Театр сүйетін көкшелік қауымға Маржан Бөкешованың есімі етене таныс. Талантты актрисаның талай кейіпкері көрерменнің көңіліне кілт, жүрегіне жол тапты. Көптеген талантты әртістердің ортасына түскен жас актриса алдыңғы буын аға-апаларынан үйрене жүріп, солардың тәлімін алып өзін шыңдады. Оның театр сахнасындағы әрбір рөлі терең ізденіс пен үлкен еңбектің нәтижесінен туған. Білмекке, көрмекке ұмтылған өнер иесінің жалындаған жігеріне, кәсібіне деген риясыз махаббатына сүйсіндік.

Маржан Бөкешова Зеренді ауданының Бірлестік ауылында дүниеге келген. Оқушы кезінен өзінің ерекше қабілетімен, айрықша талантымен топ жарған ол мектеп бітірісімен Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне актерлік мамандыққа оқуға түседі. Кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алады. – 9 сыныпқа дейін болашақта қандай мамандық таңдайтынымды нақты білген жоқпын. Арман көп қой. Біздің сынып өте ұйымшыл, өнерлі болды. Біз мереке сайын мектеп сахнасында концерттер ұйымдастырып, сатиралық көріністер қоятын едік және маған сахнада өнер көрсеткен өте ұнайтын әрі ұстаздар мен оқушылар менің бойымдағы қабілетті байқаған болар бәрі маған болашақта өнер саласына баруға кеңес берді. Сөйтіп, арман қуып Көкшетауға келдім», – деп еске алады өнер иесі.

Біздің кейіпкеріміздің көптеген жарқын әйел образдары бар. Ол сахнада күрделі кейіпкерлерді, сезім психологиясын, махаббаттан зардап шеккен әйел бейнесін шебер жеткізе біледі, әр қимыл мен сөзінен актрисаның эмоционалды реакциясы сезіледі. «Мен сахнаны бар жан-тәніммен жақсы көремін. Сахна киелі, сондықтан шын ниетіммен еңбек етуге тырысамын. Рөлдерді комедиялық немесе драмалық деп бөліп жармаймын. Маған берілген рөлдердің бәрін жақсы көремін. Әрине, театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлім ерекше ыстық. Ол – С.Балғабаевтың «Ғашықтар болмайтын ғасыр» спектакліндегі кітапханашы қыз Нәзікеш. Режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Т.Уильямстың «Құштарлық трамвайындағы» Бланш Дюбуа. Режиссері Болат Абдрахманов. С.Раевтың «О, қыздар!» спектакліндегі Флюра. Режиссері Фархадбек Қанафин. М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сағила. Режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев. Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» пьесасының желісімен қойылған «Емтихан» спектакліндегі мұғалім Майра Бақытқызы. Режиссері Тасқын Мәжитов. Негізі шын айтсам әр рөлдің өз орны бар, сондықтан бөліп-жарғым келмейді. Психологиялық ауыр рөлдерден кейін, әрине, іштің бәрі босап эмоционалдық тұрғыда шаршау болады. Біздің мамандықтың ерекшелігі мен қиындығы – сахнада өзіңе жат, танымайтын кейіпкердің өмірін бастан кешу және сол болып жатқан оқиғаға сену. Мүмкіндігінше бейтаныс кейіпкерге үйреніп, сыртқы келбетін ғана емес, сонымен бірге оның ішкі әлемін де көрсету керек, қалай өмір сүргенін, не ойлағанын және бастан кешкенін, тіпті қалай жүріп, киінгенін түсіну керек. Ол үшін актер ұзақ уақыт дайындалады, кейіпкердің өмір сүрген дәуірін зерттейді, автор жазбай кеткен тұстарды іштей өз қиялымен толықтырады, жүрісін, сөйлеу мәнерін өз ойынан тудырады. Осы жұмыс процесінен кейін көрерменге дайын дүние ұсынылады. Көрермен бізбен бірге басқа дәуірге еніп, жазушы мен драматургтің идеясын түсініп, актерге сенуі керек. Дайындық процесі әрқашан шығармашылық азабымен бірге жүреді. Актердің басты мақсаты – көрермендерге әсер ету, олардың реакциясын, эмоцияларын, сезімдерін, эмпатиясын және жанашырлығын ояту», – дейді Маржан Бөкешова.

