Жалпы «диаспора»(негізі халықаралық терминге тоқтап ғылыми тұжырымға сүйенсек репатрианттар  (латынша repatriate – яғни, Отанына оралу, болар еді. Әу баста «отандастар», «оралмандар» деп аталынған шет жұрттық бауырларымыз қазіргі уақытта президентіміз Қ.Тоқаевтың ұсынысымен қандас деген мәртебеге ие болды) тақырыбы жеке ғылым саласы ретінде еліміз тәуелсіздік алып өз алдына жеке мемлекет ретінде қалыптаса бастаған дәуірден бастау алғаны белгілі.

Ғылыми тұжырымдар бойынша диаспора деп шартты түрде алып отырған Қазақстанмен көршіліс жатқан өзіміздің қандас бауырларымыз, бірақ олар өздерін ешқашанда диаспораға жатқызбайды. Себебі елімізді жағалай қоныстанған Қытай, Моңғолия, Ресей(негізінен Астрахан, Волгоград, Саратов, Орынбор, Челябі, Қорган, Омбы, Түмен, Новосібір , Томск аймақтарын қоныс еткен қазақтар), Өзбекстан т.б. жерлерде мекендеп жатқан қандастарымыз өздерін ежелгі атамекенімізде тұрып жатырмыз деп есептейді.

Ресми деректер бойынша шет елдердің қырықтан аса мемлекетінде  6-7 миллиондай қандастарымыз тұрақтап қалған болса, ал болжам бойынша 10 миллионнан асады екен. Бұл дегеніміз тұтастай бір мемлекет қой, яғни көршілес мұңғылдар мен қырғыздардан екі есе көп немесе қазіргі Қазақстан халқының тең жартысы.  Бірақ та дәл қазір олардың Қазақстанға қотарыла көшіп келе қоятын ойлары да жоқ, дегенмен де әңгімемізді осы тақырыптар аясында ғана өрбітсек деген ойдамыз.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде Алматы қаласында шақырылған дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы жан-жаққа тарыдай шашырап жатқан қазақтардың дүр сілкініп есін жиып бас қосуларына себеп болды.Тарихқасәл шегініс жасасақ Қазақстанға шет мемлекеттерден ең алғашқы болып келген қазақ көші 1991 жылдың өзінде-ақ «еңбек шарты» деген желеумен басталған болатын.

Әрине, бұл табиғи процес, бір топ қандастарымыз туған атажұрты дербестік алып, өз алдына мемлекет құрып жатқанда  мемлекеттің көмегін күтпей‑ақ , өз күштерімен Қазақстанға қоныс аудара бастады. Осындай Отанға деген сағыныш, табиғи түйсіктер түрткі болып 1992 жылғы қыркүйек-қазан айларында Алматыда өткізілген дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында және ондағы қабылданған құжаттарда қазақ диаспорасының проблемаларына байланысты тиісті ғылыми және теориялық тұжырымдамалар жасалынған болатын.

Құрылтайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз еліміздің ең алдымен жолға қойып, қолға алға тиісті мәселелерінің бірі көші-қонсаясаты болуы да сол кезең үшін өзекті болды. Тіпті, астананы Арқа төсіне көшіру мен шекараны әлемдік талапқа сай етіп бекітуден де бұрын осы шеттегі қазақтарды қара шаңырақ Қазақстанға шақырып, бір тудың астында басын біріктіруді қолға алған сыңайлы еді. Кейіннен осы саясат негізінде  «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының түп негізі осы көші-қон бастамасымен қаланып,  бұл бастама өз тізгінін өзі қолына алған тәуелсіз, дербес ел болғанымыздың шын бет бейнесін анықтағандай болып көрінгені де рас.

«Елге ел қосылса құт деген», тағдыр талайымен жан сауғалап шет елдерге босып кетуге мәжбүр болған қандас  бауырларымыздың ұрпақтары өсіп жетіліп, атажұртқа оралуға ниет таңытып жатуы тарихи заңдылық. Қайта оларды жоғалып, қайта табылған бауырымыздай көріп, құшақ жайып қарсы алу керек еді ғой. Шет жұртта жүріп тәрбие алған қандастарымыздың бойында Отаншылдық, патриоттық, ұлтқа қызмет ету иммунитеті өте күшті дамыған. Керісінше біз туған жеріне аңсап жеткен қандастарымызды «елден не аламын деп емес, Қазақстанға не беремін деп кел» деген суық сөздермен сыртқа тептік, жылы қабақ таңыта алмадық. Уақыт өте келе олардың алғанынан берері әлдеқайда көп болар еді,ең бастысы олар шенеуніктерге жағынуды білмейтін, құлдық санадан азат адамдар еді ғой.

