбасының қызы аяқ астынан халық жауының қызы атанып, шешесімен ұрсысып қалған соң, ол жігіт те Мәншүкпен қарым-қатынасын үзеді. Мәншүкте жалғыз мақсат қалады. Ол – әкесінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығу.

Сөйтіп, үш рет хат жазып, ақыр аяғында секретарға кіріп, рұқсат алып, соғысқа аттанады. Ондағы ойы соғыста ерлік көрсетіп, адал әкенің қызы екенін көрсету еді. 1943 жылы күзде Мәншүк өзінің жолдастарымен ауыр ұрысқа кіреді де, соңғы демі қалғанша шайқасады. Сол күні қар жауып кетеді де, басқа солдаттармен бірге Мәншүк те көмусіз қалады. Келесі жылы көктемде сол маңайдың тұрғындары Мәншүктің денесін тағы бір жауынгер қызбен бірге жерлейді. Мәншүктің ақтаймын, аман-есен қайтып келгенін көремін деп жүрген адамы Ахмет Мәметов сонау 1938 жылы-ақ атылып кеткен еді.

Мәншүк жайлы анасы: – Кішкене кезінен алыптар туралы ертектер, Қобыланды, Бекет, Исатай туралы, Құртқа, Ақжүніс туралы жырларды талай тыңдаған болатын. Әсіресе менің шешем ертекті көп айтушы еді. Мәншүктің анау-мынау кісілер істей алмайтын үлкен істерге ұмтылатын әдеті болды. Еліне, халқына қызмет етем деген адам білімді, бірсөзді, табанды болу керек деген сөздер кішкенесінен оның құлағына сіңген, –деген екен. Әрине, мұражай экспонаттары Ұлы Отан соғысының тарихы туралы баяндайды, кеңестік-германдық майдандағы ұрыс қимылдарын хронологиялық түрде көрсетеді. Ал экспозицияның шарықтау шегі мәскеулік әскери суретші Михаил Ананьев авторы болған Қазақстандағы жалғыз «Мәншүктің мәңгі өшпес ерлігі» диорамасы болып табылады.Мұражайдың ауласында жас батырдың мүсіні орналасқан. Сондай-ақ Орал қаласында Кеңес Одағының батыры есімі берілген көшеде Мәншүктің ескерткіші тұр.

Әнмен әлдиленген Әлия

  Қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлова Екінші дүниежүзілік соғыстың аты аңызға айналған батырына айналды.  Ұлы даланың өжет қызы Ұлы Отан соғысы жылдары 80-ге жуық фашист солдаты мен офицерінің көзін жойған. Әлия 19 жасында майдан шебінде ерлікпен қаза тауып, оған Кеңес одағының Батыры жұлдызы беріледі.Ақтөбедегі «Әлия» музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Министрлер Кабинетінің 1980 жылғы 5 маусымдағы қаулысына сәйкес құрылды.

Музей 1985 жылдың 22 сәуірінде Ұлы Жеңістің 40 жылдығы және батыр қыздың 60 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылған екен. Музейдің ашылу салтанаты партия, комсомол, әскери, ардагерлер мекемелері өкілдерінің, Әлияның туыстары мен майдандастары, оқушылар мен студенттердің қатысуымен өткен. Музейді ашу құқығы батыр қыздың апасы – Сапура Молдағұлова мен облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Сағынтаевқа берілген болатын.

Музей жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру және ақтөбелік батырлардың есіміне, Ұлы Отан соғысы тарихына байланысты естеліктерді, құжаттарды жиып-теріп отырған орталық болып табылады. Негізгі мақсат – патриотизм мен батыр қыздың өмірін, ерлігін насихаттау.Тәуелсіздік жылдары музей өмірінде көптеген үлкен маңызды оқиғалар болды. Батыр қыздың 75 жылдығына орай «Қобданың жері-Батырлар елі» атты жаңа экспозиция құрылды.

Экспозицияда батыр қыздың негізгі өмір кезеңдері – балалық шағынан ерлікпен қаза тапқаны, «Халық есінде», «Батырлар бұрышы», «Әлия атында», «Әлияны халық әлпештейді», «Тәуелсіз Қазақстан» атты бөлімдері көрсетілген. Музейдегі ең құнды экспонаттарға батыр қыздың майданнан жазған хаттары, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы Грамотасы, соғыс кезіндегі құжаттар мен заттар, қару-жарақтар, ыдыс-аяқ, әскери киім, мұрағат деректері, тілші-зерттеуші С.Асқаровтың жеке архиві, соғыс ардагерлері мен ақтөбе батырларының жеке құжаттары мен наградалары, сирек кездесетін кітаптар және белгілі кеңес қолбасшылары туралы мемуарлар жатады.

Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келген. Сегіз жасында анасы қайтыс болған Әлияны Алматыда тұратын нағашы ағасы алып кетеді. Ал 1935 жылдан бастап Ресейдің Ленинград қаласы Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленеді. Санкт-Петербургтегі №9 орта мектепте білім алады. Соғыс басталған жылы балалар үйі Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Әлия осындағы Вятское орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған соң Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі.  1942 жылы  Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскеріне майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы мергендер даярлау жөніндегі Орталық әйелдер мектебін аяқтап, осы жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Сексенге жуық дұшпанның көзін жойған батыр 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы, Казачиха ауылы маңында болған соғыста ерлікпен қаза тапты.

