Сізді өз салаңыздың жүйрігі етер – өзгелерде жоқ талап пен талпыныс, сенім мен махаббат. Мықты болғын келсе- өзгенің жасайтынынан артық жасауың керек, олар білгеннен көбірек білуің қажет, үздіктің үздігі болуың шарт. Осы орайда, жүйріктердің жүйрігі болып жүрген ,халықтың көзайымына айналған Jastar.kz дебат клубының көсбасшысы Жалғас Жәменовпен таныс болыңыздар. Жалғас Балташұлы Көкшетау өлкесінің жастарын биік шыңға жетелеп жатқан Jastar.kz атты деңгейі республика аясында шарықтап жүрген дебат клубының көсбасшысы, осы  саланың үздігі атанған  дебатёр. Жақында «Болашақ» сарайында біздің жас тілшіміз Қайролла Тәттімен сұхбаттасқан еді:

– Жалғас Балташұлы, сіздің дебат саласында үлкен тәжірибесі бар үздік спикер екеніңіз белгілі. Өзіңіз осы дебат жолына қалай келдіңіз?

– Негізгі, мен  кәсіби түрле спортпен айналыстым. Өзім еркін күрестен спорт шебері боламын, сондықтан дебат ойындары алғашында мен үшін қосымша ойын ретінде болды. Мен өз жолымды студенттік лигада бастадым,бірақ мықты деп айтарлықтай аренада ойнаған жоқпын. Яғни, онда тек қана уақытты тиімді өткізу үшін бардым. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүрген уақытта ЕМФ-та болатын жиналыстарға да  барып жүрдім. Негізі, студент болған кезімде  өте көп уақытымды спортқа арнадым, бірақ дебатты да қосымша алып жүрдім. Және өзім тарих пәні мұғалімі болғандықтан, ең бірінші бастаған ісіміз, «тарихшылар клубын» құруымыз. Сол іспен қатар дебат клубын құру жайында да шешім қабылданып, жоба қорғап,дебат ойындарына қатысып, ең алғашқы жұмысты осылай бастап кеттік. Ең алғашында президентіміз Кенжебек мырза болатын, сол кісімен 2018 жылы мектеп лигасында «Jastar.kz» деп аталған дебат клубын аштық.

– Сонда қазір дебат сіз үшін нені білдіреді? Неліктен осы саланы дамытып жатырсыз?

– Дебатқа өте көп уақытымды бөлемін, сондықтан дебат менің өмірімде негізгі рөлді атқарып жүр. Неліктен осы саланы дамытып жатырсыз десеңіз, қазіргі уақытта Көкшетау қаласы дебат ойындарынан дамушы қалалардың бірі ретінде  өсіп келе жатыр, яғни біздің мақсатымыз осы Көкшетау қаласында  дебат ойындарын дамыту, мықты спикерларды қалыптастыру.

Себебі, дебаттың берер пайдасы өте көп. Оны біз жас түлектеріміздің бізге біраз уақыттан кейін рақмет айтып, өздерінің жоғарғы оқу орындарында президент болып сайланып, көрсеткен үздік жетістіктерінен-ақ байқаймыз. Оған өте көп мысал келтіруге болады. Кенжебек Павлодар қаласында президент, Аружан – Көкшетауда президент, Қайсар Алматыда координатор, Астанада – Сабина Ислам, Алмас – президент. Яғни, бізден шыққан жас түлектер өз саласында «лидер» болып жатыр. Дебаттың осындай үлкен бір пайдасы бар. Біздің бір үлкен тағы бір мақсатымыз «ашылмай» жүрген окушыларды,яғни оқуда нашар көрсеткіштері бар, үштері көп, олимпиадаға да алынбай жүрген окушыларды осы дебат ойынында ақырын-ақырын колледжде, университетте ашылып кетуіне көмек беріп, олар ертең бізге рақмет айтатындай дәрежеге жеткізу.

