Хаги ваги мен Киси миси. Бұл қазіргі уақытта кішкентай балғындар арасында танымалдылыққа ие ойыншықтар. Сұраныс жоғары. Сондықтан сатушылар үшін өте тиімді бизнес. Алайда осы ойыншықтардың ойын сюжетіне жүгінсең, жаға ұстарың анық. Ал, балаларға осындай ойыншық әперу қауіпті ме? Ата-аналардың пікірі қандай?

БЛИЦ-ОПРОС: 

  • Бұл ойыншық маған ұнамайды, түрі де қорқынышты. Балалардың жүйкесіне әсер етеді деп ойлаймын.  
  • Жай ғана жұмсақ ойыншық,одан қорқудың қажеті жоқ меніңше.
  • Әркімнің ойы әр түрлі, оған соншалықты мән берудің қаншалықты маңызды екенін білмеймін.
  • Мен мұндай ойыншықтарды балаларыма алмауға тырысамын.
  • Біздің заманымызда мұндай ойыншықтар шығарылмайтын. Жануарлар, құстар болсын, түрлері әдемі болатын.

 Хаги ваги мен киси миси — Poppy Playtime балалар қорқынышты ойынының басты кейіпкерлері. Хаги Ваги есімі ағылшын тілінен аударғанда «hug»  сөзінен шыққан, бұл құшақтау дегенді білдіреді. Сценарий бойынша Хаги Ваги өлімге дейін құшақтайды, содан кейін олжасын жейді. Көк зұлым қыздың аты Киси Миси «kiss» сөзінен шыққан, сәйкесінше ол өлімге дейін сүйеді. Сондықтан Poppy Playtime ойыншысының міндеті-тірі қалу және кек құбыжықтарының қолына түспеу.  Диана Нұржанованың  4 жасар қызы бар. Ол осындай ойыншықтарға түбегейлі қарсы екенін айтады.

 «Қызым осы ойыншықпен 3 күн бірге ұйықтап, тіпті балабақшаға дейін бірге барды. Менің жиендерім де осындай ойыншық алып бер деп атааналарына лаң салғанын білемін»,–дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Диана Нұржанова.

Қала дүкендерін аралау кезінде мұндай ойыншықтарды сөреден көзіміз шалмады. Себебі барлығы сатылып кеткен. Сұраныстың көп екенін сатушылар да жасырмайды. Десе де, кәсіби балалар психологы қауіптің бар екенін айтады. «Баланың негізгі санасы 0-ден 5 жасқа дейін қалыптасады. Содан кейін біз баланың даму базасын толықтырамыз. Менің ойымша, ойыншық тәрбиелік сипатта болуы керек. Зейінді, есте сақтауды, ойлауды дамытуы керек. Бұл ойыншықта мен психолог ретінде мейірімділікті де, үйретушіні де, дамытушыны да көріп тұрған жоқпын»–дейді балалар психологы Индира Ботанова.

  Психологтың айтуынша, мұндай ойыншықтарға тыйым салу мағынасыз. Себебі 5 жасқа дейінгі балалар қоршаған ортаға қатысты өз пікірін әлі қалыптастырмайды. Алайда, ата-аналар балалардың ойыншықтары шынайы және тәрбиелік сипатта болуы керек екенін түсінгені абзал.

             Талант ТАҢАТАР