Биыл Көкшетаудағы Наурыз мерекесінің ауқымды, көркем, тартымды да салтанатты өткенін атап өткен жөн. Барлық жоспарланған шаралар көз қуантып, көңіл сүйсінтіп, жарқырай, ширақ өтті.

Орталықтағы Тәуелсіздік алаңына тігілген ақшаңқан киіз үйлер, қойылған көрме, қалықтаған ән – осының бәрі қосылып мереке мерейін асырып, қала халқымен оның қонақтарын ерте қарсы алған. Бір шетте алтыбақан теуіп, ән салғандар, бір бүйірде боз кілем үстінде белдескен балуандар, шірене жабылып арқан тартқандар, қарсыласымен білек күшін сынасқандар, ұлттық киім киісіп, наурыз көже ішісіп, ақ жүректен бата беріскендер.

Ұлыстың ұлы мерекесі жыл мезгілдерін, «Көрісу», «Беташар» ұлттық салт-дәстүрлерін бейнелейтін «Ұлы даланың ұлы мерекесі» театрландырылған қойылымының 10 эпизодынан, сондай-ақ «Көкше өңірінің сал серілері», «Құт дарыған киелі мекен» және т.б. қойылымдардан басталды. Ақ түйенің үстінде, омырауын күміс сақалы жауып ортаға Қыдыр ата шығып, батасын бергенде әркім-ақ, сол айтылған ақ тілектердің орындаларына, мақсаттарына жетерлеріне сеніп, шын қуанысып, жадырап жатты.

Осылай шаттанып, жадыраған жұртшылықты Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде мерейлі Наурыз мерекесінің туған Отанымыздағы татулық, бірлік, берекені одан әрі нығайта түсетінін, мемлекетіміздің алдағы межелі биіктерді алуға күш-жігерін толықтыра, көпұлтты халқымызды ортақ мақсаттарға жұмылдыра түсерін айтып, соңғы уақытта облысымыздың қол жеткізген кейбір жетістіктеріне тоқталып, әр обасына аманды-саулық, жақсылықтар тіледі.

«Ғасырлар бойғы тарихына қарамастан, Наурыз мейрамы халық жадында сақталып, мемлекетіміздің көптен күткен Тәуелсіздігімен бірге елімізге оралды. Бүгін оны 32-ші рет атап өтіп, біз қайта жанданған Наурыздың тарихы – еліміздің тәуелсіздігінің тарихы деп сенімді түрде айта аламыз», – деп атап өтті облыс басшысы.

Мереке күні «Сарыарқаның мыңжылдығы» атты «Көшпелі өркениет фестивалі» аясында он тақырыптық киіз үйден тұратын – «Көне дәуір мәдениеті», «Былғары мен тері», «Құрақ-көрпе», «Күміс әшекейлер», «Ұлттық киімдер», «Ұлттық бұйымдар», «Ұлттық өнер», «Салт-дәстүрлер», «Ұлттық құндылықтар және кітап киіз үйі» жиналған қауым назарына ұсынылды. Фестивальдің мақсаты  – түркілердің бай мәдениетін, бай тарихымызды көрсету, өскелең ұрпаққа салт-дәстүрлер мен салт-дәстүрлердің алуан түрлілігін дәріптеу, Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Олардың әрқайсысында қала тұрғындары мен қонақтары көрмелерді тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Айталық, «Қазақстан Халық банкі» АҚ тіккен киіз үйде «Көне дәуір мәдениеті» мен «Кітап – білім бұлағы» атты тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығымен Ақмола облысының киелі ескерткіштері мен қазба жұмыстары барысында табылған көне дәуір жәдігерлері қойылды. Біздің дәуірімізге дейінгі 5-8 ғасырларда бұрын зерттелмеген Ақмола облысындағы қорғаннан археологтармен сақ жауынгерінің бірегей жерленуі мен көшпенділердің жоғары мәдениеті мен оларда дамыған әскери қолөнерді көрсететін бірнеше қола жәдігерлер табылды. Көрменің құнды жәдігерлерінің бірі – облыс аумағында алғаш рет табылған сақ акинагы.

2023 жыл көптеген мерейтойлы даталар мен мерекелерге толы. Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен 2023 жылғы мерейтой иелері мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде 18-19 ғасырлардағы сирек кездесетін және құнды кітаптар, Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, Абылай ханның 310 жылдығы, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған арнайы ақпараттар ұсынылады. Кітап көрмесіне арнайы шолуды М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК  қызметкері Назира Ташкина жүргізді.

«ҚТЖ» АҚ «Әдет-ғұрып» киіз үйінде Көкшетау қаласының тарихы музейі жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары мен жұмыстарын ұсынды. Киіз үй ішінде бесік, сандық, кебеже, жүк аяқ  және т.б. қазақ халқының тұрмыста пайдаланған ұлттық заттары қойылған. Сонымен қатар, киіз үйде ерулік, қымыз ашыту сияқты қазақтың әдет-ғұрыптары жайлы сөз қозғалды. Өнер туындыларымен экскурсияшылар Күнсұлу Нұрғалиева мен Гүлмира Зарапова  таныстырды.

