Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. «Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады,» – деп бекер айтылмаған. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз! – дегендей, Қалалық орталық үлгілі кітапхананың ұйымдастыруымен «Еңбек күніне» байланысты дарынды өнер иесі, сахна саңлағы, «Парасат орденінің» иегері, Көкшетау қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының халық әртісі Бағысова Жібек Есекейқызымен «Еңбек – өмір мәні» атты кездесу кеші өтті. Кездесу кешіне Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиев, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің студенттері, кітапхана оқырмандары, С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары қатысты.

Кеш барысында Жібек Есекейқызы балалық шағы жайлы сыр шертіп, өнер жолында жеткен табыстары жайлы айтып өтті. Кеш барысында Біржан сал атындағы музыкалық колледждің студенттері Нұрдәулет Әбдірахман, Әнәс Иманғазы, Құралай Сағидолла, Зарема Қасенжан, Мадина Әубәкірова қобыз, жетіген, домбырада кешті өздерінің музыкалық номерлерімен безендіріп жіберді. Серік Жетпісқалиев, Лариса Минина сөз алып, Жібек Есекейқызын құттықтап, гүл шоқтарын табыстады. Өз кезегінде Жібек Есекейқызы кітапхана қызметшілеріне ризашылығын білдіріп, кітапханаға «Өмірлік өнер мектебім» атты кітабын табыс етіп, жастарға өзінің ақылын айтып, батасын берді.

Рустам Әубәкіров,
Қалалық орталық үлгілі кітапхананың кітапханашысы