Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халыққа қаншалықты тиімді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердин ақмолалықтарға түсіндірді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғатбек Тілеубердиннің айтуынша, жыл басынан бері ақмолалықтар 664 рет медициналық қызмет көрсету сапасына шағымданған. Бұған басты себеп өңірде дәрігер мамандардың жетіспеушілігі болып отыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша 240-тан астам медицина маманы тапшы.

«Сондықтан халық ақылы қызметтерге жүгінуге мәжбүр. Емделушілер шағымының өсуі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға деген теріс көзқарасты қалыптастырады. Мысалы, Біржан салда кардиолог маманына консультацияға жолдама берілмейтіндігі, Степногор қаласында инфекционист маманның жоқтығы туралы шағымдар, сондай-ақ, Көкшетау қалалық емханасындағы балалар травматологы «Жанұя» мекемесіндегі сурдологқа, ортопедке, окулистке және неврапатолог мамандарына ақылы түрде жолдама береді деген науқастардың шағымдары бар. Осы сынды халық базынасынна сүйене отырып, бүгінгі таңда өткір жаһандық проблема анықталды – бұл кадрлардың тапшылығы, медициналық ұйымдарда дәрігерлердің жетіспеушілігі», – деп атап өтті Талғатбек Тілеубердин.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары атап өткендей, кадрлардың жетіспеушілігі үлкен мәселе болып отыр. Қазіргі кезде, өңірде бұл мәселені шешу бойынша нәтижелері жұмыстар атқарылуда.  Осы ретте, айта кетсек, Біржан сал аудандық ауруханасында штаттық кардиолог бар. Алайда, ол 0,25 мөлшерлемемен жұмыс істейді және науқастарды аптасына 1 рет қана қабылдайды. Ауданда 16 мыңнан астам адам тұратын ескерсек, бұл әрине, өте аз. Іс жүзінде осындай жағдай облыс орталығында да бар. Көкшетау қалалық емханада қосымша 0,25 ставкаға екі балалар травматологы ғана жұмыс істейді. Сол себепті, олардың көмегінен жүгінуде біраз қиындықтар туындайды.

«Медициналық қызметтердің сапасына келетін болсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында науқастардың шағымдары мен өтініштеріне талдау жүргізіледі. Яғни, КДР ұсынудан бас тарту (диагностикалық қызметтердің тар мамандары) бойынша -76, учаскелік қызметтің сапасыз медициналық қызмет көрсетуі (жалпы тәжірибедегі дәрігер, дәрігер-терапевт, дәрігер-педиатр) -64, жұмыс істемейтін жүкті әйелдерге сапасыз медициналық қызмет көрсету -63, стационарларда медициналық қызмет көрсетудің төмен сапасы -33, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында медициналық қызметтердің сапасыз көрсетілуі-32, медициналық этика мен деантологияны бұзу-30, стационарда медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі-33, ауруханаға жатқызудан бас тарту бойынша -20 жағым түсті», – деді Талғатбек Тілеубердин.

Осы ретте, ақмолалықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылу жеткіліксіз, олар үшін уақтылы және сапалы медициналық көмек алу маңызды болып отыр. «Сақтандыру мәртебесіне ие әрбір азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кез келген медициналық көмек алуға құқылы. Барлық диагностикалық қызметтерге, кәсіби тексерулерге, тәулік бойы стационарлық емдеуге жатқызу үшін сақтандыру мәртебесі қажет. Қор – бұл жинақтаушы жүйе емес, ондағы ақша кез келген сақтанушыға жұмыс істейді. Егер адам әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды аудармаса және медициналық көмекке жүгінбесе, бұл ақша жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Өйткені басқалар жүгінеді және бұл ортақ көмек.

Яғни, медициналық көмекке жүгінген және қымбат емдеуді қажет ететін басқа азамат бұл науқасқа барлық ақшаны жұмсайды. Себебі бұл ынтымақты көмек. Бұл банк емес, жинақтаушы жүйе емес», – деп түсіндірді Талғатбек Тілеубердин. Филиалы басшысы атап өткендей, Ақмола облысы тұрғындарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш өңір халқының 82 пайызын құрайды. 142 мыңнан астам адам сақтандырылмаған.

Бұндай азаматтардың дені Көкшетау қаласында – 37 мың адам және Степногор қаласында – 12 мың адамды құрайды. Осыдан – ақ, өңір халқының едәуір бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді алуға асықпайтындығын көруге болады.

«Сақтандырылмаған адамдар негізінен жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмеген жұмыссыздар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе тұрақты табысы расталмаған адамдар, еңбек шартын ресімдемей еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізе алмайды. Бұл дерек әлеуметтік наразылық себептерінің бірі. Бұл оларға жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмекке, аурулардың профилактикасы мен диагностикасына қол жеткізуді қиындатады», – деп түйіндеді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердин.

«Көкше-ақпарат»