Достық үйінде Ақмола облысы ҚХА  мүшесі Марат Қадырұлы Сырлыбаев және облыстық Ассамблея жанындағы журналистер клубының мүшесі Байқал Қайроллаұлы Баядиловтың 60 жасқа толуына байланысты салтанатты отырыс өтті.

Мерейтой иелерін құттықтаған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Е.Нұғыманов, Марат Қадырұлы  мемлекеттік органдарда, жоғары оқу орындарында көп жылдары басшылық қызметті абыройлы атқара жүріп, Ассамблеяның тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста жүргенін, ал Көкше жерінде туып-өсіп, журналистік, ақындық жолында биік белестерді бағындырған Байқал Қайроллаұлы бүгінгі күні Ассамблея жанындағы журналистер клубының беделді мүшесі екенін атады. Халқымыздың салты бойынша той иелерінің иығына шапан жауып, сыйлықтар табыстады.

Әріптестерін құттықтауға келген Ақмола облыстық ҚХА мүшелері, Журналистер клубының төрайымы С.Ким, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қ.Төреғожа өз ыстық лебіздерін білдіріп, өнерпаздар әннен шашу шашты.

 «Көкше-ақпарат»