Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Бурабайдағы балалар лагерінде болған баланың өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өте ауыр жағдай. Алдымен, Нұрдәулеттің ата-анасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бұл жайт бойынша комиссия құрылды. Оқиғаның мән-жайы жіті тексеріледі. Мәселені жеке бақылауымда ұстаймын. Тексеріс нәтижесінен кейін лагерь басшылығы қатаң жазаға тартылады. Өз кезегінде құқық қорғау органдары да тергеп-тексеру амалын жүргізіп жатыр»,– деді Ғани Бейсембаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, министр оқиғаның мән-жайы анықталғаннан кейін хабар таратылатынын айтты.

Еске салайық, Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, баланың қазасы туралы 11 қаңтар күні сағат 6:36-да Бурабай аудандық полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшері хабарлаған.

«Анықталғанындай, жасөспірім 9 қаңтарда Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына балалар тобының құрамында келген. Қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түні жасөспірім іші ауырып тұрғанын айтқан. Таңертең сағат 5:00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда, жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде зорлық-зомбылықтың сыртқы белгілері байқалған жоқ», – деген ақпарат тартты ведомство.

«Көкше-ақпарат»