Көкшетаудағы Абылай хан алаңында жаңа жылдық бас шыршаның шамдары жағылды.

Көкшетаулықтар мен қала қонақтарын қала әкімі Бауыржан Ғайса келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады: «Биыл күрделі жыл болса да, толайым табысқа толы,  жемісті жыл болды. Бұл біздің бірлескен жетістігіміз. Мұның бәрі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін!  Баршаңызға Жаңа жыл құтты болсын!».

Бұл күні қала тұрғындары мерекелік отшашу мен мерекелік концертті тамашалады. Балғындар үшін қыстың қызығы басталып та кетті. Жылдағы дәстүр бойынша қаладағы орталық алаңда мұз қалашығы тұрғызылды. Безендірілген мүсіндер түнгі қаланың келбетіне сән беріп тұр.

Тұрғындардың да осы маусымға тән сейіл-серуен күтетіні анық. Сырғанақ пен мұз айдынында тіршілік толастаған емес. Әсіресе балалар шанасы мен шаңғысын сүйретіп, қалашықтың тамырына қан жүгіртіп тұр. Қала орталығында жаңа жыл қарсаңында бой көтерген сырғанақ, ашық аспан астындағы мұз қалашығы балаларға арналған жақсы базарлық болды. Қолдан жасалған сырғанақ мұз айнадай жап-жалтыр. Беті толған бала. Бірінен соң бірі жоғарыдан төмен қарай құлдилап, сырғанақ тебуде. Орталық алаңнан бөлек Болашақ сарайы, Застанционный шағын ауданында, Бірлік шағын ауданындағы №22 ОМ алаңында шыршалар мен сырғанақтар орнатылды.

Мерекені сезіну үшін де қала ішінің мерекеге сай безендірілуі маңызды. Бұл күндері жаңа жылдық безендірулер Көкшенің көркін келтіріп, оны мерекелік сиқырлы қалаға айналдырды. Қала көшелері әдеттегідей жаңаша түрге еніп, құлпыра түсті.  Қазіргі кезде көшелер жаңажылдық әшекейлермен көмкерілген. Мұздан жасалған мүсіндер, жарық инсталляциялары мен шағын сәулеттік пішіндер қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті етуде. Әсіресе, қаланың кіреберісі қақпасы, вокзал маңы ерекше безендірілген. Ғимараттардың қасбеттері, шамдар түрлі-түсті жарықтандырумен безендірілген. Оған осы көшелерде орналасқан кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер зор үлес қосты. Сонымен қатар, мекеме-ұйымдар, сауда, ойын-сауық орталықтары өздерінің аумақтары да жаңа жылға орай жасанып, сәндене түсті.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