30 қаңтар – Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген күн. Елдің ертеңін ойлаған, болашақ ұрпақтың тыныш өмір сүргенін қалайтын әрбір адам баласы бейбіт заман орнату үшін бабалар жасаған ерлікті есте сақтайды, ерге құрметін көрсетеді, ерлік жасаған ерге алғысын айтады.

Ерлік үшін жаралған, ел мұратын өмірлік мақсатына айналдырған, өмірінде өшпес іс қалдырған халқымыздың абзал ұлдарының бірі – Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллиннің батырлық, ерлік істері талай ұрпағымызға патриоттық рухта тәрбие берудің үлгісі.

Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері Мәлік Ғабдуллин майдан тағдырын шешетін жауапты операцияларға басшылық жасады. Сондай бір ауыр тапсырма 1941 жылы Руза өзенінен немістерді Москваға өткізбеу еді. Сол жолы взвод автоматшылары көрші ротамен бірге жаудың шабуылын тойтару барысында қаптаған фашистердің қоршауында қалады. Мәліктің алғыр ақылы мен жауынгерлердің ынтымақ-бірлігі арқасында олар бұл тығырықтан шыға білді. Өздеріндей жау қоршауында қалған солдат топтарымен бірігіп, фашистердің мол қару-жарағын, яғни 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін қолға түсіреді. Әрі 27 фашист тұтқыны бар, 16 жаралы жауынгерін кезектесе көтере жүріп әупіріммен қоршауды бұзып өтіп, дивизиясына қосылады.

Енді бірде Ширяево селосының тұсында Мәлік Ғабдуллиннің 13 адамнан тұратын атқыштар ротасы фашистердің мұздай қаруланған бір батальонға жуық әскерін тоқтатуға жарлық алды. 5 танкісін беттеріне ұстаған жаудың қалың әскері лап қояды. Екі танкісі жанып, қыруар әскерін шығындап, «темір бекіністен» беттері қайтып, оқ нөсерін аямай төккен жендеттер кері шегінуге мәжбүр болады.

Бұл жолы да взводтың бірлігі мен қатал тәртібі арқасында фашистермен кескілескен ұрыста саяси жетекші М.Ғабдуллиннің автоматшылары ерекше көзге түсті. Немістің 2 танкісін қиратып, 150 жау солдатын жер жастандырып, Мәлік бастаған жауынгерлер темірдей беріктік, шын мәніндегі батырлық үлгісін көрсетті.

Ақыл-парасат, сабырлық, әділдік, шыдамдылық, қайсарлық бойына берік ұялаған Мәлік соғыста жауды қырудың, онан айласын асырудың әдісін аз уақытта шебер меңгеріп, жауынгерлерін де фашистермен шайқасқа жолбарыстай тайсалмай ұмтылуға баулиды.

Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой былай деп суреттейді: «Мәлік – батыр әрі күшті, әрі ержүрек дейді. Қыр түлкісіндей айлакер, ақбөкендей саққұлақ, жау дүрсілін қырымнан біледі. Ақ тұйғындай қырағы, бұққан жауды қиядан көреді. Темірдей қатты білектері неміс төбеттерін қырудан қалжыраған емес: қанша қырса, сонша күшейе береді. Үрейі ұшқан немістер Мәлікті көрген жерден-ақ зыта бастайды».

1943 жылдың қаңтарында Жоғарғы әскери басшылықтың шешімімен 1075-полктың комиссарлығына тағайындалғанша Рыбушкин, Ширяева, Старая Руссо жерінде, Бородино деревнялары, Холм қаласы түбінде, Новосвинухова селосы үшін болған жан алып, жан беріскен алапат соғыстардың жуан ортасында айқасып, автоматшыларымен бірге қайталанбас ерлік шежіресін жазды.

Әр қас-қағымы сергектікті, жинақылықты, сақтықты, өлімнен қорықпауды, жанқиярлықты қажетсінетін соғыстың қатал талабын үйрене жүріп Мәлік Ғабдуллин өзі де «ерлік мектебін» осылайша қалыптастырды. Ерлік жолы атаусыз қалмады. «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.

1943 жылғы 30 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының жарлығымен «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берілді.

Ол өзінің 1943 жылғы жетінші наурызда майданнан елге жазған хатында: «Маған «Совет Одағының Батыры» деген атақты беруге байланысты таныстардан, жолдастардан, кейбір мекемелерден майдандағы жауынгер достардан көптеген хаттар, телеграммалар алдым. Бәрі де мені құттықтап жатыр. Хаттарды жазушылар әртүрлі адамдар. Олардың ішінде қолына қару алып жаумен соғысып жүрген жігіттер, ғылым адамдары, оқытушылар, комсомолдар мен пионерлер, кемпір-шалдар, қыз-келіншектер, колхозшы мен жұмысшылар, ақын-жазушылар, т.б. бар. Бәріне де жауап беріп шын көңілден алғыс айтудамын.

Батыр атағына ие болған мен емеспін. Ол – қазақ халқына берілген атақ. Неге десең, менің аты-жөнімді біліп жатқан адам аз, қазақ деген халық барлығын білетіндер көп. Майданда бір жауынгер ерлік жасай қалса, онысы көпке тарай бастаса, жұрттың ең алдымен сұрап білгісі келетіні: «Сол адамның ұлты кім екен?» деген болады. Сондай-ақ, майданда жүрген қазақ жігіттері жаумен жақсылап соғысса, ол өз қара басының ғана емес, халқының атағын шығарады.

Менде Батыр атағын аламын, ордендер алайын деген ой болған емес. Бар ойлағаным: мені еркек кіндік азамат деп халқым қолыма қару беріп майданға аттандырды, жақсылап соғыс, қорықпа, ата-бабаның аруағына жаман сөз келтірмей соғыс, мұны сенің ар-намысыңа тапсырамыз деген еді. Мен сол міндетті орындауға күш салдым. Бұл міндеттерді толық орындадым деп айтуға болмайды. Әлі де істелетін істер көп. Қасықтай қаның қалғанша халқың үшін қызмет етуден артық нәрсе дүниеде жоқ деп білемін».

30 қаңтар – Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген күнге орай музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жылдағы дәстүрлі үрдісті жалғастырып, Мәлік Ғабдуллин атындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына жаңа мүшелер қабылдаудың салтанатты рәсімі өтеді және М.Ғабдуллиннің неміс-фашист басқыншыларымен болған шайқаста көрсеткен ерлігінің 80 жылдығына арналған «Ерлікті есте сақтау және ерлікке алғыс» тақырыбында Ресей Федерациясы Холм жерінде өтетін Халықаралық конференцияға музейдің ғылыми қызметкерлері Zoom бағдарламасы арқылы Қазақ елінің батыры, Көкше жерінің ер тұлғасы Мәлік Ғабдуллин ерлігін бейбітшілік жақтаған адамзат жадында жаңғырту мақсатында қатысады.

Міне, «Тау алыстаған сайын биіктей береді», – дегендей Мәлік Ғабдуллиннің есімі де жыл өткен сайын еліне, халқына қадір-қасиеті арта түсуде.
Батыр боп жаудың бетін қайтарып ең,
Ұстаз боп бейбіт күнде жайқалып ең.
Қазақтың тұңғыш туған батыры деп,
Қашанда мақтанышпен айтарым ең, – деп ақын Кәкімбек Салықов ағамыз жырлағандай, Мәлік Ғабдуллин – ерекше құрмет тұтар ардақты жан.

Жанат ҚАЖЫБАЙ,
М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері