Самалтау – қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім.
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен қайран елім!

Атты емеспін, жаяумын,
Жаяудан да баяумын.
Он бес күндей жүргенде,
Омбы жаққа таяумын.

Жасым бар қос мүшелдей, жылым – сиыр,
Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр.
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді.

Ий, осылай өрілетін «Самалтау» әнін қайта жаңғыртқандардың бірі – қазақ халқының күміс көмей әншісі, ғажайып дауыс иесі Димаш Құдайберген. Естіген жұрт ел шежіресіндегі қилы кезеңді сипаттайтын туындыны халық әні деп қабылдап жүр. Алайда, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Үміт Асайынова «Самалтаудың» авторы атасы, әнші Сұраған екеніне сенімді. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы зарлы «Самалтау» Қытайдың Фучжоу қаласында «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында шырқалған болатын. Кейін Американың Нью-Йорк қаласында да дәл осы ән талай шетелдіктің жүрегін елжіретіп, көздерін жасқа толтырғаны бар. «Олай етпеске де болмас, өйткені туынды менің атамның және сол қысылтаяң замандағы талай қазақ жігітінің ауыр тағдырын баян етеді», – деп бастады әңгімесін Үміт Асайынова. «Самалтау» халық әнін орындаушылардың біразының репертуарынан ойып тұрып орын алады. Дегенмен, туынды Димаштың орындауынан соң көпшілікке кеңінен таныла бастады. Халық әнінің алғашқы шумағындағы «Самалтау» аталатын мекен қазіргі Қазақстан картасында көрсетілмеген. Туындының шығу тарихын зерттеп көрген әнші Ерлан Төлеутай әннің авторы еліне оралмаған, содан шығармаға арқау болған, елді мекені де белгісіз қалған деп ой түйеді. Үміт апай болса, «Самалтау» өзіміздің өңіріміздегі Айыртау деген пікірде.
«Атамыз көзі жұмылғанша, «Айыртау, Айыртау» деп туған жері Сырымбетті аңсап өтіпті. Өлеңде туған жерінің атын жасырып, «Самалтау» деп өзгертуіне тура келген. Өскен өлкесінің Айыртау екенін жария етсе, оның кім екенін бірден біліп қояр еді. Жасырынып жүргендіктен, оны айта алмады. Бұл туынды атамыздың 1916 жылғы патша жарлығы бойынша уездегі өзге 5 жігітпен окоп қазуға бара жатып шығарған әні», – деп әңгімесін жалғады Үміт Сапарғалиқызы.

– Атамыз сиыр жылында дүниеге келген. Сонда ол кезде әнші Сұрағанның жасы шамамен 28-де екен. Сырымбет өлкесінен Омбыға жаяу шықса, тура жыр шумақтарында айтылғандай, орыстың қаласына 15 күнде жететін көрінеді».

