Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген рухы биік қайсар елдің мекені. Қазіргі таңда біз өркениетті, кемелденген, тәуелсіз, егеменді, өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең өмір сүрудеміз. Еліміздің мамыражай бейбіт тірлігі, төріміздегі Ата заң, көгіміздегі азаттықтың көк байрағы, ұлттық теңгеміз – осының бәрі тәуелсіз ел екендігімізді көрсетеді.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 36 жыл толуына байланысты Қалалық орталық үлгілі кітапханасында «Еркіндігім – елдігім, Тәуелсіздігім – теңдігім!» атты Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу кеші өтті. Кешке Желтоқсан куәгерлері – Жарылғасов Дәуренбек Қасымұлы, Нұрғалиев Сағат Лашынтайұлы, Нұрбаев Мереке Олжабайұлы, Жарылғасов Алтынбек Қасымұлы, Қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері қатысты.

Мерекелі шараның құрметті қонақтары ретінде шақырылған желтоқсан оқиғасының куәгерлері кешке жиналғандарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздіктің бастауына айналған оқиғаның маңыздылығы турасында кеңінен әңгімеледі. Әр қатысушыға жүргізуші жеке-жеке сұрақтар қойып отырды. Кеш барысында Оспанова Бибігүл Қайыргелдіқызының жетекшілігімен «Қайнар» аулалық клубының домбырашылары «Еркесылқым» күйін тартып, гитарашылар тобы «Қазақстан» әнін шырқап берді. Кешке қатысқан студенттер келген қонақтарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Кеш соңында Желтоқсан куәгерлері қонақтарға жақсы лебіздерін білдіріп, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болуын тіледі.

«Көкше-ақпарат»