Қала әкімі Бауыржан Ғайса салтанатты жиынға қатысып, №4 мектептің педагогикалық ұжымы мен оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Қала әкімімен бірге қалалық мәслихаттың хатшысы Рүстем Қалышев, Көкшетау қалалық білім бөлімінің жетекшісі Айгүл Нөгертаева және педагогикалық еңбек ардагері, осы мектептің 40 жылдан астам орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып еңбек еткен ардагері Татьяна Евтушенко болды.

Қала басшысы құттықтау сөзінде 1 қыркүйек – ерекше мереке екенін атап өтті: «Бұл күні бірінші сынып оқушылары үшін алғаш рет мектеп қоңырауы соғылады, олар үшін таңғажайыптарға толы жаңа өмір кезеңі басталады. Биыл №4 мектепте бастауыш буынға арналған 360 орындық заманауи ғимарат ашылды, енді балалар кең сыныптарда оқитын болады, ал мұғалімдер өздерінің кәсіби шеберліктерін жүзеге асырады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында сапалы қолжетімді білім алу үшін барлық жағдай жасалуда. Жыл сайын саланы қаржыландыру ұлғаюда, материалдық-техникалық база жетілдірілуде, заманауи технологиялар енгізілуде.

Сондай-ақ, оқушыларды оқыту үшін қауіпсіз орта құруға көп көңіл бөлінеді. Айта кету керек, қаланың барлық мектептері бейнекамералармен жабдықталған, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелері бар. 24 мектепте турникеттер орнатылып, 18 мектепте 29 жаңа модификация кабинеті сатып алынды. Көкшетауда 3 мыңнан астам мұғалім еңбек етуде, 25 жалпы білім беретін мектеп, 2 жекеменшік, 29 мектепке дейінгі білім беру нысаны және 4 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Биыл балабақшаларда шамамен 31 мың оқушы мен 8 мың баланы қамту жоспарлануда».

№4 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Инна Дубровинаның айтуынша, мектепте 112 педагог қызметкер, 22 педагог-зерттеуші, жоғары санатты 2 педагог, 13 педагог-сарапшы, 24 педагог-модератор еңбек етеді. Жоғары сынып оқушыларын оқыту бағыты – қоғамдық-гуманитарлық. 1101 оқушы білім алуда.

«Биыл 360 орындық жаңа оқу корпусы, спорт және акт, конференц-залы бар екінші корпус пайдалануға берілді. Ғимарат үш қабатты, Әр кабинетте интерактивті тақта, компьютерлер бар, лифтілер, асхана және үлкен кітапхана, жеке кітап сақтау орны бар, мектептің кітап қоры 35 114 дананы құрайды.

Жаңа оқу жылынан бастап мектепте инклюзияны қолдау бойынша екінші кабинет ашылады. Инклюзивті оқыту сыныптарында ерекше білім беру қажеттілігі бар 1-4 сыныптардың 16 оқушысы оқитын болады. Арнайы түзету-дамыту сыныптарында 1-8 сыныптардың 80 оқушысы оқиды, олардың 6-ы жеке жоспар бойынша үйде оқиды, оларға компьютерлік техника берілді», – деп атап өтті педагог.

Мектеп оқушылары қалалық және облыстық пәндік олимпиадалар, ғылыми жарыстар, республикалық шығармашылық конкурс, спорттық жарыстардың тұрақты қатысушылары. Олардың ішінде география пәні бойынша олимпиада жүлдегерлері – Елдар Асамутдинов, өзін-өзі тану пәні бойынша – Аружан Тасыбекова, тарих пәні бойынша – Владислав Цыганов, пневматикалық винтовкадан спорттық атудан облыстық турнир жеңімпазы Джесика Дударова, мектеп парламентінің көшбасшылары – Аружан Әменова, Ева Чуенко, «Тікелей эфир» жобасының авторы және жүргізушісі Ангелина Васелюк бар. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 19 түлектің 7-уі грантқа түсті.

Салтанатты жиын барысында 11 сынып оқушылары бірінші сынып оқушыларын құттықтап, 126 бүлдіршінге әліппе оқулықтарын табыс етті.

11 «А» сынып оқушысы Алина Хисамудинова медицина институтына түсуді жоспарлап отырғанын, педиатр болғысы келетінін, қазір биология мен химия пәндері бойынша дайындық үстінде екенін айтты. Ол футболды жақсы көреді, спорттық жетістіктері үшін медаль иегері, география олимпиадасының жүлдегері.

«Оқу жылы басталар алдында, барлық құрдастарым сияқты мен де толқимын, алда емтихандар мен ҰБТ тапсыру, мамандық таңдау сәті күтіп тұр», – дейді мектеп түлегі.

Алғашқы қоңырау соғу рәсіміне пәндік олимпиадалардың жеңімпазы, зияткерлік конкурстардың жүлдегері, мектеп парламентінің көшбасшысы, 11-сынып оқушысы Аружан Тасыбекова және 1-сынып оқушысы Жаслан Жантөре ие болды.

Айта кетейік, қалалық мұрағат деректеріне үңілсек, № 4 мектеп тарихы 1923 жылдан бастау алады. Келер жылы білім ордасы 100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалуда, мектеп мұражайын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде, онда Қаныш Сәтпаевқа арналған экспозиция жоспарланған. Ұжым қазақстандық білім берудің озық дәстүрлерін қолдап, дамытуға атсалысуда.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА