Еліміздің 166 ауданынан 37 мың баланың арасында қатаң іріктеуден өткен 8-сыныптың 800-ден астам дарынды ауыл оқушылары елордаға «IQanat-2023» олимпиадасының Республикалық слетіне жиналды. Олардың арасында үздік атану үшін бақ сынайтын Ақмола облысының 52 дарынды ауыл оқушысы бар.

Еліміздің ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры ауыл балаларына сапалы білімге жол ашу мақсатында ұйымдастыруда. Соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушылары сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Қор бағдарламаларының түлектері – ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т.б. университеттерге түсуде.Бұл жоба Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ірі бизнес өкілдеріне қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуден шет қалмауға жасаған үндеуінің көрінісі.

Осылайша, IQanat әлеуметтік жобасын жүзеге асыру Қордың 100-ден астам қамқоршылары үлесінің арқасында мүмкін болды. Қамқоршылар – ауыл оқушыларына көмектесіп, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау ниетімен біріккен қазақстандық кәсіпкерлер.

Республикалық слёт а.ж. 22 маусымға дейін жалғасады.  Соңғы іріктеу кезеңінен кейін 120 жеңімпаз IQanat мектебіне тегін оқуға шақыру алады, ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылатын болады.

 «Көкше-ақпарат»