Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының, Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-нің, «Viamedis Kokshetau» клиникалық оңалту орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, Степногорск қаласында тұрғындармен жүздесіп, жергілікті билік өкілдеріне бірқатар салаға қатысты нақты тапсырмалар берді.   

Президент ең алдымен азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып, офицерлермен және курсанттармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталды.«Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала.

Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды. Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді.

Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді», – деді Мемлекет басшысы. Академияның 1-курс студенті Әліби Рустамұлы Президент алдында сөз сөйлеп, Асқар Забикулинге көше атын беріп, батыр есімі елдің жадында қалуына ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді. Кездесуден кейін Мемлекет басшысы академияның төтенше жағдайларға арналған техникаларымен, оқу-жаттығу жабдықтарымен танысты. Оқу орнының мамандары курсанттарды практикалық тұрғыдан машықтандыру үшін арнайы құрылғылар ойлап тапқан.

Сол арқылы нысандардың өртке қарсы қауіпсіздік жағдайын және өрттен кейінгі ахуалын 3D моделімен айқындайды. Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар академияға жаңа оқу ғимараты мен жатақхана салу үшін жер телімін бөлуді тапсырды. Айта кетерлігі, Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтерілетіні белгілі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев  Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясына» барды. Президентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру цехтарын аралап көргеннен кейін Мемлекет басшысына кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді. Кәсіпорын басшылығының мәліметіне сәйкес өндіріс орнында қосымша қойма, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынған. Екі жаңа өндіріс бөлімшесінің құрылысы аяқталуға жақын.

Сондай-ақ Еуропадан, Оңтүстік Кореядан роботтандырылған дәнекерлеу, фрезерлеу орталықтары және станоктар сатып алынған.Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Кейінгі үш жылда 121 миллиард теңгеге 6500-ден астам өнім түрлерін шығарған.

Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі машина жасау саласының жай-күйі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,6 есе, машина жасау 3,2 есе, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. 2022 жылы бұл салаға 3 миллиард теңге инвестиция құйылған.

Президент машина жасау кәсіпорындарының басшыларымен де өндірісті өркендету жөнінде пікір алмасып, Үкімет тарапынан осы салаға қолдау көрсетіліп жатқанын, олардың еңбегі мен сапалы өнімдерінің маңызды екенін атап өтті.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы былтыр мамыр айында ашылған «Viamedis Kokshetau» клиникалық оңалту орталығына атбасын бұрды. Бұл – инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Оның жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 250 пациентке арналған емхана салынған. Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек-орын қарастырылған.

Емханада 20 мың адам тіркелген.Денсаулық сақтау мекемесінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді. Президентке емхана басшылығы орталықтың науқастарға сапалы әрі жедел диагноз қоюға мүмкіндік беретін заманауи медициналық аппараттармен және құралдармен жабдықталғаны жөнінде мәлімет берді.Президент медицина саласының ардагерлерімен және жас мамандарымен де әңгімелесті.

Әңгімелесу барысында медицина ғылымының докторы Серік Аяғанов биыл өңірде 40-қа жуық алғашқы медициналық көмек көрсету нысаны ашылып, бірнеше аудандағы ауруханалар жаңартылатындығын атап өтті.

«Олардың барлығы бүгінгі күннің талабына сәйкес медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұның барлығы мемлекеттің халық денсаулығына қамқорлығы деп айтсақ болады», – деді ол.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы туралы баяндалды.Өңірде 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 7800-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлердің тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Облыс 1,4 миллиард теңгеге 80-ге жуық медициналық техника сатып алды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстағы 38 елді мекенде амбулаторлық-емхана нысандарын салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысына Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдік инвестормен бірлесіп, Көкшетауда 630 орындық көпсалалы заманауи аурухана салу жобасын жүзеге асырып жатқаны туралы айтылды.Президентке осы медициналық орталық орналасқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданының құрылысы таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағын ауданның аумағы – 1120 гектар. Бұл жерде 56 көпқабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген.Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр.

Президенттің өңірге жұмыс сапары Степногорск қаласындағы «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-інде жалғасты.Мемлекет басшысына жылыжай өнімдері – қияр, қызанақ, бұрыш және басқа да көкөністер мен гүл өсірудің заманауи технологиялары таныстырылды. Жылыжай кешенінің жалпы ауданы – 5 гектар.

Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,8 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылы баклажан және құлпынай өсіру бөлімшелерін іске қосу жоспарланып отыр. Компанияның өнімдері толығымен Қазақстанның ішкі нарығында сатылады. Мемлекет басшысы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен әңгімелесті. Кездесу барысында түйткілді мәселелер көтеріліп, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты конструктивті ұсыныстар айтылды.

Президент жағдайды жіті қадағалайтынын, бизнес ахуалы туралы жедел ақпарат алатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратынын және ынтымақтастықтың жаңа формалары әзірленетінін мәлімдеді. Кешкісін Мемлекет басшысы Степногорск жылу электр орталығының жұмысымен танысты.

Президентке «Степногорск жылу электр орталығы» ЖШС-нің техникалық жай-күйі және Ақмола облысындағы жылыту маусымының барысы жөнінде мәлімет берілді. Жылу энергетика нысанының бірінші кезеңі 1966 жылы пайдалануға берілген, ал жаңа өндірістік қуатын іске қосу 1989 жылға дейін жалғасқан. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өңір бойынша Степногорскіде бір ЖЭО бар және 663 қазандық жұмыс істейді. Қазандық жабдықтарының орташа тозу деңгейі 50 пайызға жеткен. 9 жылу көзінің пайдаланылып келе жатқанына 50 жылдан асқан, ал 637 қазандықтың іске қосылғанына 25 жылға жуықтаған.

Степногорск қаласындағы жылу желілерінің 82 пайызы тозған. Ақмола облысында жылыту маусымы аяқталғаннан кейін барлық жылу желісіне және қазандық жабдықтарына техникалық тексеру жүргізіледі.Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға әкімдікпен бірге Степногорск қаласын жылумен қамту мәселесінің шешу жолдарын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.Сонымен қатар Мемлекет басшысына Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысына қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берілді. Облыс әкімі Үкіметпен бірлесіп, жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. ЖЭО-ның қуатын сағатына 520Гкал жылу мен 240MBт электр энергиясын өндіретін деңгейге дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды.

Президент  жұмыс сапары барысында Степногорск қаласындағы 6-шы шағын ауданның ауласын аралап, үй маңындағы аумақта жасалған жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Қала аулаларында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынып, тренажерлер орнатылған, тротуарлар жасалған, көлік тұрағы орындарының саны көбейтіліп, жолдар асфальтталған.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Степногорск қаласының әкімдігі үшінші жыл қатарынан абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Іске асырылатын жобаларды тұрғындардың өздері дауыс беру арқылы таңдайды. 2023 жылы Ақмола облысында аулаларды жөндеуге өңірлік бюджеттен 900 миллион теңге бөлінді, оның жартысы Степногорск қаласына арналған. Қала тұрғындарымен әңгімелесу барысында Президент Степногорск қаласының дамуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Жергілікті ЖЭО мен жылу желілерінің жағдайы – Степногорск тұрғындарын алаңдататын маңызды мәселелердің бірі. «Осы кәсіпорындағы жағдаймен танысқаннан кейін бұл мәселелерді мұқият саралауға шешім қабылдадым.

Үкіметке әкімдікпен және кәсіпорын иелерімен бірлесе отырып, іс-әрекет алгоритмін әзірлеуге, шешімдер қабылдауға тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы.Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пестицидтер мен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты. Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті. Зауыт әлемдік стандарттарға сай және экологиялық, өндірістік, санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормасы мен талабын ескере отырып салынған.

Былтыр кәсіпорын сомасы 41 миллиард теңге болатын 7 мың тонна өсімдіктерді қорғайтын химиялық зат шығарған. Сонымен қатар Степногорск қаласындағы компанияның аккредитациядан өткен халықаралық өндірістік-ғылыми зертханасы бар.Кәсіпорынды аралап көру барысында Мемлекет басшысына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде баяндады.

Президентке химия және өңдеу өнеркәсібі саласының, металлургияның, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жай-күйі жөнінде мәлімет берілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында өндірілетін өнімдер көрмесін аралап көріп, ірі кәсіпорындардың басшыларымен өңір экономикасын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін және перспективаларын талқылады.

Президент   жұмыс сапары аясында Степногорскідегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралап көрді.Онда бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, футбол, шаңғы жарысы және самбо секциялары бойынша 1140 бала спортпен шұғылданады. Сабақты 30 жаттықтырушы-оқытушы жүргізеді.Мемлекет басшысына балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі тәрбиеленушілерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін ауыр атлетика залы мен үлкен ойын залы таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушыларымен кездесті.Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға алғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды.

Шара соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада чемпионы биатлонист Бекентай Тұрлыбековке Алғыс хатын табыс етті.

                                                                     «Көкше-ақпарат»