Көкшетаудың орталық алаңында өткен жәрмеңкеге Ақкөл, Атбасар, Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Сандықтау, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласының аыл шаруашылығы тауарын өндірушілер келді. Сондай-ақ, «КОКЅҺЕ ӘКК» АҚ өнімдері ұсынылды.

«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан облыс орталығына келген барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алғыс білдіремін. Бұл біздің алғашқы жәрмеңкеміз. Оған 96 тауар өндіруші қатысты. 20 тоннадан астам ет, 5 тоннадан астам сүт өнімдері саудаға қойылды. Бағалар нарықтан 10-15%-ға төмен», – деп атап өтті жәрмеңкені аралаған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Ұлттық сараптама орталығының Ақмола филиалы әкелінген өнімнің сапаға сәйкестігін тексерді.

«Біз сауда орындарын аралап, барлық өнімдерді тексердік. Егер экспресс-әдіс болса, онда бірден нормаларға сәйкестігі туралы құжат берілді. Нитраттардың құрамы, гельминт жұмыртқаларына тексеріліп, бактериологиялық зерттеу жүргізілді. Кейбір зерттеу хаттамасын өндірушілердің қолдарына береміз. Сондай-ақ, тұрғындар да өтініш жазып, кез-келген өнімге сынама тапсыра алады», – деп түсіндірді бактериолог-зертханашы Анна Боровякова.

Жәрмеңкеде табиғи өнімдерге сұраныс мол болды.

«Біз Біржан сал ауданынан өзіміздің үй өнімдеріміз: сүт, май, коспа, сүзбе әкелдік. Қаймақ, сүзбе, айран, жұмыртқа бірден өтіп кетті. Біздің аудан ет, сүт және жұмыртқа өнімдерімен танымал», – деп атап өтті сатушы Гүлбаршын Асқарова.

Жәрмеңкеде 69,6 млн теңгенің 70 тоннадан астам өнімі ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өндірушілердің 40-тан астам азық-түлік түрлерін сатып алды. Облыс аграршылары 25 тонна ет және шұжық өнімдерін, 1,5 тонна жаңа балық, 125 мың дана жұмыртқа, 6,3 тоннаға жуық сүт және сүт өнімдерін, 5,5 тоннадан астам ұн, 17,5 тонна картоп, 2 тоннаға жуық көкөніс саудалады.

А.АЙҒАРА