Станциондық қалалық үлгілі кітапхана «Мөлдір сөздің шебері» жазушының Т. Қажыбаевтың 80 жылдығына  белгілі қаламгерге құрмет көрсетіп, шығармашылық әдеби еске алу кешін  ұйымдастырды. Төлеген Қажыбаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, журналист, ақын, жазушы, драматург. Осы уақыт аралығында қарымды қаламгердің 30-дан астам кітабы жарыққа шыққан. Проза мен поэзиядан бөлек 10-ға жуық драманың авторы.

Төлеген Қажыбаев – сегіз қырлы, әмбебап, шығармашылық жолынан қол үзбей, қырық алты жыл «Көкшетау правдасы», «Коммунизм нұры», «Солтүстік Қазақстан», «Арқа ажары», «Бұқпа» газеттерінде жауапты қызметтерді үлкен іскерлікпен атқара жүріп, сүйікті халқына поэзиясы, прозасы, драмасы бар отыздан астам кітап ұсынып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер. Шара барысында кітапхана оқырмандары  өздерінің арнау өлеңдерін де оқып берді.

«Төлеген Қажыбай-шындықты жырлаған ақын»атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды,  әңгімелер мен повестер жинақтары, «Ерлік еңбек» кітаптары қойылды. Төлеген Қажыбаев есімі барша қазақ жұртшылығына мәлім. Бұған дәлел «Жанымның жапырақтары», «Жол басы», «Жырлайды жүрек», «Жыр – ғұмыр» атты өзіміздің тебірене оқитын өлеңдер мен поэмалар жинақтары.

Төлеген Қажыбаев – прозашы. Оған қаламгердің «Айналайын атыңнан», « Көкшетау Қарлығаштары», «Махаббат әні», «Қан кешу», «Жеті желі» атты әңгімелер мен повестер жинақтары дәлел болады. Автордың Әгугәй домбыра, Қыранды Қазақстан, Отаным ордам, Ер ертеңі еңселі, Астана, менің астанам, Ұландар әні, Анама, Жан жарым, Көкше сұлуы, Бал білімнің ордасы тағы, тағы да басқа көптеген әндері  оқырмандар назарына ұсынылды.

Б.Сатаева,

 Станциондық қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі