Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасы ұйымдастырған «Елім деп соққан жүрегі…» атты еске алу кеші Қазақстанның құрметті журналисі, ақын-жазушы Мәтен Бижановтың 85 жылдығына арналды.

Журналистиканың жампозы Мәтен Өтешұлы Бижанов 1937 жылы бұрынғы Көкшетау Көкшетау облысының Зеренді ауданы Қарабұлақ ауылында дүние келген. Қарымды қаламгер, журналист, жазушы, ақын Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдаған, кейін Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Еңбек жолын Зеренді ауданының «Социалистік жол» газетінде корректор болудан бастаған. 1962-1970 жылдар аралығында «Қызыл ту», «Көкшетау правдасы» газеттерінде жұмыс істеген. Бұрынғы Торғай  облысы тұсында «Торғай таңы», Көкшетау облысының «Көкшетау» газеттерінде редактор  болған, 2001 жылдан бастап өңірлік тәуелсіз «Бұқпа» газетінде бас редакторлық қызметті абыроймен атқарды. Шығармашылығына үңілер болсақ, Мұрад Аджидің «Қыпшақтар» кітабын қазақ тіліне аударған. Әр жылдары жарық көрген «Ескі дәптер», «Ой-көкпар», «Ой-тұтқа», «Ой-толғақ», «Ой-тұмар» «Ақбұлақ»,  «Көкжелке» атты кітаптары келер ұрпаққа үлкен мұра.

– Бүгінгі еске алу кеші Қазақстанның құрметті журналисі, ақын-жазушы Мәтен Бижановтың өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа таныстырып, оның шығармашылығы арқылы ұлтжандылыққа, әдебиетті сүюге, жергілікті ақын-жазушылардың туындыларына қызығушылықтарын оятуға ықпал ету, М.Бижановтың азаматтық, адами қасиеттерін үлгі ету және бойларына Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік сезімдерін ұялату мақсатында ұйымдастырылып отыр, – дейді қалалық қазақ кітапханасының қызметкерлері.

Тағылымы мол, ғибратқа толы мазмұнды да, мағыналы кешке Мәтен Өтешұлының жары Жаңыл Мейрамқызы, замандастары, белгілі журналистер Балталы Сәрсенбаев, Сайлау Көшкенұлы, тәуелсіз «Бұқпа» газетінде қызметтес болып, Мәтен Бижановтың тәрбиесін көріп, шекпенінен шыққан, оның ізінен ерген қаламдас інілері – әдебиеттанушы ғалым, журналист, ақын-жазушы Ерболат Баят пен ақпарат саласының үздігі Рамазан Тілеуов, М.Бижановтың отбасылық досы,  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Сайлаубай Ибраев пен туған-туыс, дос-жарандары және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Еске алу кешін Мәтен Бижановтың шәкірті әрі қаламдас інісі, ақын-жазушы, журналист, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев ашып, Мәтен Өтешұлының жан-жақты шығармашылық қырын, адамгершілігі мен кісілік қасиеттерін, ағаға ізетті іні, ініге ақылман аға, досқа адал, туысқа бауыр бола алатын азамат екендігін ақтарыла айтты.

– Мәтен ағамыз – үлкен журналист, екі облыстық газеттің бас редакторы болған, азаматтылығы мықты қаламгер, сатирик жазушы, ақын еді, бірақ өзін негізінен журналист санайтын. Осы өңірдегі көптеген журналистердің ұстазы, менің де ұстазым еді. Алғашқы бітірген университетім ҚазМу болса, Мәтен ағаның тәлім-тәрбиесі менің екінші университетім деп санаймын. Мәтен аға қаламына да, айтқан сөзіне адал азамат еді. Аузында елдің сөзі, жазатыны тек шындық пен адалдық болды. Сондағы менің таң қалатыным, ол кісі талай жылдар социализм мен коммунизмнің сойылын соққан газеттерде редактор, партияның белді идеологы бола тұра, ұстанымы мен көзқарасы, айтары мүлде басқа, жаңаша бағыттағы аймақтық тәуелсіз «Бұқпа» газетін қалыптастырып, үйіріп әкеткені. Өмір бойы жасап келе жатқан жұмысын, бағытын елдің қамы үшін өзгерте алды. Бұл оның ұлтқа, халқына деген сүйіспеншілігінің, адалдығының, азаматтығының айғағы деп білемін. Қыстың күні басына папахасын, үстіне қара пальтосын киіп, қолына қара портфелін ұстап, редакцияға кіріп келе жатқанындағы оның бейнесі маған Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсыновты елестететін. Себебі, оның көздегені де ұлт қамы еді, – дей келе Серік Сапарұлы Мәтен Бижановқа арналған «Кешіргін кей сөзіңді тыңдамасам» атты өлеңін оқып берді.

Сонымен қатар кеш барысында Мәтен Өтешұлының жары Жаңыл Мейрамқызы, досы Сайлаубай Ыбыраев, замандастары Сайлау Көшкенұлы мен Балталы Сәрсенбаев сөз сөйлеп, қаламгермен сыйластықтары мен достықтары, әріптестік-жолдастықтары жайында әңгіме өрбітті. Осы жерде Балталы Сәрсенбаев ағамыз Көкшетау қаласында «Қаламгерлер аллеясын» жасауды, қалалық кітапханалардың бірінде Мәтен Бижановтың атындағы орталық ашуды ұсынды. Көрнекті ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалым, бір кездері «Бұқпа» газетінде еңбек еткен Ерболат Баят өз кезегінде М.Бижановпен қалай танысқаны, өзіне көрсеткен ағалық қамқорлығы мен сол бір кезеңдердегі қызықты оқиғаларды ерекше әсерлі әрі қызықты етіп, айтып берді.

– Мәтен ағамыздың бір қасиеті сол – ол кісінің туған жеріне деген асқан сүйіспеншілігі мен махаббаты ерекше еді. Бір күні жұмысқа келсем, Мәтен ағам көңілсіз, жыларман болып отыр екен. «Аға, не болып қалды?», – деп сұрап едім. «Қасқатауым өртеніп жатыр екен», – деп көзіне жас келді. Мәтен ағаның туған жеріне арналған «Қасқатау» деген поэмасы да бар, – деп, «Бұқпа» газетінде бірге қызмет еткен кездерін ерекше толғаныспен, сағынышпен еске алды Ерболат Баятұлы.

Кеш барысында жиналған қауымға Мәтен Бижанов туралы бейнеслайд пен бейнесюжет ұсынылып, кітаптары қойылған танымдық көрме ұсынылды және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінің студенттері  ақын Мәтен Өтешұлының өлеңдерінен үзінділер оқып, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Мәтен Бижанов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған әдеби байқаудың жүлдегері, «Құрмет белгісі» орденімен, «Мәдениет қайраткері» және «Қазақстанның құрметті журналисі» құрмет белгілерімен марапатталған.

Ботакөз ТӨЛЕПБЕРДІ,

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының кітапханашысы