Биыл аймақта 5,2 миллион гектар алқапқа дән себіледі.  Қазіргі уақытта жергілікті диқандар техникаларын сайлап қойған. Тыңайтқыш пен тұқымдар да әзірленген. Бұланды ауданына қарасты Капитоновка ауылының шаруалары егіс науқанына дайындықты аяқтап қалған. Десе де, механизаторлар мен жүргізушілер күн сайын техникаларын тексеріп тұрады. Себебі, көктемгі егіс науқанының басталуына санаулы күн қалды. Серіктестіктің бас инженері Владимир Богданов:

«Әр тұқымның өзінің белгілі бір мерзімі болады. Бұл ретте техникаға мән берген дұрыс. Олардың импортталған немесе Ресейлік болғанына қарамастан жақсылап дайындалуы керек. Біз осыған көңіл бөлеміз. Яғни күзгі орақ аяқталысымен техникаларды жөндеуге кірісеміз. Қыс бойы осы жұмыстар жалғасады. Қазіргі уақытта біздің техникалардың басым бөлігі дайын деуге болады. Егіс алқаптарында қысқы уақытта қар тоқтату жұмыстары жүргізілді.  Бұл топырақтағы ылғал қорын көбейтеді. Сонымен қатар, құрғақшылықтың да алдын алады», – дейді.

Серіктестіктің бас инженері Владимир Богданов:

«Қар тоқтату жұмыстарының нәтижесі жақсы. Бұған қоса біз алқапқа фермадағы органикалық тыңайтқыштарды да төгеміз. Ол ылғалды жерге жақсы сіңеді. Сәйкесінше өнім көлеміне де әсер етеді. Көктемгі дала жұмыстарына 20 мыңға жуық техника жұмылдырылмақ. Жеңілдетілген бағада 73 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Ал атқарушы билік өкілдері болса барлық шаруаға қолдау көрсетуге ниет білдіріп отыр»,–дейді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов тек субсидия түрінде шамамен 13 миллиард теңге қарастырылғанын алға тартты. Яғни пестицидтер мен гербицидтерге қайтарымсыз 9,1 миллиард теңге бөлінді. Тыңайтқышқа жеңілдетілген бағада  3,2 миллиард теңге бағытталды.

Ал 600 миллион теңге тек тұқымға бөлініп отыр. Ақмолалық диқандар биыл  астықтың өнімділігін арттыруды көздейді. Осы бағытта 530 мыңнан астам арнайы тұқым дайындалған. Айта кетейік, елімізде өсірілетін бидайдың 25 пайызы Ақмола облысы шаруаларының үлесінде.

«Көкше-ақпарат»