НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық референдум өтетін күнде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу алгоритмі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысына сәйкес, референдумды өткізу кезінде:

1) адамдардың көп жиналуына жол бермей, әлеуметтік қашықтықты сақтауды қамтамасыз ете отырып, референдумға қатысушылардың легін реттеуді;

2) үй-жайларда желдеткіш/ауа баптау жүйелерінің үзіліссіз жұмыс істеуін;

3) ауаны жасанды желдету жүйесі болмаған жағдайда үй-жайларды жүйелі желдетуді;

4) дауыс беру алдында және күні бойы қажеттілігіне қарай үй-жайларды желдетуді;

5) дауыс беру алдында және күні бойы қажеттілігіне қарай үй-жайларды жуу құралдарын қолдана отырып тазалау, ылғалды жинау, дезинфекция жүргізуді қамтамасыз ету қажет.

Аталған қаулының орындалуын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, аумақтық референдум комиссиялары қамтамасыз етуі тиіс.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы 5 маусымда өтетін республикалық референдум комиссияларының қызметі туралы қаулы қабылдады. Үгіттеу жұмыстары референдум тағайындалған сәтте басталып, дауыс берудің аяқталуына бір күн қалғанда, яғни 2022 жылы 4 маусымда сағат 00-00-де аяқталады. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес, дауыс берушілердің тізіміне 11 722 536 адам енгізілді.