Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұйымдастыруымен «Көкшетау» мәдениет сарайында ақын, жазушы, драматург, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Төлеген Қажыбайдың туғанына 80 жыл толуына орай «Көкшенің текті тумасы, тұғырлы тұлғасы» атты көрме ұйымдастырылды.

Іс-шара есімі еліміздің мәдениеті мен төл әдебиетінде алтын әріптермен жазылған өнер иесі Төлеген Қажыбайдың өнегелі өмірін, өмірлік ұстанымдары мен адами асыл қасиеттерін дәріптеп, рухына тағзым ету, жерлес қаламгер шығармашылығы арқылы кейінгі буынға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталды.

Танымдық-тағылымдық мәні зор іс-шара барысында мәдениет және білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен болашақ филолог мамандар – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттері ақын, жазушының отбасылық мұрағатында және Музей қорында сақталған қызықты фотосуреттері, еңбектері, өлең жинақтары қойылған көрмені қызыға тамашалады. Музей экскурсоводы жазушы тұлғаның өмір жолымен, шығармашылық қызметімен жақынырақ таныстырып, іс-шараның құрметті қонағы филолог-ғалым, абайтанушы, ұстаздардың ұстазы, Төлеген Сыздықұлының құрдасы Аманжол Ыдырысұлы Есмағұлов өзінің қызықты естеліктерімен бөлісті.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Ақмола облысы мәдениет басқармасының бөлім бастығы Дина Уахитқызы Бейсенбаева өз сөзінде қаламгер Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың мол мұрасының қазақ әдебиетінде алар ерекше орнына және көрменің жастар үшін маңыздылығына тоқталды. Төлеген Қажыбай тек қана жазушы, драматург емес, сонымен қатар 50-ден астам әнге мәтін жазған ақиық ақын. Көкшелік біртуар тұлғаға арналған іс-шара «Көкшетау» мәдениет сарайының ардагерлері хорының орындауындағы «Әгугәй, домбыра» (Мәтінін жазған Т.Қажыбай, әні – А.Қоразбаевтікі) атты әсем әнмен аяқталды.

Күнсұлу НҰРҒАЛИЕВА,

 Көкшетау қаласының тарихы музейінің ғылыми-зерттеу бөлімі меңгерушісі