«Бурабай» республикалық оңалту орталығының базасында Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты құрылды, ол Қазақстандағы курортологияны дамытудың бірыңғай ғылыми-әдістемелік орталығы болады, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құрылған Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты санаторийлік-курорттық саланы дамыту үшін табиғи емдік балшықтарды, минералды суларды, өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ғылыми, сараптамалық және кешенді зерттеулер жүргізетін болады.

ҒЗИ-дың базасындағы бірыңғай әдістемелік орталық осы саладағы бірыңғай стандарттарды әзірлеуді өз мойнына алады, профилактикалық және қалпына келтіру медицинасындағы жаңа технологиялардың жолсерігі, құқықтық және ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарының кураторы болады, сондай-ақ кадрлық, материалдық-техникалық, консультациялық-әдістемелік сипаттағы мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Денсаулық сақтау министрлігі санаторийлік-курорттық емдеу халықты сауықтыру ісінде пәрменді шара болуға тиіс екенін атап өтті.

  «Көкше-ақпарат»