АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша 70 пайызы сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы тек саяси партияларға ғана тиесілі.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» — 2002 жылы сәуір айында тіркелген; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; «AMANAT» партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген; «Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген. Барлық аталған саяси партиялардың Жарықтарында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көзделген», — деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта аталған саяси партиялардың қызметін тоқтата тұру, қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.

Саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі емес адамдарды кіргізе алмайды. Бұл ретте, партиялық тізімге енгізілген адам бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыныла алмайды.

«Партиялық тізімдер бойынша саяси партиялар осы шақырылымда мандаттар санының 50% мөлшерінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсына алады. Ол үшін Сайлау заңының 103-бабының 4-тармағына сәйкес, саяси партияның тиісті филиалының жоғары басшылығының шешімі азаматтың партиялық тізімге енуіне келісім беру туралы өтінішімен бірге беріледі», — деді Алма Мұқанова.

Қазіргі таңда 6 саяси партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) тіркелген, оның ішінде бес саясы партияның барлық 20 өңірлерде құрылымдық бөлімшелері бар.

Атап айтқанда, «Қазақстанның Халық партиясының» 20, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының – 21, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының – 20, «AMANAT» партиясының» — 250, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының» — 20 филиалы тіркелген. Бұл ретте, Байтақ партиясында 3 құрылымдылық бөлімі Атырау, Қызылорда және Қарағанды қалаларында ашылған. Ал «Республика» партиясында құрылымдық бөлімшелер тірекелмеген.

Жаңадан тіркелген саяси партиялар, заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес, тіркеу күнінен бастап 12 ай ішінде құрылымдық бөлімшелерін тіркеуге міндетті.

Еске сала кетсек, 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі.

18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау күні.