Көкшетауда аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің шығармашлық кеші өтті. Бір сахнада эстрадалық орындаушылар да, бишілер де, сонымен бірге ерекше жанр әртістері де өнер көрсеткен ансамбль үлкен танымалдылыққа ие болып, Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында дүркіреп тұрған. Бүгінде 50 жылдан аса тарихы бар өнер ұжымының құрамы жаңарып, гастрольдік сапарын Көкше жерінен бастады.

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Қапаш Құлышева, Қаламқас Рахимова, Айжан Нұрмағамбетова, Бақтияр Тайлақбаев, сонымен қатар қазіргі эстрада жұлдыздары Мадина Сәдуақасовалар осы ансамбльдің түлектері. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ өнерінің інжу-маржандарын паш етіп, қайда барса да «Қазақ мюзиклі жасасын!» деген мадақ сөздер естіп қайтатын ұжымның ізін жалғастырып, жаңа құрамның сахнаға шыққан сәті Көкшетаулық көрерменді қуанышқа бөледі.

Ансамбльдің жаңа құрамы Мәди Сыздықов, Салтанат Меңдіғалиева, Зарина Бажоқова, Дидар Әбдухалық және Рухия Байдүкенова сынды республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздарымен толықты. Өнер ұжымының мүшесі атану үшін кастингтен өтіп, топ жарған әншілер алғашқы концертіне үлкен дайындықпен келген. «Гүлдер» ансамблінің ендігі мақсаты жастардың жүрегінен ойып тұрып орын алу.

–Репертуарымызды жаңа әндермен толықтырып жатырмыз. Ескі әндерімізді жаңғыртып жатырмыз. Халықтың көңілінен шықты деген ойдамын. Өйткені халықтың қошеметіне қарағанда өте тамаша болды. Жастар тыңдасын деп, миы тазарсын деп жеңіл-желпі әннен ескі әндерді естісін деген мансаппен жаңа өңдеумен беріп жатырмыз, – деп атап өтті «Гүлдер» ансамблінің әншісі Мәди Сыздықов.

Ансамбль Көкшетаудан соң Қарағанды қаласының тыңдармандарымен жүздеспек. Содан кейін Алматы қаласында үлкен концерт өткізу жоспарланған. Облыс орталығы көрермендерінің ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымы жақын арада Көкшетауға қайта келуге ниетті.

«Көкше-ақпарат»