Көкшетаулықтар Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Төлеу Сүлейменовті жақсы біледі. Ол облыстық нан өнімдері басқармасының басшысы ретінде Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, «Ақ бидай» мәдениет үйінің, қазіргі «Достар» мәдениет сарайының салынуына үлкен үлес қосты. Оның Отан алдындағы ерен еңбегі үшін мәдениет сарайының алаңында бюст орнатылды.

Ал бүгін «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында оның қызы Ләззат Қалиасқарова «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханаға жеке кітапханасынан 1000 дана кітап сыйға тартты.

«Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Күнім Уразбаева акцияға қатысып, қалалық кітапханаға кітап сыйлағаны үшін еңбек ардагеріне алғысын білдірді. Сыйға тартқан әрбір кітап өз оқырманын табатынын атап өтті.

«Көкше-ақпарат»