Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса шаһар тұрғындарымен есептік кездесуінде осылай деді. Кездесу барысында облыс орталығының дамуы мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қандай жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

«Азаматтарды жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша 1074 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 853 тұрақты орын. 2614 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 20,3 мың бірлікті құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13,8 % жоғары» деді өз сөзінде қала әкімі.Бұған қоса, Көкшетау қаласының аумағында 2023 жылы жалпы сомасы 23 миллиардтан астам теңгеге 19 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Ағымдағы жылдың наурыз айында 2 миллиардтан астам сомаға 3 жоба іске қосылған.

Абай – Ғабдуллин, Тәшенов – Әуелбеков көшелерінің шекарасындағы аула аумақтарын күрделі жөндеу бойынша жобаны іске асыру аяқталып қалды.Бауыржан Ғайса өз сөзінде облыс әкімі Ермек Боранбайұлының қолдауымен Жайлау шағын ауданында аула аумақтарын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, 8 спорт алаңын және 5 балалар алаңын салу, 2 саябақ пен 20 скверді салу және қайта жаңарту жоспарланған.

Қала тұрғындарын қатты толғандыратын мәселелердің бірі – Қопа көлінің жағалауын абаттандыру болып табылады. Қала әкімі бұл мәселенің де назардан тыс қалмағанын айтты.

Көкшетаулықтар үшін жақсы жаңалықтың бірі – ағымдағы жылы 7 тұрғын үйдің тапсырылуы жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 жалға берілетін және 4 несиелік баспана.Қала тұрғындарының өтініштері ескеріліп, орамішілік аумақтарда 100 жарық діңгектері орнатылды.

Жылу желілеріне келсек, бүгінде құбырды жөндеу және ауыстыру, сорғыларды алмастыру жұмыстары атқарылып жатыр.

«Көкшетау қаласының тұрғындарына, мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері өкілдеріне келесі ақпаратты хабарлағым келеді. Қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, қыс мезгілінде бірқатар сұрақтар туындауы мүмкін. Кейіннен, өкінішке орай, келеңсіз жағдайларда жергілікті атқарушы органдар кінәлі болып қала береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қыстың қамын жазда ойлауға шақырамын. Ол үшін жылыту маусымына дайындықты жандандыру қажет.

Көкшетау қаласының әр тұрғынына, «Көкшетау Жылу» мекемесіне сығымдау және жуу бойынша жұмысты жүзеге асыруда жәрдемдесуге тапсырма бергенімді айтқым келеді. Бұл жұмыстың уақтылы орындалуын Тұрғын-үй инспекциясы бөлімі үнемі бақылауда ұстайды.  Десек те, Сіздердің де белсенділік танытуларыңызды сұраймын» деп тұрғындарды жылыту маусымына белсенді дайындалуға шақырды қала әкімі.

Кездесу барысында тұрғындар коммуналдық тарифтердің бағасы, баспана алудағы түйткілді мәселелер, жол жөндеудегі олқылықтар, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысындағы кемшіліктер, саяжайлардағы шешімін күткен мәселелерді алға тартты. Қойылған сауалдарға тұшымды жауаптар берілді.

                                                  «Көкше-ақпарат»