– Өзіңіз дебатқа қатысқаннан кейін, өз бойыңыздан өзгерістер байқадыңыз ба?

– Иә, шынымен даму байқалды.Егер бас кезде мен онымен тек қосымша ретінде айналыссам, жұмысқа тұрып тарих мұғалімі атанғаннан кейін, дебат саласын дамытқаннан кейін жетекші-ұстаздар арасында көп жарыстарды ұтып, жүлдегер болғандықтан, дебат арқылы мен өте көп жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім. Және осы арқылы біз деңгейіміздің көтеріліп кеткенін де байқамай қалдық. Қазіргі уақытта облыстағы ең мықты төрешілердің бірі атандық. Осы орайда дебат бізге ең мықты қабілеттерді берді. IQ, идея ұсыну жағынан болсын, аргументтерді қорғап, ребатл беру жағынан да дебаттың бергені көп екені байқалады.

– Дебатқа жаңадан қосылған адамдарға қандай кеңесіңіз бар?

– Ең алдымен, сіз дебатты ұрыс пен айғай деп ойламаңыз. Дебаттың өз ережелері бар. Бұл өте мықты зияткерлік ойындардың бірі. Мысалы, біздің Jastar.kz  дебат клубында біздің сіздерге үйрететініміз, негізгі идея деген түсінігі. Идеяны қалай алып шығу, оны миыңызға қондыру дегенді қарастырамыз. Бірақ, көбі дебатта ең маңыздысы – шешендік өнер деген жалған түсінікпен жүр. Иә, шешендік өнердің де осы салаға қатысы бар,бірақ ол басты рөлді атқармайды. Біздің басты мақсатымыз, миға идея қондыру. Сіздің миыңызға идея қонса, аргументтер де пайда болып, шешендік өнер де қосылып кетеді. Сондықтан дебатқа жаңадан қосылғандарға берер алғашқы кеңесім –қорықпаңыздар. Бастапқы уақытта қолыңыздан келмей жатса, жай ойын барысын қарап көріңіздер. Бізде тіпті 1 жыл бойы дебаттың өтуін қарап, тамашалап отырып, екінші жылы облыс чемпиондары атанып кеткен окушыларымыз бар. Ал, кейбірі, фотограф болып келіп, қазір студенттік лигада республикалық байқауларда үшінші орындарды олжаларына алып кетіп жатыр. Бұл үлкен нәтиже. Сол себепті, қорықпаңыздар, ойнап көріңіздер. Сіздерді мұнда ешкім күштемейді, керісінше берер мүмкіндіктері өте көп.

– Атышулы Jastar.kz-тің жетістіктеріне шолу жасасаңыз?

– Негізі, әрбір  жарыс бізге үлкен тәжірибемен қоса,көптеген жүлделі орындарға жол ашатын мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Jastar.kz-тің жетістіктері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейде де жетіп артады. Олардың ең өзектісі жақында ғана Атырау қаласында өткен республикалық біздің оқушыларымыз 3 орын иеленген, жетекшілер арасындағы сайыста 2 орын иеленген жарыстар, айта берсек өте көп. Енді біз жақында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қызу дайындық үстіндеміз.

Ең қызығы, мен дебатқа  бұрын тек қосымша ретінде қарап, студенттік лигада тіпті жарыстарға да дұрыс қатыспай, арасында ғана ойнап жүріп, бүгінгі таңда «әлсіз ойыншы, бірақ жақсы жаттықтырушы» болып кеттік. Себебі, қазіргі уақытта өте көп сапалы тренингтер өткізіп жүрміз. Міне осылай, бұрын мен тіпті дұрыс көңіл бөлмеген шағын ойын, қазір менің өмірімде ерекше орын алатын  Jastar.kz атты шағын отбасыма айналып та кетті.

– Осындай әдемі қорытынды арқылы сұхбатымызды аяқтайық, жастарға берері мол әңгімеңіз үшін көп рақмет!

                                          Сұхбатты жүргізген Қайролла Тәтті