Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шаралар эстафетасы Көкшетауда жалғасын тапты. Облыс орта-лығының бас алаңында тұрғындар назарына үздік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Жаса, гүлденген Қазақстан!» мерекелік бағдарламасы ұсынылды және «Шеберлер қаласы» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Шараға жиналғандарды құттықтаған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев елдің дамуына халықтың бірлігі, достығы мен келісімі арқасында қол жеткенін атап өтті. «1 мамыр мерекесі – бүкіл қазақстандықтар үшін айтулы мереке.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде достық пен ынтымақтастық, өзара құрмет пен сенім құндылықтары қалыптасты. Біз бұл мерекені жаңа саяси реформаларды жүзеге асыру жағдайында атап өтіп отырмыз. Сіздер мен біздің міндетіміздің бірі – осы құндылықтарды сақтау, арттыру және келер ұрпаққа жеткізу. Сонда ғана біз жаңа Қазақстанды құра аламыз», – деді аймақ басшысы. Мерекелік шара барысында еліміздің дамуына үлес қосқан бірқатар ақмолалықтар Алғыс хатпен марапатталды. Облыстың барлық қаласы мен аудан орталықтарында Қазақстан халқы бірлігі күні аталып өтілді.

«Көкше-ақпарат»