Ең бастысы олар «сана кедейлігінің тамыры социализмді» (Ғ.Есім) білмейтін, сана еркіндігінің дәмін  сезінген ұрпақтар еді.

Қандастарымыздың  бергені сол, біз олардың ішінен қаншама жоғары білімді кәсіби дайын мамандар келгенін (қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, өнер қайраткерлері, спортшылар т.б.), олардың менталитетін зерттеп,  психологиялық және этнографиялық ерекшеліктерін ескердік пе? Ол аздай–ақ, алғашқы лекте мемлекет тарапынан бөлінген ондаған мың квота да бірте-бірте азайып бірнеше есе қысқарып қалды.

Қауымдастық өз мәліметтерінде Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға бір миллионнан астам этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алдыдеп ауыз толтырып айтудан жалығар емес.

Алайда бұл көрсеткішті отыз жылға бөлсек өте аз. 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанның өзінде 10000 мыңдайотбасын  қабылдай алған еліміз  бұдан кейінгі жылдары  қандастарымызға берілетін квоталардың санын жыл сайын азайта берді.Мәселен, 1994 жылы-7000 отбасыға квота беріліп, 1995 жылы квоталарды 5000 отбасы алған болса, сондай-ақ, 1996 жылы – 4000, 1997 жылы – 2180, 1998 жылы –3000, ал 1999 және 2000 жылдары – тіпті, 500 отбасыға ғана квота берілген екен.Ал 2001 жылдан бастап квоталар саны тағы да өсе бастаған.

Осылайша 2001 жылы– 600, 2002 жылы– 2655, 2003 жылы– 5000, 2004 жылы– 10000, 2005-2008 жылдары – 15000 отбасы квотаға иелік етсе,2009-2011 жылдары – 20 000 отбасыға квота бөлініп елімізде халқымыздың саны, оның ішінде қазақтардың үлес салмағы едәуір өскені байқалады. Алайда дербестік алған алғашқы жылдары 100 мыңнан аса адам қабылдай алған  Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөліпті. Ал ел аузындағы мәліметтерге сенсек «тарихи отанына 1,5 миллион этникалық қазақ оралғысы келеді» екен деген мәліметтер басым.

Бір рет көңілі қалған қазақтың бетін қайтіп түзерсің. Қолда бар мүмкіндікті уақытында уыстан шығарып алдық. Шынын айтсақ қазіргі уақытта  тоқсаныншы жылдары дүниежүзі қазақтарына жар салып (ол кезде қауымдастық төрағасының орынбасары белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаев болған, әділін айтқанда Қалағаң ауқымы жағынан,алғашқы кезеңде кең тұрғыда қандастарымыздың елге оралуына көп еңбек сіңірген тұлға болатын) атажұртқа шақырған қауымдастықтың бар жоғы да белгісіз болып тұр.

Дүниежүзілік қазақ қауымдастығы отыз жылда саяси салмағы бар қоғамдық  ұйымға айнала алған жоқ, мәдени бірлестік деңгейінде қалды.

Әрбір Қазақстандыққа беруге уәде берген он сотық жерді сырттағы қандастарымыз түгілі осында туып өмір бойы тұрып жатқан қай қазақ алды екен, сонын есебін жүргізген адам бар ма?Есесіне билікке жақын біреулер қарапайым халыққа бұйырмаған жерлерді гектарлап  алып алған деген сөздер ел арасында желдей есіп жүр.Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген мәтел бар, біз миллиондардың тағдырымен ойнап, елімізге зор, орны толмас  әлеуметтік және экономикалық зәруліктерге мойын ұсынуға мәжбүр болдық.

Тұғырлы тұғыры, бетке ұстар идеолгиясы жоқ мемлекет заң шығарғыш келеді дейді. Ал енді біз қаншама заңдар, реформалар, стратегиялық бағдарламалар жазып тастадық. Бірақ олардың қайсысы соңына дейін жеткізіліп, елге пайдасын тигізді? Дербестік алғалы отыз жылда «дамыған отыз елдің қатарына»  кірсек те сан жағынан өспей қойдық. Қазақстандағы халық тығыздығы – бір шаршы километр жерге жеті адамнан ғана келеді екен. Бізге көбею керек. Экономикалық өсім үшін демографиялық өсім де қажет.

