4 ақпанда Бейжің ұлттық стадионында қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Оған Қазақстанның мемлекеттік туымен шыққан қазақстандық спортшылардың киген киімі Қытай халқының назарын аударды. Айта кетерлігі, олимпиада командасына арналған спорт формасын қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты өз ұсыныстарын білдірген. Ақ Олимпиадада еліміздің атынан 34 спортшы 87 жолдама бойынша сынға түседі.

Қазақстандық спортшылар 5 ақпанда шаңғымен жарыс, фристайл (могул) және шаңғымен тұғырдан секіру сайыстарынан жарыс жолына шықты. Олардың барлығы жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ. Дүбірлі додада 6 ақпанда медаль алған мемлекеттер саны 18-ге жетті. Медальдар кестесі бойынша үздік үштікте Норвегия, Швеция мен Ресей тұр. Өз еліміздің спортшыларына жанкүйер болайық!

«Көкше-ақпарат»