Әнші Сұраған Асайынның шаңырағында зарықтырып барып жеті қыздан кейін туған жалғыз ұл болған көрінеді. Ата-анасы Құдайдан сұрап алған баласына ырымдап Сұраған деп ат қойыпты. Ол Николай II-нің жарлығы бойынша жер қазуға кетіп бара жатқанда әкесінің жасы 69-ды, шешесі елуді алқымдаған. Ата-
анасының қарттық шаққа жеткені жайлы өлеңде автордың өзі де айтып өтеді. Ұлының шаңырақ көтергенін әке-шешесі көре алмай, Сұрағанды үлкен апасы үйлендірсе керек. Осындай сәйкестіктерді тізіп айтып берген Үміт Асайынова отандастарына әннің авторы әнші Сұраған екенін дәлелдегісі келеді. Кезінде атасы оны өзі айта алмай кетсе керек. «1930 жылы қазақ өнерінің жарық жұлдыздарының бірі Үкілі Ыбырай «халық жауы» атанып атылып кетті. Сұраған атамыз әнші, сазгердің ең жақын адамы болғандықтан, ақынның ізінше қамалуы тиіс еді. Бірақ Қарауылдан шыққан ағайындары оны жасыруының арқасында ғана аман алып қалды. Домбырасын да ешкімге көрсетпеген, балаларына үйретпеген. Малы кәмпескеленген ол Сібірде бой тасалады. Тіпті, біз кішкентай болғанда да ол жайлы көп айтыла бермейтін. Үйдегілер балалықпен бәрін айтып қоя ма деп сескенуші еді. Осылайша кейінгі ұрпағына ұлттық аспапты шерттіруге үрейленген. Сұраған әнші өзі шығарған жыр шумақтарын да жасырып келген. Тек өзіне аманат етіп қалдырғандықтан, Үкілі Ыбырайдың шығармаларын шамасы келгенше, жұртшылыққа жеткізіпті. «Қалдырған» өлеңінің соңында Үкілі Ыбырай менің атама қаратып, ізін жалғауды Сұрағанға аманат еткен. Оны дәлелдеген бірнеше адам бар. Атам көрнекті сазгердің шәкірті әрі жақын жолдасы болғандықтан, оның талай әнін халыққа жеткізген. Өкініштісі – Сұраған атамыздың өзі жайлы бірауыз сөзі сақталмапты. Ол жайлы жазылған қандай да бір дерек іздеп, талай мұрағатқа жүгіндік. Бірақ Көкшетау өңірінің архивіндегі алғашқы жазбалар «небәрі 1930 жылдан басталады. Ол кезде атамыз Сібір жаққа қашып кетсе керек», – деп шерін тарқатты зейнеткер. «Әкем атамыздан соң араға екі жыл салып жол апатынан көз жұмды. Тірі болса, атамыздың атын да, шығармаларын да жаңғыртар ма еді? Бабамыздан қалған арабша жазылған біраз құжаттар болды. Оны сандықта сақтап жүретін. Кейін біз көшіп-қонып жүргенде ол құжаттардан көз жазып қалдық», – деп өткен күндерді өкінішпен еске алды апамыз. Үміт Асайынова атасын соңғы рет бес жасында көрген. Көкшетау өңірінде оның қандай әнші болғанын білетін адамдар бар болуы мүмкін. Түрлі заманаларда бойындағы өнері түгіл, өзінің аты-жөнін, қазақ руханиятына қосқан үлесін жасырған адамдарды, олардың қилы тағдырын жас ұрпақ біліп өсуі керек. Ел арасында Сұраған әнші жайлы, халық әніне телініп жүрген «Самалтау» туындысы оның төл шығармасы екенін білетіндер кездесіп қалар, бәлкім. Құдайға шүкір, қазіргі заманды өткен уақытпен салыстыра алмаймыз. Әлдекімдердің көзі мен сөзінен жасырынудың қажеті жоқ, керісінше, ұмыт болған дүниелерді жаңғыртуымыз керек. Үміт Асайынованың да тілегі осыған саяды.

САМАЛТАУ МА, САРЫАРҚА МА?

Мақаланы жазу барысында Самалтау деп жүргеніміз Сарыарқа емес пе екен деген де ой келді. 1918 жылы жарыққа шыққан «Абай» журналының №7 санында Жүсіпбек Аймауытовтың «Ғаскер өлеңі» деген жыры жарияланған.

«Арғы атам – ер түрік,
Біз – қазақ еліміз.
Самалтау, шалқар көл,
Сарыарқа – жеріміз.
Сай сайлап, мал айдап,
Сайрандап, ен жайлап,
Ерке өскен Арқаның,
Еркесі, серіміз»,

– деп басталатын бұл рухты жырды бүгінде жігіттер Алаш ұраны деп айтып жүр. Жүсіпбек Аймауытов «Самалтау, шалқар көл, Сарыарқа – жеріміз» деп жырлап отыр. Соған қарағанда Самалтауымыз Сарыарқа емес пе екен?
Бұл ойымызды қуаттай түсетін тағы бір мысал бар. 1940 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекет баспасынан «1916 жыл» деген әдебиеттер жинағы шыққан. Жинақта негізінен 1916 жылғы патша жарлығына қарсы жазылған өлең-жырлар жинақталған. Осы кітапта Нармамбет ақынның «Сарыарқа» деген өлеңі басылыпты.