Кеңес Одағынан бізбен бірге бөлініп шыққан республикалардың бәрінде де өсім бар, Орта Азиялық мемлекеттер Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттері экономикалық жағынан бізден әлдеқайда артта десек те халықтың өсімі жағынан бізден көш ілгері, ал көршілес өзбек жұрты тіптен екі есе өскен екен. Ал бізде керісінше, әсіресе солтүстік өңірлерге қоныс аударып келіп жатқандардан гөрі кетіп жатқандардың қарасы мол.

Ұлттық статистикалық бюроның  мәліметтері бойынша қазіргі уақытта көрші елдерге (әсіресе, Ресейге) жастар жағы оқу іздеп, қолынан іс келетіндері жұмыс іздеу деген желеумен қоныс аударушылар өте көп.2018-2019 жылдары  Қазақстаннан шет елдерге 3,7 миллион адам қоныс аударса, ал кейінгі 10 жылда ғана тек Ресейге кеткендердің өзі 300 мың адамнан асқан екен.

Ең сорақысы, кетіп жатқандардың көпшілігі білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары азаматтар. Орта мектепті бітіре салысымен Ресейге жол тартатындар Қазақстанның солтүстік өңірінде орналасқан орыстілді бауырларымыз. Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша шетелдерде білім алып жатқан жастардың көпшілігі Ресейде.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясы  2024 жылы шетелдік студенттерге бөлінетін квотаны екі есеге арттырмақ ниетте екен. Ал біз бұған қарсы қандай шара қолданбақпыз.

Ұлт зиялыларының: «…Қазақстаннан халық кетіп жатыр. Бірақ ең жаманы – көшу туралы шешімді ең алдымен ең ақылды адамдар, болашағынан үміт беретін жастар, іс білетін мамандар қабылдап жатыр. Сонда бұл мемлекетке қандай адамдар керек дейді?», — деген жан айқайын жиі еститін болдық.

Ресейге немесе Шығыс Еуропа елдеріне кететіндер көбінесе Қазақстанға қайтып оралмайды. Себебі сол, шет жұртта 5-8 (бес жыл оқу, үш жыл тәжірибелік еңбек өтілі)жылын өткізіп шет елдерде білім алып, мәдениетін қабылдап, қалыптасып қалған жастар сол жаққа бауыр басып, дәстүрлі құндылықтардан жат бола бастайды.  Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы этникалық қазақтардың (квотамен немесе басқа да жолдармен болса да) ата жұртқа қоныстануының мемлекеттік тұрғыда шешудің стратегиялық маңызы зор.Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI  отырысында Президентіміз Қ. Тоқаев бір маңызды ұсыныс жасаған екен. Ол  «Ұлттық көші — қон күнін» белгілеп, атаулы даталар күнтізбесіне енгізу қажеттігі.Әрине, бұл идея жерде қалмай іске асар болса өте құптарлық маңызды ұсыныс болмақ.

Формальды түрде емес бұл күн Наурыз мейрамы сияқты халықтық сипатта, кең көлемде, мемлекеттік деңгейде жер-жерде  атап өтер болсақ оның берері, тағылымы өте зор болар еді. Шындығында сырт жұрттардан келген бауырларымызда  біздің материалдық және рухани құндылықтарымыз көп сақталынған. Олардан аларымыз да, үйренеріміз де көп. Қазақстанға көшіп келген қандас бауырларымыздың өзі-ақ бұл күнді үлкен мерекеге айналдырып жіберер еді.

Әр өңірден келген қандастарымыз өздерінің тұрмыстық және этнографиялық ерекшеліктерін көрсетіп жатса нұр үстіне нұр болар еді ғой. (Мәселен, ғалымдар жазған кітаптарын көрсетіп, оқырмандармен кездесулер ұйымдастырып жатса;  өнер шеберлері концерттер қойып, қолөнер шеберлері қолдан жасаған бұйымдарын насхаттап, ұлттық спорттық шараларын өткізіп, ұлттық тағамдар ұсынып т.т. дегендей).

Ал киноматографтар, тарихшы, этнографтарымыз бен зерттеуші ғалымдарымыз болса алысқа бармай-ақ, өздеріне қажетті деректерді осы жерлерден-ақ жинап алар еді.

Ойымызды қорыта айтсақ, осы бағытта «Көші-қон, қандастар мәселесін саяси деңгейде шешетін уақыт жетті.  Көші қон мәселесі тек шет жұрттық қандастар тағдыры ғана емес, күрделі геосаяси мәні бар тәуелсіздігімізге, елдігімізге, мемлекетіміздің келешегіне де тигізер саяси салмағы бар мәселе» деп үн қосқан ұлтжанашырларына біз де қосыламыз.

Дәуренбек Ескекбаев, тарихшы — этнограф