Халықаралық волонтерлер күні аясында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен еріктілермен кездесу өтті.

БҰҰ Бас ассамблеясының бастамасымен 1985 жылдан бастап 5 желтоқсанда волонтерлердің халықаралық күні атап өтіледі.

«Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар» – деп жазған болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шынын да ерікті болу – ерлік. Мұқтаж жандарға қол ұшын тигізіп, жәрдемдесу байқала бермейтін ерекше қасиет.

Аталған шараға Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, жастар ұйымдарының басшылары мен көшбасшылары және волонтерлік ұйым өкілдері қатысты.

Волонтерлер өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстары жайлы есеп беріп, келер жылғы жоспарларын бекітті.
«Ақмола облысының волонтерлері биыл орасан зор жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырды. Өңірде 3600-ден астам ерікті 89 волонтерлік ұйымда белсенді жұмыс атқаруда. Волонтерлер өз қызметтерін аталмыш 9 бағыт, атап айтсақ, «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Umit», «Saýlyq», «Күміс волонтерлік» және «Корпоративтік волонтерлік» бойынша жүзеге асырып жатыр. Күміс, авто және зоо волонтерлік сияқты бағыттары да қарқынды дамуда. Аталмыш бағыттар бойынша еріктілердің қатысуымен өңірде 1282 іс-шара іске асырылды. Еріктілердің бастамасымен облыста мұқтаж жандарға 21 120 000 теңгені құрайтын қаражат жиналды. 807 отбасына азық-түлікпен және демеушілік көмек көрсетілді.

«Доброе сердце Lider.kz», «Lider.kz», «Феникс», «Қазақстан студенттері Альянсы» Ақмола облыстық филиалы және «Қызыл ай» ҚБ өз жобалары бойынша жоғары деңгейде жұмыс атқарды», – дейді облыстық «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің маманы Дидар Хамзин.

Шара барысында Сабырхан Кенжебаев волонтерлерді атаулы күнмен құттықтап, белсенділерді облыс әкімі, ішкі саясат басқармасының басшысы және «Ұлттық волонтерлер желісі» атқарушы директорының атынан алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Сондай-ақ, атаулы күн шеңберінде өткізілген байқаудың нәтижесі бойынша «Доброе сердце Lider.KZ» ҚБ басшысы Ирина Катухова – «Жыл волонтері-2023», «Феникс» ВО мүшесі Даниал Қуанышбекұлы – «Жас волонтер-2023» және Атбасар қаласының «Лутошкиндер отбасы» бастамашыл тобының мүшесі Марина Лутошкина – «Кәсіби волонтер-2023» аталымдарының жеңімпаздары атанды. Байқау жеңімпаздары дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында қатысушыларға арнап, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі