Отан қорғаушылар күні қарсаңында патриоттық рухтағы түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Солардың бірі   облыс орталығында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің қатысуымен өтті. Мәні мен сәні жарасқан байқауда студенттер Тәуелсіздік алаңында салтанатты маршпен өтіп, саптық әндерді орындады. Жыл сайынғы ұйымдастырылатын байқауға биыл 400-ден астам білім алушы қатысты. Патриоттық рух беретін шарада әр өңірден жиналған 20 команда бақ сынады. Мұнда ер азаматтардан бөлек, нәзік жандылар белсенді қатысып жатыр.

«Біз былтырғы болған Талғат Бигелдиновтың 100 болған сап және әндер байқауында бірінші орынды иеленгенбіз.Осы жылы байқауда өзіміздің бағымызды сынауға келдік. Осындай сайыстар ұлтжандылыққа,парасаттылыққа тәрбиелейді», –дейді Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі «Томирис» рухани-патриоттық клубының командирі Зарина Қабидулова.

Қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігіне, сапта тұруына, марштық қадамын дұрыс жасауына және киімнің сәйкестігіне қарай баға берді. Студенттердің бойында әскери тәртіпті қалыптастырып, елге қорған болуға үндейтін мұндай сайысты жыл сайын ұйымдастыру көзделуде.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жеңіпаздарды салтанатты түрде 5 мамыр күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев марапаттады.

«Көкше-ақпарат»