Көктемнің алғашқы  күні, 1 наурыз  Қазақстан  халқы алғыс  айту  күнін  атап өтеді. Бұл  күн –  барлық қазақстандықтардың  достығы,  мейрімділігі мен  ыстық  ықыласының  жарқын  символы  болып  табылады.  Азаматтардың  бір – біріне  сый – құрмет  білдіретін  күн.  Бұл  мереке – елдің  тарихын  еске  түсіруге ықпал етеді.  Осы  күнде    адамдар  бір – біріне, ата – аналарына, балаларына  алғыс  айтып,  бірге  өткізген  күндерін  еске  алып, достың,  туыстық,  жағымды  жақсы  қарым – қатынас  орнатуға қадам  жасайды.

Қазақ  бағзы  заманнан  кеңпейілділігімен, жомарттығымен аты  шыққан  дана  халық.  Қазақстан  сонау  жылдарда  тағдыр  тәлкегіне  ұшыраған  талай  ұлтты  өз  бауырына  басып,  өзім  деп  қабылдаған  ел.  Тарихтың  тереңіне  үңілетін  болсақ,  Қазақстанның  осындай  көпұлтты  болып  қалыптасуына  өзге  ұлт  өкілдерінің  жер  аударып  келуі мен  бейбіт  халықтың  екінші   дүниежүзілік  соғыс  кезінде   біздің елге    көшірілуі  себеп  болды.  Казіргі  кезде  біз  бір  шаңырақ астында  130- дан  астам  ұлт  өкілдері   тату – тәтті  өмір  сұріп  жатқан   бірден – бір  елміз.

Мысалы: Қаламыздағы  «Достық» үйінің  жанынан  ұйымдастырылған  Ақмола  облысы  қолөнер  шеберлер  одағы  көптеген    жылдардан  бері  жұмыс  атқарып  келеді.   Бұл  одақта  әр  түрлі  ұлт  өкілдері  еңбектеніп, әр бір қолөнер  шеберлері  өздерінің  ұлттық  өнерімен  таныстырып,  шеберлер  арасында   және  мектеп оқушыларына, студент  жастарға  шеберлік   сабақтарын  өткізіп  тұрады. Сонымен бірге  еліміздегі, облыстық, қалалық мерекелік  іс – шараларға да  белсене  қатысып, қолөнер  көрмелерін  ұйымдастырып  тұрамыз.   «Қазақ  кең  болсаң  кем  болмайсың»  деген  әрқашан.   Сол кең  мінездің  арқасында   өзінің  ғана  емес,  өзгенің де  көңілін  тауып  келеді.  Кішіпейілділік,  кешірімді  болу,  алғыс  айта  білу  секілді  қасиеттер  бойымызға  дарыған.

Сондықтан да,  көктемнің  алғашқы  күні  алғыс  айту  мерекесінде ең  алдымен  айналамыздағы  адамдармен  татулықта  жақын  болуымыз  керек.

Адам  алғыс пен ризашылықты  естіген сайын, жақсылық  жасағысы  келіп  тұрады.  Еліміз  аман, жұртымыз  тыныш, Әлемде бейбітшілік  болсын!

Гүлбара Нұрқанова,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағының төрайымы