«Сарыарқа – сайран жерім-ай,
Салқын да самал белім-ай.
Сандықтай тауың тізілген,
Өлкелі өзен, көлім-ай», –

дейді Нармамбет. Ақын Сарыарқаны самалды жерге теңейді.

«Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға.
Сайран тау, самал жайлау,
сырнайлы өзен,
Лебімен алар тартып, шықсаң қырға».

Қасым Аманжоловтың «Сарыарқа» өлеңінде де осындай жайт. Қасымның да Сарыарқаның самал жайлауын жырға қосуы бекер емес шығар?!
БҰЛ ҚАЙ КЕЗДЕ ШЫҚҚАН ӘН?
«Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді.
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді…».

Әлбетте, «Самалтаудың» «он алтының зары» екенінде дау жоқ. 1916 жылдың 25 маусымында патша жарлығы шығып, 19 бен 43 жас аралығындағы жігіттерді майданға ала бастады. Бұл сол шақта туған ән делінеді. Жоғарыда мысалға келтірілген «1916 жыл» кітабында осыған ұқсас өлеңдер өте көп.
Кітапта «Қазіргі Қарқаралы ауданы, бұрынғы Қарқаралы үйезіне қараған Берікқара болысы 1-ауылының адамы Асқар деген ақын жігіттің приомға барғанда үй ішімен қоштасқан, жаңа окопқа барған жерінде жазған өлеңі» жарияланған.

«Қалғаның ба артымда, қайран елім?
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім!
Шыдай алмай патшаның қорлығына,
Көкіректе қайнайды қайғы-шерім»,
– деп жырлайды Асқар.
Енді «Самалтауды» оқиық:

«Самалтау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім».

Ұқсап тұр ма? Соған қарағанда «Самалтау» осы секілді ел аузындағы жырлардың жиынтығы емес пе екен деген ой туады. Мұндай ой Жақсыбай Сүлейменовпен әңгімелескен кезде туындады. Ақсақал бізбен әңгімесінде «Самалтаудың» әні анық Сапалай Исатаевтыкі, бірақ сөзі Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмола облысында Совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан Байсейіт Әділовтің зары болуы мүмкін деген тосын ой айтты.
«Біздің жақта «Самалтау» Сапалайдың әні деп айтылады. Алайда, Сапалай 1916 жылы майданға бармаған. Сондықтан әннің сөзі өзгеріске түскен болуы мүмкін. 1918 жылы Бәкен Серікбаев, Байсейіт Әділовтер қамауға алынып, Омбыға барған. Бұл – сол кезде Бәкен мен Байсейіттің елін, жерін сағынып, басына түскен мұңын айтып, жоқтаған зары», – дейді асқақал.

Жазушы Өтен Ахмет әлеуметтік желідегі парақшасына қызық дерек қалдырды. Ол «Самалтауды» Жүсіпбек Аймауытовтың «Ғаскер өлеңімен» салыстыра келіп, әннің авторы Жүсіпбек болуы мүмкін деген пікір айтты. «Самалтау, қайран елім, шалқар көлім…» Жүсіпбек Аймауытовтың «Алаш маршының» бірінші шумағында да («Самалтау, шалқар көл, Сарыарқа – жеріміз») – осы сакралды тіркестер. Бұл кездейсоқтық па? Авторы белгісіз деп жүрген әнге де, ән сөзіне де Жүсіпбек Аймауытовтың қатысы жоқ па екен?» дей келе, «Кезінде саяси себеппен ақылды кісілер халықтыкі деп, авторларын әдейі жасырған болар. Қазір, шүкір, иелері табылып жатыр. Осы тұрғыдан «Самалтау» әні мен сөзіне Жүсіпбек Аймауытовтың қалайда бір қатысы бар-ау деген ой мені ауық-ауық мазалап қояды», – дейді Өтен Ахмет.
Жалпы, бұл әннің төңірегінде әлі де зерттеуді қажет ететін мәліметтер жетерлік.

Деректер бойынша дайындаған Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *