Ақмола облысының кардиохирургтары жүрек-қан тамыры жүйесіне 300-ден астам күрделі операция түрін жасай алады. Облыстық аурухананың жүрек орталығында ақ халаттылар науқастарға шұғыл жәрдем берумен қатар, жоспарлы операциялар өткізеді.

Біздің тілшіміз ем қабылдап жатқандардың жағдайын біліп, мамандардың қандай жаңа операция түрлерін тәжірибеге енгізгені туралы біліп қайтты.  Орталықта 30-ға жуық дәрігер жұмыс істейді. Арасында біліктілігі жоғары кардиологтар мен кардиохирургтар да бар. Олар жүрекке ашық түрде күрделі операцияларды жасай береді. Осылайша науқастарға енді ем іздеп Астанаға барудың да қажеті жоқ.

– Қазір біз жүректің клапанына туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауларына пластикалық операциялар жасай береміз. Биыл тіпті Бенталла-Де Боно операциясын меңгердік. Яғни ол клапан аппаратымен қолқа доғасының пластикасына бір мезетте жасалады. Бұл көп функциялы ангиографиялық кешені бар операциялық рентген бөлмесі. Мұнда мамандар науқастарға нақты диагноз қойылып, тіліксіз шұғыл операциялар жасайды, – дейді көпсалалы облыстық аурухана директорының орынбасары Дмитрий Чайков.

Бұл жүректі тексеруде таптырмайтын құрылғы. Оның көмегімен науқасты қалай емдеу керектігін айқындап, тіпті дәрі-дәрмекті таңдауға да көмектесуге болады дейді өз сөзінде көпсалалы облыстық аурухана бөлімшесінің меңгерушісі Біржан Айтымов.Жүрек орталығында ем қабылдап жатқан жандардың бірі – Зинаида Сарнацкая. Зейнеткердің қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлердің арқасында аман қалдым десем болады. Операцияға кезекте тұрған едім. Алғашында мұндағылар Астанаға жолдама берді. Бірақ мен осында қалуды жөн санадым. Қазір денсаулығым бірқалыпты дейді науқас Зинаида Сарнацкая. Орталықта науқастар операциядан кейін арнайы оңалту курстарынан өтеді. Мұнда дәрігерлер жүректі тез арада қалпына келтіру үшін түрлі кеңес береді.

 «Көкше-ақпарат»