Оның айтуынша, актерлік шеберліктің негізі реинкарнация принципі болып табылады. Бұл реинкарнация сыртқы және ішкі болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, актер макияж, костюмдер, маскаларды қолданады, интонация, мимика, қимылдарды дамытады.

Актриса Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде жас таланттарды тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді, түлектері өзімен бірге театр сахналарында өнер көрсетіп жүр. «Ұстаздық жолға түсуге мұрындық болған сүйікті ұстазым марқұм Айжан Бәдірқызы апайым еді. Сол кісінің қолдауымен өзім оқыған колледжге 2011 жылы ұстаз болып келдім. Жалпы, ұстаз болу үлкен жауапкершілікті талап ететінін ұғынамын. Сондықтан барынша білген, түйгенімді балалардың бойына сіңіруге тырысамын. Студенттермен жұмыс істеу өте қызықты. Жастар өте талантты, ең бастысы таңдаған мамандығына қызығушылығы өте жоғары. Әрине, бес саусақ бірдей емес, дегенмен балалардың басым көпшілігінде шынайы өнер тудыруға деген талпыныс бар. Бұл, әрине, қуантады. Жас актерлерге өз ісінің нағыз маманы болу үшін білім, әртістік, музыкалық-хореографиялық дағдылардың, сахналық шеберліктің болуы, тұрақты кәсіби жетілуге ұмтылу қажет екенін айтқым келеді», – дейді М.Бөкешова.

Өнер иесі спектакльдерге дайындыққа көп уақыт кететінін, бос уақыт бола бермейтінін, қолы қалт еткенде тоқыма тоқып, құрақ құрағанды ұнататынын айтады: «Жан жарым – танымал дәстүрлі әнші Саян Мұхамедияров. Бізді табыстырған да театр. Ол премьера сайын келуге тырысады, маған рөл жаттасады, спектакльден кейін пікірін айтып отырады. Менің театрда алаңсыз жұмыс істеуіме жағдай жасайды. Шүкір! Отбасында үш бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлымыз Мирас он төртте. Қызымыз Айғаным он екіде. Екеуі де театр сахнасында рөл ойнаған. Сондықтан олар да өнерден алыс емес. Кіші ұлымыз Ибраһим бесте».

Оның пайымынша, драматургия – бұл ұжымдық еңбек. Кейіпкерді ойдағыдай шығару  жалғыз актерға ғана байланысты емес. Оған драматургтен бастап, режиссер, мында жүрген көптеген адам еңбек етеді. Сондықтан  шығармашылық адамының қай-қайсысына болса да талап ауыр. «Театр – екінші үйім, сондықтан әр әріптесім мен үшін қымбат. Біздің ұжым өте жайлы, ұйымшыл. Әр жетістігімнің артында ұжымым тұрады. Әсіресе, сахнадағы партнерларыма алғыс айтамын. Актерді өшіретін де өсіретін де партнері. Әрине, мен үшін Мұратбек ағаның орны бөлек, менің сахнаға шығуыма, өнерге қадам басуыма бағыт-бағдар берген жан. Сонымен қатар, әрине, аға буын актер апайларым мен ағайларыма ризашылығымды білдіремін. Олардың әрқайсысынан үйренерім көп болды. Кез келген адам әрқашан рухани дамып отыруы керек. Рухани баий түскен жанның әр күн сайын мақсаты арта түспек. Ал, мақсат болған жерде өмірдің мәні бар», – деп түйіндеді өнер иесі.

Əсем ҰЛАНҚЫЗЫ