Келушілер өңіріміздің үздік жоғары оқу орындарының бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің киіз үйін тамашалады.

«Тыныс» АҚ-ның «Ұлттық бұйымдар» киіз үйінде облыстық халық шығармашылығы мен мәдени демалыс орталығы және Қазақстан дизайнерлерінің «Томирис» ұлттық бренд желісінің зергерлік бұйымдары мен әшекейлері көрмесі ұсынылды. Қазақ халқының қайталанбас ерекше әшекей бұйымдарымен экскурсияшы Аққу Есжанова таныстырды.

Қазақ халқының ұлттық киімдері көрмесімен «Атамекен» Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының киіз үйінде Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Аягөз Махметова таныстырды.

«Ұлттық өнер» деп аталатын «Казрост» ЖШС-нің алтыншы киіз үйінде Әдебиет және өнер музейімен жергілікті қылқалам шеберлері Айсұлу Қадыржанова, Ольга Мюллер, Өмірбек Жұбаниязов, Бақытнұр Бурдесбекова, Роберт Хиттиктің туған өлке, туған жер тақырыбындағы керемет өнер туындылары ұсынылды. Жиналған қауымды әдебиет және өнер музейі қызметкерлері Нұрболат Әлменов пен Бақытбек Бекмұрат таныстырды.

«Былғары, тері» деп аталатын «Altyntau Kokshetau» АҚ-ның киіз үйінде жергілікті қолөнер шеберлерінің былғары мен теріден жасалған  бұйымдары ұсынылды. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсияшы Вероника Антипова мен Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Аягөз Махметова көкшелік тұрғындарды арнайы көрмемен таныстырады.

«Ұлттық құндылықтар» деп аталатын  Ақмола облысының  дене  шындықтыру және спорт басқармасының киіз үйінде Ақмола облысының атақты спортшылары мен спорттық жетістіктерге арналған арнайы көрмесі ұйымдастырылды.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Салт-дәстүрлер» деп аталатын киіз үйінде Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістерінің қатысуымен қазақ халқының «Тұсау кесу» әдет ғұрпынан көрініс ұсынылады. Іс-шара барысында тәй-тәй басуға ұмтылған Арғын Әлтаир есімді бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Киіз үй маңына арнайы алтыбақан орнатылып, кішкентай балаларға асық ату ойындары ұйымдастырылды. Осылайша, келушілер қазақ халқының қайталанбас қолөнер туындылары, тұрмыс салт бұйымдарымен жақынырақ танысу мүмдігіне ие болды.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік алаңында спорттың жеті түрінен – дартс, асық ату, масс-рестлинг, гір көтеру, армрестлинг, батырлар күресі және катар-көтеруден спартакиада өтті. Ең қызықтысы батырлар сайысы мен қошқар көтеру болды. Көкшетау қаласының тұрғыны Дмитрий Савон ең мықты батыр ретінде танылды. Қошқар көтеру сайысында Рустам Зынданұлы қошқарды 61 мәрте көтеріп, өзгелерщді шаң қаптырды. Жарыстың демеушілері – Nord MMC автосалоны мен Chery дилері және Ақмола облысы ішкі саясат басқарманың «Жастар ресурстық орталығы».

«Жайлау», «Сарыарқа», «Бірлік», «Автоқалашық» шағын аудандарының тұрғындары үшін «Наурыз мейрамы – Ұлы даланың ұлағаты» атты көшпелі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Ұлттық мәдениетті, ата-бабаларымыздың ұлттық мұрасын және ұлттық кодын сақтау мақсатында «Абылай хан» алаңында мерекелік безендірілген киіз үйлерде келушілер назарына ұлттық құндылықтар, музыкалық аспаптар, ұлттық әшекейлер мен салт-дәстүрлер бойынша арнайы көрмелер ұсынылды.

Қала тұрғындары мен қонақтары сонымен қатар «Ұлттық тағамдар» деп аталатын Ақмола облысының білім басқармасының киіз үйін де тамашалады.

Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарына Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония әртістері, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актерлері, «Көкшетау», «Достар» мәдениет сарайларының шығармашылық ұжымдары, облыстың үздік көркемөнерпаздар ұжымдары, би ансамбльдері, театр әртістерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлық мерекесі» атты ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Облыстың әр шалғайынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күміс күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көпшілік көңілін шалқыта түсті.

Мерекелік іс-шара қонақтарына наурыз көже, құрт, бауырсақ, сондай-ақ 1000-нан астам қызғалдақ таратылды.

А.АЙҒАРА