1970-1982 жылдарғы Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Азнабай Әбілмәжіновтің туғанына 100 толуына орай Краснояр селосында мәдени-спорттық мерекелік іс-шара өтті.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы ел басына төнген нәубат пен Ұлы Отан соғысының қанды шайқастарында табандылық танытып, бейбіт өмірде халқына қалтқысыз қызмет еткен Азнабай Әбілмәжінов – нағыз қайсар, еңбекқор тұлға. Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымының «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» танымдық-тағылымдық жобасы аясында 1970-1982 жылдары Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, республикаға танымал қоғам қайраткері, ержүрек майдангер азаматтың 100 жасқа толуы құрметіне Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде салтанатты жиналыс, «Құлагер» атшабарында тоқ бәйге мен қазақ күресінен жарыс өткізілді.

«Көкше» мәдениет үйінің сахна төрін мерейтой иесінің жарқын бейнесі салынған панно безендіріп тұр. Ал, фойедегі көрме он бес жыл бойы Көкшетау ауданының билік тізгінін берік ұстаған іскер басшының ғибратты ғұмырнамасынан сыр шерткендей. Мұнда ел ардақтысы жайлы жазылған Өтелбай Елбергеновтың «Із бен біз» және Александр Татарскийдың «Өлке данқын асырғандар» кітаптары, құнды мұрағат – майдангердің өз қолымен жазған күнделігі, сирек кездесетін фотосуреттері қойылған. Ал, қазағымның көне тарихындай сақталған ақсақалдың жеке домбырасы, қамшысы мен ағаш таяғы да көзге оттай ұшырайды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Серік Жетпісқалиев атап көрсеткеніндей, іс-шараны өткізуге ұйытқы болған ардақты азаматтың әріптес шәкірттері, зиялы қауым өкілдері қаражат жинаса, Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласының әкімдіктері, Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі ұйымдастыру мәселелерін шешуге белсене атсалысты. «Көкше құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі, жаны дархан, қолы ашық азамат Ербол Жауаров мырза спорттық шараларға демеушілік жасап, 2 миллион теңге көмек беріпті.

Азнабай ағаның өмірлік серігі, асыл жары Балқия апа ұл-қызымен, келіндері және немерелерімен залға кіріп келгенде жиналған қауым ерекше құрмет көрсетіп қарсы алды. Солтүстік Қазақстан облысының Түшке ауылынан аталас туыстары мен Қызылту өңірінен бірге қызмет істеген әріптестері де мерейтой қуанышын бөлісу үшін арнайы келіпті. Ғасыр құрдасы Азнабай ағаның қоғамдық қызметі мен өмір жолы туралы баяндама жасаған Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының құрметті азаматы Шияп Әлиев те, құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Мәжілісінің экс-депутаты Владислав Косарев, қоғам қайраткері Әнуарбек Сағитов, аталас бауыры, ақын-жыршы Дәстан Абылайұлы, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Закриянов, Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Сансызбай Қалиев, КПСС ХХІV съезі атындағы совхоздың бұрынғы директоры Жеңіс Шүйкенов те ел ардақтысының адамгершілік қасиеттері жайлы тебірене естеліктер айтты. Бұдан кейін Шияп Әлиев салтанатты жиналысқа қатысушылар мен мерейтой иесінің отбасына арнаған облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын оқып берді. Осы тақылеттес жылы лебізге толы құттықтау хаттарды Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының әкімдері де жолдапты.