Батыр Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылдың 4 маусымында Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.Әлияның құрметіне ашылған облыстық деңгейдегі мемориалды музей тек Ақтөбе қаласында болса, батырдың туған жері — Қобда ауданында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы, ал Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы орта мектептерде шағын музейлердің бары белгілі. Әңгімелесушіміз аталған мекемелердің баршасымен тығыз байланыста екенін, соңғы жылдары Әлияның музейіне алыс-жақын елдерден келетіндердің саны өскенін баян етті.

«Біздегі экспозиция залына жылына 40 мыңға жуық адам келеді. Олардың қатарында еліміздің өзге өңірлерін айтпағанда, шетелдіктер де бар. Мәселен, Қытай, АҚШ, Еуропа мемлекеттерінен Әлияның тұлғасын жақыннан тану үшін арнайы жол жүріп келетіндер кездеседі. Әсіресе, келушілердің арасынан америкалық азамат ерекше есімде қалыпты. Ол жерлес мерген қызымыз жайлы барлық мәліметті жан-жақты сұрастырып, суретке түсіріп, айрықша қызығушылық танытты. Сол сияқты елшілердің де Әлияның мемориалды музейіне жиі жолы түседі», — дейді сөз арасында музей басшысы Елена Қалтаева.Әлия музейінде экспедиция мүшелерімен кездесу өтіп, жергілікті тарихшылар Нұртаза Абдуллаев пен Берік Қошановтар сапардың мәні мен маңызына тоқталып, келешек ұрпақ үшін қажет дүние екенін айтты.

Халқының ханшайымы Хиуаз

Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының шаңырағында дүниеге келген. Оқушы кезінен комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытанын Хиуаз апамыз мектеп қабырғасын аяқтарда ұшқыштарды даярлайтын арнайы курсқа жазылады. Мектепті тәмамдағаннан кейін № 1 Мәскеу медицина институтында оқуға аттанады. Осы оқу орнының 1-курсын аяқтар уақытта аяқасты соғыс өрті лап берді. Екінің бірі армандаса да, ілкіде біреу ғана ұшқыш болады. Көк аспанның төрінде әуелеуді аңсаған Хиуаз бала арманына соғыс басталғанда жетті.

Марина Раскова басшылық жасап, Кеңес әскеріне көмек ретінде тек әйелдерден құралған түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкі құрылды. Кейіннен жасаған ерліктеріне сай Қызыл Ту орденді Таман гвардиялық, 3-дәрежелі Суворов орденді түнгі бомбалаушы әуе полкі деп аталған нәзік жандылардың қатарында жалғыз қазақ қызы болды. Бойы небәрі 150 сантиметр талдырмаш, нәзік Хиуаздың жасы ол уақытта 19-да еді. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағын тізгіндеген бомбалаушы ұшқыштардың негізгі міндеті – түн ішінде жаудың соғыс техникалары мен қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған қоймаларын бомбалау. Күтпеген жерден жау қонысын бомбамен тұншықтыратын нәзік жандылардың полкін немістер «түнгі мыстандар» деп атаған. Түн қараңғысында қоныстарына қырғидай тиетін Марина Раскова қыздарының ұшағын құлатып түсірген фашиске Гитлердің өзі темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жібруге уәде берген екен.

№46 гвардия штурманы атанған Хиуаз Доспанова өз құрбыларының арасында «Катя» атанып кетеді. Бір күнде қатарынан 7-8 рет көкке көтерілетін қазақтың Катясы тапсырма орындау кезінде бірнеше рет өлімнен қалған. Осындай жағдайдың бірі 1943 жылы орын алды.

Жауынгер қыздар жауға белгі бермес үшін тіпті сол жылдары ұшақтың жарығын да өшіріп ұшқан екен. Жау қонысын күл-талқан қылып, тапсырманы сәтті орындап келе жатқан Хиуаз Доспанова мен Юля Пашкова қону кезінде апатқа ұшырайды. Жарық өшірулі болғандықтан тұраққа екі ұшақ бірдей қонып Юля Пашкованың басқаруындағы ұшақ әуеден құлап түседі. Бұл оқиғадан кейін ұшқыш Юля Пашкова жан тәсілім етіп, штурман Хиуаз ауыр жарақаттанады.

Бірнеше ай аяқ-қолы гипстеліп гоститальда жатқан Хиуаздың жағдайы қалыпқа келе бастағанмен аяғы толық икемге келе қоймайды. Сонда да штурман қызметіне қайта отырған апамыз жаумен айқасып кетеді. Десе де ауыр жарақаттанған аяғы белсенді қозғалуға жарамағандықтан тапсырманы орындап келгеннен кейін де ұшақтан түспей, кабинкада тынығып, келесі күні әуеге сол отырған қалпы қайта көтерілетін болған. Соғыс кезеңінде 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ, қоймаларын талқандаған Хиуаз Доспанова алапат айқас аяқталысымен елге оралды. Жауынгер құрбыларының барлығы дерлік Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Алайда, қазақтың жалғыз қызының есімі марпаттау кезінде аталмапты. Соғыстан 2-топ мүгедегі боп оралған Хиуаз елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен «Медеу» мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» және тағы басқа ғимараттар тұрғызылды. «Абай», «Шоқан» драмалары сахналанды. 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шыққан қазақтың батыр қызы 1960 жылы «Под командованием Расковой», 1963 жылы «Халқым үшін» соғыс естеліктерін жазды. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен Хиуаз Доспанова «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталды. Осы төсбелгілердің арасында тек бір медальдің орны бос қалған еді. Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін арнайы Елбасының басшылығымен 2004 жылы Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде еліміздегі ең жоғарғы «Халық қаһарманы» атағы берілді.

 Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