«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шұқатованың қатысуымен Спорт күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты шарада спортшылар мен ардагерлерге, спорт сүйер қауымға, демеушілерге, жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді.

Марапатталғандардың арасында Нұр-Сұлтанда өткен «IRONMAN KAZAKHSTAN 2022» жарысына қатысқан көкшетаулықтар да бар. Жарысқа әлемнің 77 елінен 2 200 триатлет қатысқаны белгілі.

«Iron Сity Kokshetau» клубының қатысушылары – Зуфар Серажиев, Бағлан Әнетов, Еркін Кәкімов, Рустам Аюлов, Айдос Түсеев, Эльдар Сәттібаев және басқалары Көкшетаудың «темір адамдар» қатарын толықтырып, қашықтықты (жүзу – 3,8 км, веложарыс – 180 км, жүгіру кезеңі – 42.2 км) лайықты жүріп өтті.

«Хрустальный колос» облыстық қысқы спартакиадасында жалпыкомандалық 4-ші орынға ие болған Көкшетау командасы мен «Құлагер» спартакиадасына қатысушылар командасына алғыс айтылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Надежда» облыстық спартакиадасында көкшетаулықтар жалпыкомандалық есепте 1-ші орынға ие болды. Спортшыларды сөзбен де, іспен де қолдағандарға қала әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. Олар: Қазақ саңыраулар қоғамы филиалының төрағасы Гүлім Байғошқарова, «Альфа-2030» корпоративтік қорының жетекшісі Владимир Селиванов, «Паралимпик» көру мүмкіндігі шектелген мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Королкова, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Рамазан Мұқатаев, «Шанс «мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский.

«Ақ бидай» XXXIII облыстық жазғы спартакиадасында көкшетаулықтар да белсенді күш сынасып, жалпыкомандалық 1-орынды иеленді.

Дене шынықтыру мен спорттың дамуына мемлекеттік қызметшілер де өз үлестерін қосуда. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы облыстық спартакиадада Көкшетау қаласы әкімдігінің құрама командасы жалпыкомандалық есепте 1-ші орынға ие болды.

Бұл күні спорт ардагерлеріне де ерекше алғыс сөздер айтылды. Антон Грац, Алик Салыбеков, Виктор Курячий, Қанат Осипов, Вячеслав Мухин алғыс хатпен марапатталды.

А.АЙҒАРА