Кез-келген тойдың сәні балуан күрес пен ат жарысы ғой. Сол себепті жиналған қауым облыстық ұлттық спорт ойындары федерациясының президенті Марат Қойшин бастаған төрешілерге шынайы ризашылығын білдіріп жатты. Өйткені, ат жарысты кең көлемде өткізуге уақыттың аздығына қарамастан, тоқ бәйгеге Зеренді, Айыртау, Уәлиханов аудандары мен Көкшетау қаласы және Краснояр селосынан танымал сәйгүліктер қатысты. Жалпы ұзындығы 12  мың шақырымдық бәсекеде атбегі У. Усманов баптаған «Альжазир» сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып қиды. Бұдан кейінгі орындарды атбегілер Ә. Бекжанов, А. Бегембаев, Т. Махатов, К. Мазбаевтың «Дробыш», «Айбасар», «Самал», «Буга» сәйгүліктері иеленді. Жеңімпаз атанған шабандоздар Тілепберген, Диас, Әбілмансұр, Никита, Райым 50 мыңнан, 400 мың тенге мөлшерінде сыйақы алды. Қазақ күресінен өткен сайыстың басты ерекшелігі – оған республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген майталман боз кілем шеберлерінің қатысуы. Сол себепті теке-тірес жағдайда өткен бұл бәсекеде Әсет Жүнісов пен Леонид Станеевтің мерейі үстем болып, бірінші – екінші орынды еншіледі. Нұржан Гилмиденов, Еламан Қайыргелдинов болса үшінші орындарды иеленіп, жеңімпаздардың бәрі ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Көкшетау өнірінде бұрын – сонды болмаған думанды тойдың кейіпкері Азнабай аға Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық училищесінде алған біліміне сәйкес ұстаздық қызметін Красноармеец ауданында бастап, төрт жыл бойы майданның ауыр сынағынан сүрінбей өтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебінде оқып, саяси білімін жетілдіреді. Жан-жақты дайындығы мол білікті кадр, нағыз патриот азамат он жылдай Көкшетау облысының астықты өнірі – Қызылту аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып істегінде өзін талантты басшы, бұқара тәрбиешісі ретінде таныта білді. 1967 жылдың қаңтарында кадрларды алмастыру, яғни, ротация тәртібі бойынша Азнабай Әбілмәжінов Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, өнірдің экономикасын өркендетуде елеулі еңбек сінірді. Ол тәжірибелі басшы ретінде, Кеңестердің рөлін күшейту, оларды білікті кадрлармен, депутаттар корпусымен қамтамасыз ету және тұрғындармен күнделікті жұмыс жүргізу арқылы ғана барлық шаруаны тиісті деңгейге көтеруге болатынын жақсы түсінді. Уақыт өте келе, аудандық атқару комитеті төрағасының беделі аудан активі және тұрғындардың арасында ғана емес облыс көлеміне де танымал болды. 1968 жылдың күзінде Көкшетау обкомының бірінші хатшылығына атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің келуіне орай жергілікті ұлт кадрларының жұлдызы оңынан туып, лауазымды қызметке көптеп тартыла басталды. Ерекеңнің тарапынан қолдау-көмекті Азнабай аға да көрді. Сөйтіп, облыстық партия комитеті бюросының ұсынысымен 1970 жылдың қарашасында Азнабай Әбілмәжінұлы Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл қызметті Азекең он екі жыл атқарды.

Ауданды дамыту туралы қабылданған қаулыға сәйкес тұрғындар аз қоныстанған шағын ауылдарға қолдау көрсетудің қосымша бағдарламасы әзірленді. Осыған орай шылғи қазақ ауылдарынан КПСС ХХIV сьезі атындағы, аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігі мен Қызылсая совхоздары шаңырақ көтерді. Еңбек әулеті жалғастырылып, әр салада өз кәсіптері бойынша көптеген еңбек озаттары тәрбиеленді. Сартай Жұмағалиев пен Сертай Бектұрғанов Социалистік Еңбек Ері атанды. 1980 жылы Көкшетау ауданы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша Бүкілодақтық социалистік жарыста жеңімпаз атанып, КПСС Орталық Комитеті, СССР Министрлер Советі, ВЦСПС пен ВЛКСМ Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Аудан еңбеккерлерінің мұндай өрелі табысқа қолжеткізуінің басты кепілі бірінші хатшы Азнабай Әбілмәжіновтен бастап совхоз директорларының, мамандардың, әлеуметтік сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі дер едік. Өйткені, көреген басшы жұмыс бабында білікті кадрлардың бай тәжірибесі мен іскерлік қабілетіне көбірек арқа сүйейтін. Алды-артын тереңнен толғайтын азаматтың бойындағы керемет қасиеті өзі тәрбиелеген шәкірттерімен қай қиырда жүрсе де байланысын үзген емес. Ол кісінің асыл қазынадай сақтап жүретін «Қазақстан Компартиясы Көкшетау аудандық комитетінің түлектері» деген журналы болатын.

Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы, бірінші хатшы болып істеген он бес жылдың ішінде абзал ағаның қамқорлығын көріп, тәлімін алған қаншама жастар қанаттанып жетілді. Әсіресе, ол кісі жергілікті кадрларды өсіруге ерекше мән берді. Мәселен, қатардағы инженер Чапай Әбутәліпов Сәкен Сейфуллин атындағы совхоздың директорлығынан Көкшетау обкомының бірінші хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Ал, Мағауия Рахымбергенов МТМ-нің слесарынан совхоз комсоргы, райкомда нұсқаушы, «Бұлақ» совхозы парткомының хатшысы, аудан әкімі болды. Дарынды да білікті мамандар Әскербай Әлдиев, Ебраш Манатов, Жеңіс Шүйкенов, Дәрбай Ыбыраев, Әнуарбек Сағитов, Петр Вознюк, Владимир Завада, Алексей Неумывакин, Ербол Сағдиев, Нұрболат Шәріпов, Айтмағанбет Әбілмәженов, Талап Тоқмурзин, Александр Ежов, Омар Мырзагелдинов, Оралбек Бекішевтер кеңшар директоры қызметін абыроймен атқарды.

Көреген басшы Азнабай аға болашағы бар жастарды іскерлік қабілетіне қарап бағалайтын. Оларға көп сеңім артты. Мәселен, Шияп Әлиев Абай орта мектебінде директор болып екі жарым жылдай істесе де бірінші хатшының қамқорлығының арқасында аудандық оқу білімінің меңгерушісі, алты жылдан кейін райкомның насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бірінші хатшының ақыл-кеңесін зердесіне тоқи отырып, осы қызметті он жылдай мінсіз атқаруға тырысты. Тіпті, Қазақ ССР оқу министрлігі өткізген республикалық жарыста Ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған кездері де болды.

Азнабай аға менменшілдік пен жағымпаздықты ұнатпайтын. Кемшілік жібергендерді әділ жазалайтын. Жұмыстан тыс уақытта ол кісі өзін қарапайым ұстайтын, әсіресе, дастархан басында әзілдесіп отыратын. Жалпы өмірдегідей ол отбасында өзін қарапайым ұстайтын дейді көз көргендер. Ұлдары Ғалел, Жәлел, Мейірбек пен қызы Мираны мейірімділікке, адалдыққа тәрбиеледі. 1948 жылы отау құрған асыл жары Балқия жеңгей тұқым инспекциясында лоборант болып істесе де, үйдегі-түздегі шаруаны әйел затына тән ұқыптылықпен мінсіз атқарып, ерінің мәртебесін өсіріп отыратын. Тоқсанның үшеуіндегі кейуана қазіргі таңда қарашаңырақтың қорғанындай немере-шөберелерінің шаттығына бөленіп отыр.

Халқының алдында жүзі жарқын Азнабай аға майдандағы жауынгерлік ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін 2 мәрте «Қызыл жұлдыз», ІІ Дәрежелі Отан соғысы, төрт бірдей «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Краснояр селосындағы өзі тұрған көшеге есімі беріліп, үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Өмірдің санқилы сынағынан сүрінбей өткен қазыналы қария зейнеткерлікке шығардың алдында екі-үш жылдай облыстық автомобиль жолдары басқармасында бастық болып істеді. Алған беттен қайтпайтын іскер де табанды басшы өзіне тән ерік-жігермен бұл қызметті де жауапкершілікпен атқарып, Көкшетау ауданының елді мекендерін байланыстыратын жолдарды да жөндетіп беріпті. Ал, зейнеткерлікке шыққанда сыйға су жаңа «Волга» автокөлігінің кілтін алғанда әріптестерінің қуанышымызда шек болған жоқ. Өйткені, халқына жасаған жақсылықтың әрқашанда қайтарымы болары хақ.

Гәкку Бәйішева