Аты аңызға айналған атақты жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков қазақ елінің тарихында Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жарқын тұлға ретінде лайықты орын алмақ. 22 маусым күні Смағұл Сәдуақасов көшесінің бойындағы аллеядағы ескерткіштің жанында Еркін Нұржанұлының 92 жылдығына арналған митинг өтті. Салтанатты бұл шараға қала жұртшылығының өкілдері, туған-туыстары, әріптестері қатысты. Қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің, жоғары және орта оқу орындарының өкілдері, туған-туысқандары ескерткішке гүл шоқтарын қойды

Жиында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, туған інісі Болат Әуелбеков, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары Болат Жанәділов, Татьяна Савенко, әріптес шәкірті Геннадий Глухов сөз сөйледі. Олар Еркін Әуелбековтің облыс экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады. Облыстық партия комитеті бірінші хатшысының басшылығымен Көкшетау қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, мәдениет сарайы, өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандар салынды, жаңа шағын аудандар пайда болды.

Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан ұлтжанды, елгезек азамат Николай Жовченкоға алғыс хат табыс етіп, оның ескерткіш маңын қызғыштай қорғап, тазалығын сақтаудағы еңбегіне ризашылығын білдірді. «Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қорының төрағасы Оразкен Нұртазин ел ардақтысы Еркін ағаның ескерткішіне қамқорлық жасап, өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеп жүрген еңбек ардагерлері Теңбай Ыбыраев пен Николай Жовченкоға ескерткіш медаль тапсырды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен тарихи-өлкетану мұражайында Еркін Әуелбековтің өмірі мен қызметіне арналған арнайы залдың ашылғандығын хабарлап, жиналған қауымды ондағы экспонаттарды көруге шақырды. Екі жылдық үзілістен кейін 5-7 маусым күндері грек-рим күресінен дәстүрлі республикалық турнир өтті. Бұл жарысқа республиканың 16 қаласынан жас палуандар қатысты. Ал, қаңтар айында тоғызқұмалақтан да аймақтық жарыс өткен болатын.
Еркін Әуелбековтың туғанына 92 жыл толуына араналған салтанатты митингіге қатысушылар сондай-ақ, ұлы тұлғаның Қаныш Сәтпаев көшесі, 15 мекенжайдағы мемориалдық тақтаға да гүл шоқтарын қойды.

А.АЙҒАРА